ҰҚК басшысы қазақстандықтардың жеке деректері не себепті сыртқа шығып кеткенін түсіндірді
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің сыртқа шығуына және елдегі байланыс операторларының желілеріне хакерлердің енуіне қатысты жағдайға жеке-жеке тоқталып өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазинформ порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Ермек Сағымбаевтың айтуынша, адамдардың жеке деректерін тарату туралы фактілерді ұлттық қауіпсіздік комитеті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбас бұрын әшкерелеген.
"Уәкілетті министрлікпен және байланыс операторларымен бірлесе отырып, олқылықтарды жою және залалды азайту жұмысы жүргізілді. Мұндай шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан топтардың еліміздің аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қарсы жасаған қылмыстары бойынша 10 қылмыстық істі тергеп жатыр. Осы санаттағы істерді тергеудің ең қиын бөлігі – хакерлер мен шабуылдар көздерін анықтау", – деді Ермек Сағымбаев.
Комитет төрағасы келешекте қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне осындай әрекеттерді жасағаны үшін жауапкершілікті қатайту бөлігінде түзетулер енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
"Екіншіден, қазақстандықтарды алаңдататын мәселе – интернет-алаяқтыққа тоқталып өтсек. Уәкілетті органдар шабуылдаушыларға қарсы тұру үшін бірқатар шара ұйымдастырды. Тиісті заң жобасы парламент мәжілісінде талқыланады. Бұл жұмысқа ұлттық қауіпсіздік комитеті де атсалысып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздік – жаңа шешімдерді үнемі іздеу. Заманауи технологиялардың болуы қауіпсіздікке 100% кепілдік бермейді. Цифрлық әлем күн сайын өзгеріп жатыр, тиісінше киберқылмыскерлердің мүмкіндіктері де дамып келеді. Біздің басты міндетіміз – осы "сайыста" артта қалмай, бір қадам алда болу", – деп түсіндірді ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында отандық бағдарламалық әзірлемелердің, сондай-ақ жасанды интеллект тетіктерінің қолданыла бастағаны қуантады дейді Ермек Сағымбаев.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандықтардың жеке деректері тарап кетуіне қатысты басталған тергеу жайлы мәлімет берді. Қазақстан азаматтарының жеке деректері жария болуына шетелдік барлау қызметінің қатысы жоғы анықталды.