"Таза экологиялық өнім": Қызылордада қауыннан чипсы жасау өндірісі қолға алынуда
Дәмі тіл үйірер қауын - Қызылорда облысының негізгі брендтерінің бірі. Мұндағы жұртшылық аталмыш бақша өнімінің бірнеше сорттарын егіп, тұтынушыға ұсынып келеді. Аталған кәсіпті еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жоғары деңгейде меңгеріп алған. Соның арқасында сырбойылық дақылды өзге өңірдікімен салыстыруға мүлдем келмейді. Оның үстіне қызылордалық қыз-келіншектер қауыннан түрлі тәттілерді әзірлеп, дастарханның сәнін келтіруге дағдыланған. Ендігі кезекте Сыр елінде қауыннан чипсы жасау кәсібі қолға алынбақ. Ерекше жобаның авторы - Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің ғалымы Самалбек Қосанов, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов оқытушылық қызметтен бөлек, бақ өсірумен айналысады. Атақты "Балшекер" қауын сортының авторы. Университет қабырғасында студенттерге дәріс оқып, өскелең ұрпақпен тығыз байланыста болады. Ғалым жастардың чипсы, түрлі қытырлақ нандар мен снэктерді жиі тұтынатынын байқағанын айтады. Адам ағзасына зиянды өнімнің бағасы да қымбат дейді агроном.
"Жастар чипсыды өте көп тұтынады. Ол асқазанның жұмысын бұзып, адам денсаулығына кесірін тигізеді. Сол себепті чипсыды қауыннан жасау идеясы пайда болды. Табиғи таза өнімнің дәмі ерекше болатыны сөзсіз. Оның үстіне бақша өнімінің құрамында түрлі пайдалы дәрумендер бар", - дейді Самалбек Қосанов.
Қауыннан жасалған чипсыды әзірлеу екі кезеңнен тұрады. Алдымен бақша өнімін жақсылап жуып, өте жіңішке тілімдерге турап алады. Екінші кезеңде қауынды арнайы құралға жайғастырып, 12 сағат бойы үзіліссіз кептіреді. Мұнан кейін пайдалы снэктерді жей беруге болады. Самалбек Қосановтың айтуынша, мұндай чипсыларды дайындауға кеш пісетін қауындарды пайдаланған дұрыс. Сол кезде чипсыдың дәмі де ерекше болады.
"Негізінен бұл чипсыларды әзірлеуге "Қара күләбі" және "Көлайсан" сорттарын қолданған жөн. Біздің елімізде әлі күнге дейін мұндай өндіріс іске қосылмаған. Көрші Өзбекстан елінде табиғи чипсылар үлкен сұранысқа ие. Бізде де жақсы өтеді деп ойлаймын. Қазір халық дұрыс тамақтануға көп көңіл бөліп келеді. Жайлап картоптан жасалған снэктерді дүкендерден ысырып тастауға болады", - дейді ғалым.
Бүгінгі күні Самалбек Қосановтың бизнес-жобасы дайын. Ендігі кезекте оны қаржыландыру мәселесі мемлекетке байланысты. Ғалым кішігірім цехты іске қосып, бірнеше адамды тұрақты табыспен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Өндіріс орнының жұмысына қажетті шикізатпен проблема жоқ. Қауын өсіретін бақташылар өнімдерін цехке өткізуге дайын. Алғашқылардың бірі болып жаңа өнімнің дәмін татқан студенттер, эко-чипсыға қызығушылық танытып отыр.
"Расымен, дәмі керемет. Менің көңілімнен шықты. Құрамы таза болғандықтан денсаулығымызға да зияны тимейді. Дүкенде сатылатын болса, міндетті түрде аламын", - дейді студент Айзат Пірімбетова.
Айта кету керек, жуырда Нұр-сұлтан қаласында Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болған болатын. Самалбек Қосанов аталмыш шараға қатысып, ерекше чипсыларды елордалықтарға ұсынды. Нәтижесінде өнім ерекше сұранысқа ие болды.