Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев азық-түлік пен құрылыс материалдарының бағасын реттеуге тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдап, үкіметке бірнеше тапсырма берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен егіс науқанының аяқталғаны жөнінде есеп берілді. 

Премьер-министр Қазақстан экономикасының пандемиядан кейінгі қайта қалпына келу сатысына өткені туралы айтты. Биылғы қаңтар-мамыр айларындағы ішкі жалпы өнім өсімінің қарқыны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,6 пайызды құрады.

Асқар Маминнің айтуынша, дамудың негізгі қозғаушы күші 7,2 пайыздық өсім деңгейін көрсетіп отырған өңдеу өнеркәсібі (машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп және т.б. салаларда қарқынды өсім бар), құрылыс секторы болып отыр.

Экономиканың өндірмейтін секторларында жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Негізгі капиталға құйылған инвестицияның өсімі тау-кен саласын есепке алмағанда 25,5 пайызға жеткен.

Президентке көктемгі егін егу жұмыстарының нәтижесінде егіс алқаптары 78,2 мың гектарға ұлғайып, 22,7 миллион гектарға дейін артқаны жөнінде баяндалды.

Үкімет көктемгі егіс науқанын қаржылық, материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдерді қабылдады. Көктемгі егіс жұмыстарына 128 миллиард теңге қаржы бөлініп, 380 мың тонна жанармай нарықтағы бағадан 14 пайызға төмен сатылған және 405,3 мың тонна тыңайтқыш берілген.  

Кездесу қорытындысы бойынша президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, құрылыс материалдарының бағасын реттеу, сыртқы және ішкі инвестиция көлемін арттыру, өңдеу секторын дамытып, өсімін қамтамасыз ету арқылы экономиканың құрылымдарын әртараптандыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға баса мән беруді тапсырды.

Еске салсақ, Қазақстан өңірлерінде құрылыс материалдарының бағасы 200-300 пайызға қымбаттап кетті. 

Оған қоса, Қазақстанның қай аймағында азық-түлік бағасы қатты қымбаттағаны белгілі болды. 

Талқылау