"Тек "біздің көсемнің айтқаны дұрыс" деген ұстаныммен өмір сүреді": Қазақстандық дінтанушы экстремистік топқа кірген адамның бейнесін сипаттады
Фото: Stan.kz / Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан
Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған діни радикализм мен экстремизмнің белгілерін атады. Оның айтуынша, мұндай топтардың ықпалына түскен адамды күнделікті мінез-құлқындағы өзгерістерден-ақ байқауға болады екен. Сарапшы Stan.kz тілшісіне теріс ағым жетегіне ерген жанның сыртқы ортамен байланысын үзіп, агрессивті көзқарас қалыптастырып, тек бір діни топтың идеологиясына қалай тәуелді бола бастайтынын айтып берді.
Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан экстремистік топтардың ықпалына түскен адамды қалай тануға болатынын түсіндіреді. Оның айтуынша, адамның экстремистік немесе террористік ұйымдардың ықпалына түсу үдерісі ақырында жүзеге асады және кейде оны айналасындағылар дер кезінде байқамай қалуы мүмкін екен.
"Ең әуелі, адамның күнделікті әдеттері мен мінезі өзгере бастайды. Бұрын ашық-жарқын, белсенді болған адам кенеттен тұйықталып, тек діни тақырыптағы кітаптар мен бейнематериалдарға шектен тыс әуестенеді. Бұл үдеріс барысында ол достары мен туыстарымен араласудан бас тартып, қоғамнан алыстай бастайды. Жұмыс, оқу, отбасы сияқты маңызды әлеуметтік міндеттерге немқұрайлы қарайтын болады", – дейді Әл-Фараби Болатжан.
Дінтанушының байқауынша, мұндай адамдар діни тақырыптарда басқалардың пікірін қабылдамайды. Теологиялық мәселелерде пікірталасқа түскен жағдайда эмоциялық, тіпті, агрессивті жауап қайтарады. Олар өз ұстанымдарын өзгеге мәжбүрлеп таңуға тырысады. Бұл діни радикалданудың негізгі белгілерінің бірі дейді Әл-Фараби Болатжан.
"Экстремистік бағыттағы адамда қоғамдық тәртіп пен мемлекеттік құрылымға қарсы пікірлер пайда болады. Ол зайырлы білім мен мәдениетті жоққа шығарып, билікке қарсы идеологиялық шабуылдар жасай бастайды. Мұны радикалды ағымдардың өз "сенімді өкілдерін" қалыптастырудағы басты тәсілдерінің бірі десек болады. Арбалудың келесі кезеңінде адамның зорлықты насихаттайтын материалдарға қызығушылық танытады. Мұндай адамдар әскери жаттығулар, қару қолдану, "жихад" түсінігін бұрмалап түсіндіретін контенттерге бейім болады. Бұл кезеңде адам әскери әрекеттерге тікелей немесе жанама араласуға дайын бола бастайды", - дейді дінтанушы Әл-Фараби Болатжан.
Әл-Фараби Болатжан да радикалды және деструктивті діни ағымдардың мәнін түсіндіре отырып, бұл құбылыстардың адам санасына қалай әсер ететінін де түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, радикализм – қоғамды түбірімен өзгерту қажет деген көзқарасқа негізделсе, экстремизм – діни алауыздық тудырып, заңды конституциялық құрылымды жоққа шығару әрекетімен көрінеді. Ал терроризм халық арасында үрей мен қорқыныш туғызу мақсатында жасалатын зорлық-зомбылық түрі ретінде бағаланады.
"Мұндай көзқарастардың таралуын себебі надандық, манипуляцияға бейімділік, сыни ойлаудың болмауы, кейде экономикалық жағдайдың нашарлығы да "жағымды" алғышарт болуы мүмкін. Деструктивті ағымдардың белгілері:
– зайырлы сипаттағы мемлекетті мойындамау
– мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік
– басқалардың өзгешелігіне төзімсіздік
– ой өрісінің тарлығынан ғылыми жетістіктерді мойындамау
– алауыздық қоздыру екенін атап өткім келеді", – деп түсіндіндірді Әл-Фараби Болатжан.
Фото: Stan.kz
Дінтанушының айтуынша, адамдар деструктивті діни ағымдарға көбінесе экзистенциалдық дағдарыс кезеңінде бейім болады.
"Бұл адамның өмірлік мән мен мақсатын жоғалтып, ішкі күйзеліс пен тығырыққа тірелетін сәті. Мұндай кезеңде адам жалғыздықты, түңілуді, болашақтан үміті үзілгенін сезінуі мүмкін. Осы кезде олар өзіне қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретін орта немесе тұлғаны іздейді. Деструктивті ағым өкілдері дәл осындай әлсіз сәттерді тиімді пайдаланып, "жылы сөзбен", "қамқорлықпен", кейде тіпті материалдық көмек көрсету арқылы сенімге кіреді. Бастапқыда бұл ұйымдар адамға пана мен мән табуға көмектесетіндей көрінуі мүмкін. Олар оған “шындықты тек біз білеміз”, “біздің қатарымызға қосылсаң, өмірің өзгеріп, жан тыныштығына жетесің” деген тәрізді уәделер береді", – деді дінтанушы.
Әл-Фараби Болатжан радикалдану үстіндегі адамның айналасында күдікті тұлғалар көбейе бастайтынын атап өтті. Ол тек шынайы өмірде ғана емес, әлеуметтік желіде де байқала бастайды екен.
"Олармен тығыз байланыс орнатып, өзінің жаңа ортасын қалыптастырады. Сонымен қатар мұндай адамдар жұмысқа немесе отбасына қатысы жоқ, мақсаты белгісіз сапарларға шығады, кейде шетелге дейін барады. Ол сапарлардың мақсаты жайлы жақындарына ашық айтпайды. Осылайша, ол, экстремистік топқа тартылған адам сыртқы ортамен байланысын үзіп, тек бір діни жамағатты ғана мойындап, соның көсеміне толық бағынып кетеді. Тек бір адамның айтқанына сеніп, басқаны жоққа шығарады. Мұндай жағдайда адамда сыни ойлау қабілеті мүлдем әлсіреп, логикалық пайымдау тоқтайды. Ол тек "біздің топ дұрыс" деген ұстаныммен өмір сүре бастайды.
Дінтанушының айтуынша, мұндай адам бұрынғы ортасынан мүлде алыстап, тек өзімен пікірлес адамдармен ғана араласады. Осы аталғандардың бәрі оның теріс ағымға толыққанды кіріп кеткенін білдіреді дейді Әл-Фараби Болатжан.
Сөз соңында ол қазір қоғам үшін аса қауіпті саналатын діни экстремизм мен терроризм мәселесіне жай ғана діни тұрғыдан емес, заң аясында да қарау уақыт талабы деп отыр. Дін саласының маманы бұл құбылыстарға қарсы күресте құқықтық білім ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік