Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таза Қазақстан": Семей орманында құстарға арналған ұялар орнатылды

Семей ұя
Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Абай облысының ішкі саясат басқармасының үйлестіруімен "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында "Семей орманы" аумағында құстарға арналған 10 ұя орнатылды. Игі бастамаға Семей қаласының жастары мен орман шаруашылығының қызметкерлері қатысты.

Семей ұя
Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Шараның мақсаты – қыс мезгілінде қоныс аудармайтын құстарға қолайлы жағдай жасау. Ұяларға құстарға арналған жем мен дәнді-дақылдар салынады.

"Қыста осында қалатын құстар ұяларға келіп паналай алады. Сонымен қатар оларға жем мен дәнді-дақылдар салынады. Мұндай акциялар жаз мезгілінде және қыс кезінде ұйымдастырылады", – деді "Семей орманы" резерваты Қызыл кордон орман шаруашылығының басшысы Қуаныш Қайырханов.

Жастар өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамалар табиғи экожүйені сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған.

Семей ұя (1)
Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

"Бүгін "Таза Қазақстан" акциясы аясында жастар болып құстарға арналған ұялар орнатып жатырмыз. Құстар – табиғи экожүйенің маңызды бөлігі. Сондықтан осындай игі істер арқылы табиғатқа деген жанашырлығымызды көрсеткіміз келеді", – деді "Ұлағат" жастар үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Айша Айшекова.

Орнатылған ұялар тоқылдақ, кәдімгі үлкен шымшық, сауысқан, алақарға, кәдімгі қарға, қарақұс, ақбасшымшық, жорға торғай, дала торғайы және орман шақшақайы секілді құстарға арналған.

Семей ұя (2)
Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Экологиялық акция табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

 

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 12:42