Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңғы сапарға шығарып салуға үлгермедім": Айгүл Иманбаева марқұм әкесі туралы әсерлі жазба жариялады

Күні кеше танымал әнші Айгүл Иманбаеваның әкесі өмірден өткен еді. Өнер иесінің марқұм әкесіне арнаған жантебірентерлік жазбасы көптің көңілін босатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

©instagram.com/aigul_imanbayeva

“Өмір барда өлім хақ. Менің бір қанатым әкем Жәрдемәлиев (Иманбаев) Серікқұл Сибғатұлы өмірден озды. Жамбасы бүгін жерге тиді. Алланың берген жасы 73 екен. Кеше ғана тауып, қасында өзімді кішкентай Айгүл сезініп, балалығыма оралған қуанышымды Аллам маған өлшеп берген екен. Шүкір дедім. Жүрегімдегі тасты жұлып тастап 46 жасымда әкемнің қасында бақытты бала болдым, еркеледім, еркелеттім. Лаура мен Дәулеттей бауыр сыйлады маған, сіңілім Райханмен арадағы үзілген жіпті жалғадым. Анам мен әкем бір-біріне ішінде қалған реніштерін кешіріп енді ғана әдемі сыйластық басталған.Үзілді… Шүкір дедім”, – деп жазды Айгүл Иманбаева.

Әнші іштей бір өкініштің барын да жасырмады.

“Жаратқанның әрбір ісіне, бергеніне бәріне шүкіршілік еттім. Тек жанымды қатты қинаған менің сыртта оқуда жүріп, бүгін әкемді соңғы сапарына шығарып салуға үлгермегенім.Тапқаным кеше ғана еді, бүгін жоғалттым. Жаратқанның жоспары бізге осылай екен, шүкіршілік еттім. Жаныңыз жәннәтта болсын, әке”, – делінген жазбада.

Желі қолданушылары мен әншінің өнердегі әріптестері көңіл айтып, қайғысына ортақтасты.

“Айгүлжан, сендей дарынды қызды қазақ халқына сыйлаған асқар тау әкеміздің жаны жәннатта шалқысын”, “Иманды болсын! Бекем болыңыз”, “Әкеңіздің иманы саламат болсын”, “Алла панасына алсын”, “Алла иман байлығын беріп, алдынан жарылқасын”, – деп жазды желідегілер.

8 тамыз күні Айгүл Иманбаеваның әкесі Серікқұл Иманбаев өмірден өткен еді.

 

 

Талқылау