Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіл мәселесіне келгенде эмоцияға беріліп, қарадүрсін қарауға болмайды": Сарапшылар жақында өткен Ассамблея сессиясына қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында білдірген ой-пікірлері қоғамда қызу талқылануда. "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессияда Мемлекет басшысы "Қазақстан тіл мәселесіне келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуы керек” деп айтқан еді. 

Фото: kuda-mo.ru

"Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз", "Қазақстанның халқы біртұтас" деген қағидаттар көрініс табуға тиіс. Бұл – мызғымас әрі берік қағидаттар. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік" деген сөздерді қадап айтты. Болашақты бағамдаған сессия жұмысына қатысты сарапшылар пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қалалық өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова, елдегі тұрақтылық барлық мақсат-міндерден де маңызды деген тұжырымдарымен бөлісті. 

"Қазақстанда күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің жай-күйі, даму деңгейі, қолданылу аясының өрісі екені рас. Бұған мемлекеттік тілдің өз конституциялық деңгейінде қолданылмай келе жатқандығына қоғамның бір бөлігінің көңіл толмаушылығы себеп болып отыр.

Осы орайда Мемлекет басшысы үнемі алқалы жиындарда, әсіресе ішкі саяси мәселелерге, ұлттық құндылықтарға арналған үлкен мінберлерде мемлекеттік тілге қатысты мемлекеттік ұстанымды ерекше атап өтеді. Соның бірі таяу арада өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысында ҚР Президенті Қ. Тоқаев: "Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болу керек" – деген болса, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында "Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетті. Қазақстанда да солай" - деп, айтылған жайтта стратегиялық ұстамдылық пен толеранттылық қажет екендігіне тағы да назар аударды", - дейді Әсел Назарбетова.  

Сарапшының айтуынша, елдегі тіл тақырыбын ушықтыру арқылы тұрақсыздыққа, арандатушылыққа тап болуымыз ықтимал. Қазіргі таңдағы сыртқы факторлардың және қауіп-қатерлердің жоғарылығын ескеретін болсақ, аталған мәселеде қоғам мүшелері тарапынан үлкен түсіністік пен жауапкершілік керек. 

"Мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда әлдеқайда жақсарғанын мойындауымыз қажет. Оның дәлелі 2022-2023 оқу жылындағы жалпы бітірушілер саны 177 мыңға жуық болса, оның 120 мыңнан астамы (68 пайызы) қазақ тілінде білім алғандар. Ал, 1993 жылы жалпы оқушылар саны 3101420 болса, оның 1153730-ы қазақ тілінде оқыған (37 пайызы). 2022-2023 оқу жылында республика бойынша жалпы мемлекеттік мектеп саны 6909 болған, оның 3743 қазақ тілінде, 1055 орыс тілінде, 2106 аралас тілде білім береді", - дейді Әсел Назарбетова. 

Сарапшының пайымдауынша, бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілдің ахуалы тиісті деңгейде демографиялық факторлардың ықпалымен дамып келе жатқандығын байқатады. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бағдарламалар, әсіресе тіл жанашырларының бастамаларымен  жасалып жатқан түрлі бағыттағы жұмыстар, іс-шаралардың да берері мол. Мысалы, "Қазақ тілі қоғамының" жұмысы, "Qazaq tili" эндаумент қорының құрылуы, шетел университеттерінде қазақ тілін оқыту курстарының ашылуы, қазақ тілінің тұтынушылар мен ғылым тіліне айналып, технологиялардың қазақша ойлай бастауы мемлекеттік тілдің болашағына құйылып жатқан инвестиция. 

"Қуанарлық жайт, Қазақстанда екі тілді, тіпті үш тілді жастар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген шынайы құрметін білдіреді.  Мұның бәрі өз кезегінде креативті индустрияның арқасында қалыптасып келе жатқан заманауи үрдіс. Мемлекеттік тілді дамыту бағытында әртүрлі сала мамандарының атқарып жатқан сырт көзге көріне бермейтін толағай еңбектерінің жемісі ретінде біз қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне, ақпараттық технологиялардың тіліне, әлемдік стандарттарға сай оқыту методикасы қалыптасқан тілге айналатынына кәміл сенеміз", - деп ой түйіндеді сарапшы. 

Еске салсақ, бұған дейін мемлекеттік тілді желеу етіп шу шығарып жүрген азаматтардың әрекетін президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алған еді. "Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін агрессия мен алауыздықты қарсы құрал ретінде қолданудың еш қажеті жоқ" деген пікірді саясаттанушы Жомарт Сімтіков те құптайды.  

"Шындығына келсек, тіл тақырыбы - өте нәзік тақырып. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде бұл мәселеде жан-жақты ойланып, байқап сөйлеп, абайлап қорытынды шығару керектігін тағы еске салды. Жалпы сол тұрғыдан алып қарасақ, елімізде бұл мәселе осы уақытқа дейін эволюциялық жолмен шешіліп келе жатқандығын байқаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін, қазақ халқының мемлекетті құраушы ұлт екенін, мемлекеттік тілдің дамуына барлық жағдайлар жасалып жатқандығын, әрі қарай қазақ тілінің дамуын дұрыс жолға қойылғандығын куә болып жүрміз", - дейді сарапшы.

Жомарт Сімтіковтің сөзінше, тіл мәселесі еліміздің қауіпсіздігіне әсер ететін фактор болғандықтан, оған эмоцияға беріліп, қарадүрсін қарауға болмайды. 

"Тіл мәселесіндегі ең басты дүние - көпұлтты ел екенімізді естен шығармаған абзал. Стратегиялық жағынан болсын, толеранттық жағынан болсын, осындай мәселелерде ішкі-сыртқы ахуалымызды ескере отырып, соған баса назар аударып, нақты әрекет еткеніміз абзал. Мемлекеттік тілдің дамуына және оның болашақтағы ұлтаралық тіл ретінде қалыптасуына үлкен көңіл бөлген дұрыс. Оған әсіресе осы елдің азаматтары, жастар жағы еңбек сіңірсе құба-құп. Сонымен қатар мемлекеттік тілді құрметтеп жүрген басқа азаматтарды үлгі  ретінде қабылдап, әділетті Қазақстанды құруға осындай үлкен мәселеге көңіл бөлген жағдайда біздің ұлттық қауіпсіздігіміз, аймақтық қауіпсіздігіміздің болашағы осымен анықталады деп ойлаймын. Президентіміздің мемлекет қауіпсіздігінде, ұлттық қауіпсіздікте, аймақтық қауіпсіздіктегі күні-түні істеген жұмысы оң нәтижесін береді деп сенеміз. Сондықтан да барлығымыз салқынқандылықпен, сабырмен тіл мәселесінің оң шешімін табуына үлес қосуымыз қажет.

Айта кетелік, Ассамблеяның биылғы басқосуы күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қазақстанның бірқатар өңірін тасқын су басып, қазір халқымыз қиын күндерді басынан кешіріп жатыр. Осындай сындарлы шақта еліміздің ынтымағы артып, бірлігі беки түскені рас. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  "менеджмент" кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Оңалбек Абралиев та Қазақстан қоғамын дамыту үшін татулық пен тұрақтылық керек деп есептейді. 

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің мәселесіне тоқтала келе "уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық", - деп атап көрсетті. Сырт көзге олардың ісі нағыз ұлтжанды азаматтың әрекеті болып көрінуі мүмкін. Алайда, тілді насихаттаудың мұндай жолы кері әсер береді. Бұған келтірер тарихи мысалдар өте көп. 

Ғалымның сөзінше, Ассамблея - Қазақстанды бөлінбейтін біртұтас ұлтқа айналдыруды көздейді. 
"Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ шаңырақ астына біріктіре отырып, 29 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Егеменді еліміздің тұрақты дамуына Ассамблея мүшелерінің қосатын үлесі жылдан-жылға артып жатыр.  Менің ойымша өзге ұлт өкілдерінің өздері тұрып жатқан елдің мәдениеті мен дәстүріне деген құрметі, мемлекеттік тілді білуі маңызды фактор болып табылады. Ұлтына қарамай бір-біріннің тілін, дінін, салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтеу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы деп есептеймін", - деді ғалым, ұстаз Оңалбек Абралиев. 

Автор: Меруерт Төленова
 

Талқылау