"Төрде отырып, түк бітіріп жатқан жоқ": Бір топ дәстүрлі әнші "Қазақстан дауысы" жобасындағы тәлімгерлерге шүйлікті
“Қазақстан дауысы” жобасындағы тәлімгерлердің басы дауға қалды. Бір топ дәстүрлі әнші “төрт тәлімгерді орындаушылықты дұрыс талдай алмайды” деп сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Сүгір жырау қашан әйел болып еді?” деген сөзді бір тәлімгерден естімедік.
Даудың басы жоба қатысушысы Толғанай Пазылақынның орындаған “Ақсұңқар” халық әнінен басталды. Айгүл Елшібаева үміткердің шырқаған әнін “халық әнін орындаудағы заңдылық сақталмаған” деп есептейді.
“Қазақстан дауысы” бағдарламасында эстрадалық өңдеуге түскен қазақтың халық әндерінің әуендік заңдылықтары, әуені неге сақталмайды?! Кім жауап береді?! “Ақсұңқар” әні әуен сазынан ауытқып кеткен. Америкалық әнші Стинг пен Чеб Мамидың Desert Rose әнін мәнерінен Сібір халықтарының кеңірдегіне салып, Маңғыстаудың “үй-үй” деп қайыратын одағай қайырымымен бітірді. Бұл әнші әншілігін көрсету үшін, Стинг пен Чеб Мамидың Desert Rose әнін салғанда әншілік қырын әлдеқайда көруге болар еді. Қазір осы кеңірдекпен ән айтуды қазақтың әншілік мәнеріне әкеліп жабыстырмаңдар! Егер әншінің мүмкіншілігі болса, Сібір халықтарының әуендерін айтсын. Бірақ қазақтың ертеден келе жатқан ән айтуы деген өтірікті қойыңдар. Қазақтың әнін басқа ұлттардың ән айту мәнерімен шатастырғанда не ұтамыз?! Қазақтың ұлттық музыкасының әнінің қайырымы бөлек, жырының қайрымы бөлек екенін айтатын, “Қазақстан дауысының” сарапшылар қатарына қазақтың әнінің майын ішкен өресі бар әншіні неге отырғызбасқа?!” – деп ренжіді әнші.
Сондай-ақ өнер иесі жобаға тәлімгерлік ететін дәстүрлі ән мектебінің бір өкілі жоқ екенін айтты.
“Жоба продюсері Динара Адам өзінің жобасындағы әншілерді ғана әділқазы еткен. Ал олардың дәстүрлі әнші емес екендері анық. Қазылар алқасының құрамында дәстүрлі әншісі отырмағасын, мұны талдап айтуға өресі жетпейтінін қайдан білсін?!
Алдыңғы бағдарламада, бір әнші Сүгірде “әпкем-ай келді” деп, атақты Сүгір жырауымызды әйел адамға айналдырып, айды аспанға шығарып еді.
“Сүгір жырау қашан әйел болып еді? деген сөзді бір сарапшыдан естімедік. Мынау не масқара?! Қазақтың халық әндерін эстрадаға салып, артық қылам деп тыртық қыла берсең, ертеңгі ұрпаққа ұлттық әнімізді, қазақы колоритті қалай жеткіземіз?” – күйінді дәстүрлі ән мектебінің өкілі.
“Әлемге ұялмай көрсететін орындаушылық” деп баға берді
Сонымен қатар әнші, термеші Сәуле Жампейісова да тәлімгерлерді “өмірі халық әнін естімегендей кейіп танытады” деп айтыптады.
“Қазақстан дауысы” дейтін шоу бағдарламадан хабарым бар. Себебі, бұл хабар біраздан бері жүріп келе жатыр. Эстрадада жаңа есімдерді танытуға, жас таланттардың өнеріне жол ашуға мұндай бағдарлама керек шығар.
Бірақ… Әнші қыздың орындауындағы өзіміз орындап жүрген сүйікті әніміз “Ақ сұңқарды” тыңдап, не айтарымды білмей отырмын. Жас әншілердің халық әндері мен халық композиторларының әндерін орындауларына қарсылық жоқ! Бірақ… “Қазақстан дауысының” төрт тәлімгері өмірінде қазақтың халық әндерін естімегендей, естісе де бірінші рет естіп отырғандай, ауыздарын ашып, көздерін жұмып, тамсанып, “Міне, әлемге шығарып, ұялмай көрсететін орындаушылық” депті. Тыңдап отырып ұялдым”, – дейді ұстаз әнші.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлушаш Нұрмағамбетова да пікір білдіріп, жоба қатысушысының дауысына жоғары баға берді.
“Негізі дауысы керемет-ақ, бірақ бұзбай айтса одан да күшті болар ма еді?! Димаш ешнәрсе қоспай-ақ қазақтың әндерін тым жақсы айтып жүр ғой. Басында тыңдағанда шетелдің әншісі ме деп қалдым. Не болды сонша ұлып?!” – дейді өнер қайраткері.
Желі қолданушылары үміткердің орындаушылық шеберлігін жарыса мақтап жатыр.