Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сүт бір жылда 22%-ға қымбаттаған: Сарапшы елде сүт бағасының өсуіне не түрткі болғанын түсіндірді

Қазақстанда сүт бағасы 1 айда 2%-ға, ал бір жылда бірден 22%-ға өскен. Сонымен қатар 2022 жылдың қаңтар-мамыр аралығында 235,3 мың тонна өңделген сүт пен кілегей өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға аз. Қазақстан сүт одағының директоры Владимир Кожевников сүттің не себепті қымбаттағанын түсіндіріп берді. Оның сөзінше, логистика тізбегінің үзілуі елде бағаның шарықтауына алып келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

сүт

Елдегі сүт пен кілегейдің жартысы Солтүстік Қазақстан (75,7 мың тонна) мен Алматы (44,2 мың тонна) облыстарында өндірілген. Бұдан кейінгі орындарда Ақмола (34,2 мың тонна) мен Қостанай (28,5 мың тонна) облыстары тұр. 

Отандық сүт зауыттары қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша сұраныстың 95,9%-ын қамтамасыз еткен. Елде өндіріс 7%-ға азайғанымен, иммпорт 4,2%-ға немесе 8,1 мың тоннаға артқан. 

Сонымен қатар ішкі нарықтағы сүт сату көрсеткіші 3,7%-ға, яғни 192 мың тоннаға, экспорт 2 есеге немесе 5,6 мың тоннаға дейін төмендеген.

Маусым қорытындысы бойынша сүт бірден 2,4%-ға, жыл басынан бері 17,2%-ға қымбаттады. 

2022 жылдың алғашқы тоқсанында сүт тұтыну жан басына шаққанда орта есеппен 3,5 литр болды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз. Кілегей тұтыну 1,5 есеге дейін өсіп, жан басына шаққанда 47 миллилитрге жетті. 

Қазақстан сүт одағының директоры Владимир Кожевников сүттің қымбаттауына, бірінші кезекте, логистика тізбегінің үзілуі әсер еткенін айтады. Дегенмен баға өсімі өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай көп емес дейді.

"Қазір қанттың 2 есеге қымбаттағанын көріп отырмыз. Ал сүт өнімдері 1 жылда 22%-ға қымбаттап отыр. Әлемде сүт бағасы жыл басынан бері бірден 30%-ға өсті. Бұл біздің елде ғана емес, әлемде болып отырған жағдай. Логистика тізбегінің үзілуіне байланысты азық-түлік айтарлықтай қымбаттады", – деп түсіндірді ол. 

Оның сөзінше, сүт өндіру үшін шетелдік құрылғылар қажет. Сонымен қатар қажетті қосалқы бөлшектер мен ашытқылар бұған дейін Ресейден тасымалданған. 

"Жаңа құрылғылар, олардың қосалқы бөлшектері, қаптамалар шетелден келеді. Олар Қазақстанда жасалмайды. Көп бөлігі логистика тізбегі бұзылған көрші Ресейден әкелінетін. Ал көлік шығыны 2-3 есеге көбейді. Тағы да қайталаймын, қазіргі жағдайда бізге көп нәрсе байланысты емес. Әрине, бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Алайда зауыттардың шығынға батқысы келмейді. Сондықтан нарықта қалу үшін бағаны сәл болсын көтереді. Қазіргі таңда олардың пайдасы 3-4%-дың төңірегінде. Әрі қарай сүт пен сүт өнімдері қымбаттамайды деп кесіп айта алмаймын. Ол сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты”, – деп түйіндеді Владимир Кожевников. 

Талқылау