Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Вакцинация туралы мәліметтер әлі қағазға жазылады": Сенат депутаты екпе егу мәселелеріндегі кемшіліктерді атады

Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты деп мақтанғанымызбен, вакциналау туралы мәліметтер әлі қағазға жазылуы болуы түсініксіз жағдай. Осылай деген сенат депутаты Бибігүл Жексенбай қызылшаға қарсы екпе салу мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенатор премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы қызылшаның жаһандық індетіне қатысты мәліметті жариялап, Қазақстан ауру жұқтырғандар саны бойынша алғашқы үштікке енген. Қазір елімізде қызылша жұқтырғандар саны 21 мыңнан асқанын айтты. 

“Қазақстанда вакцинация проблемасы бір сәтте пайда болмаған. Жұқпалы дерттің басты себебінің бірі – екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы, нәтижесі сараланып, жасалмай келе жатқандығы", – деді Бибігүл Жексенбай. 

Депутат елде бар вакциналардың өзі кеңінен таралмағанын айтты. Тіпті егу қызметінің сапасы да төмен деген баға берді. Сондай-ақ ауылдарда медициналық персонал мен құрал-жабдықтардың жетіспеуі де балаларды уақтылы вакциналауды қиындатып отырғанын атап өтті. 

"Одан бөлек, діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартқандармен жұмыс пәрменді жүргізілмейді. Екпе жасалуы туралы мәлімет пен көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән бар. Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты деп мақтанғанымызбен, вакцинация туралы мәліметтер әлі қағазда жазылуы болуы түсініксіз", – деді сенатор.

Сенатор Үкіметтің бұл мәселені шешуге жылдар бойы немқұрайлы қарағанына наразылығын жеткізді және жағдайды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. 

“Ең алдымен, жағдайды жақсарту үшін қоғамда вакцинацияның маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аймағында жоғары сапалы вакциналар мен денсаулық сақтау қызметтеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етіп, арнайы мобильді медициналық топтарды ұйымдастыру керек. Үшіншіден, вакцина сапасы мен оның мерзімі өткендерін жоюды қадағалауды барынша күшейту керек”, – деді сенатор.

Талқылау