Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ағалардан ұсыныс түссе демек өзі еліктірген шығар": Қазақстан аруы байқауының ұйымдастырушылары Диана Тәшімбетованың не себепті титулынан айырылғанын айтты

Бүгін Алматыда "Қазақстан аруы" Ұлттық сұлулық байқауы ұйымдастыру комитетінің баспасөз мәслихаты өтеді. Байқауды ұйымдастыру комитетінің мүшелері байқау финалынан кейін болған шуға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетсек, "Қазақстан аруы - 2022" финалисі Диана Тәшімбетова сұлулық конкурсының ұйымдастырушыларына шағымданған болатын. 

"Ұйымдастырушылар Жаңа Орлеанда өтетін 71-ші "Әлем ауруы" байқауына қатысасың деп ресми жариялап алды. Негізі уақыт өте тығыз, бірақ ұйымдастырушылар соны біле тұрып, мені үлгереміз деп сендірді. Олар тіпті "Уайымдамаңыздар, аз уақытта "Қазақстан аруы" байқауына да үлгердік" деді. Егер бізде уақыт аз болса не үшін Қазақстан атынан байқауға қатысуға тіркелдік? Не үшін missuniverse бейнетүсіріліміне түстік? Бізді ұятты жағдайға қалдырып қажеті не?", - деп жазды Диана Тәшімбетова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында шағымданған еді. 

Осыдан кейін "Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті Диана Тәшімбетованы "Әлем аруы Қазақстан-2022" атағынан айырды.

Бүгінгі жиында “Мисс Қазақстан” ұлттық сұлулық байқауының президенті Айдай Исаева жағдайға түсінік беріп, Тәшімбетованың не себепті титулынан айырылғанын айтты. 

“Тәшімбетованың байқауға бара алмағанының басты себебі – уақыттың тығыздығы. Бір айдың ішінде кез-келген аруды әлемдік додаға дайындау уақыт алады. Оның ұлттық көйлегі, кешкі көйлегі, дизайнерлік жамылғысы бар. Одан басқа да қаншама образдары жетерлік. 14 қаңтар күні “Ғалам аруы” өткізілетіні туралы ресми хатты қарашаның 26-сы күні алдық. Тәшімбетованың АҚШ-қа әуе билеті 26 желтоқсанға алынғандықтан дайындыққа бар-жоғы бір ай уақыт қалғанын білдік. Айта кететін болсам, Қазақстан аруы ұлттық байқауы – коммерциялық ұйым. Бізді ешкім қаржыландырмайды. Ал “Ғалам аруы” байқауына бару үшін үлкен қаржы керек”, – дейді Айдай Исаева. 

Айтуынша, Диана мен анасы екеуі бір айдың ішінде қаржыландыруды талап еткен. 

“Бізге осы көйлекті тігіп бермесеңіздер, бармаймыз” деді. Біз бір айдың ішінде дайын болмайтынымызды айтып, “бармасаңыздар, жарайды” деп келістік. “Анасына да, өзіне де келесі жылы қатысыңыздар” деп ұсыныс білдірдік. Олар келісім берген жоқ. Өйткені, келесі жылы трансгендерлер, тұрмысқа шыққандар қатысады деген сыбыстар шыққан соң барғысы келмеді. Одан кейін де бірнеше рет шешімін өзгертті. Соңында 30 желтоқсан күні тікелей эфирде өтірік сөздер айтып, жалған ақпарат таратқан соң келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдадық. 10 жыл бұрын мен Майами қаласында өткен “Ғалам аруы” байқауына қатысқан болатынмын. Ол кезде мені ешкім қаржыландырмады. Ата-анама несие алғызып, жігітім көмектесіп өз-өзімді толықтай қаржыландырдым. Маған тек қатысуға жолдама берді. Қалғанының бәрін өз күшіммен істедім. Ешкімнен ештеңе талап еткен жоқпын. Өйткені, байқау өзіме ғана қажет екенін білдім”, – дейді Айдай Исаева. 

Байқаудың PR директоры Кәмшат Әкімқожақызының егер Диана Тәшімбетова байқауға дайындықсыз қатысқанда еліміздің абыройы төгілер еді дейді. 

“Біз сол себепті Тәшімбетоваға келесі жылы қатысуға ұсыныс білдірдік. Басында бірде келісіп, бірде келіспей тұрды. Кейін талап ету басталды. “Сіздер міндеттісіңдер” осы қаржыны беруге деген сөздер айтылды. Біз көмектесуден ешқашан бас тартпайтынымызды жеткіздік. Бірақ уақыт тығыз болды. Өкпелегеннен кейін осындай әрекетке барған шығар. Жас қыз болғаннан кейін алды-артын дұрыс бағыттай алмаған болар. Жеке бас мәселесіне де өтіп кетті. Алайда бізде Ұлттық сұлулық комитетінің “байқауды өткізу ережесі” деген құжат бар. Ол құжаттың екінші пунктінде былай жазылған: “егер қатысушы байқаудың беделіне нұқсан келтіретін әрекет жасаса, дисквалификацияланады”. Келесі пунктке егер қатысушы титулынан айырылған жағдайда “Вице мисс” немесе “Көрермен көзайымы” автоматты түрде атаққа ие болады делінген. Бұның бәрін біз ойдан құрап отырған жоқпыз”, – дейді ол. 

Сонымен қатар сұлулық байқауының ұйымдастырушылары “байқауға қатысқан аруларды қымбат мейрамханаларға апарып, демеуші тапқысы келді” деген қауесеттерге де жауап берді. 

“Байқау өткен күні біздің өзіміздің автопати өтті. Ал келесі күні сыйлық ретінде Лабоданың концерті мен автопатиге билеттер берілді. Бұл шараларға баруды арулар тек өздері шешті. Барса да, бармаса да өз еріктерінде болатын. Лободаның автопатиі білуімше, “Море Море” мейрамханасында өтті. Кім барғысы келді, барды. Біз ешкімнің қолынан ұстап жүрмедік. Ешкімді барыңдар деп қинамадық. Біздің қатысушылардың барлығы кәмелеттік жасқа толған, ересек адамдар. Меніңше, тікелей эфирде Диана “Море Море” мейрамханасында өзіне үлкен ағалардың бейәдеп ұсыныстар жасағанын айтты. Бұл өздерінің уақыты еді. Егер үлкен кісіден сондай ұсыныс түссе демек өзі еліктірген шығар. Ол жерде басқа қыздар да болды. Оларға ешқандай ұсыныс түспеген”, – деді "Miss Qazaqstan" Ұлттық сұлулық байқауының директоры Катрин Безверхова. 

Сондай-ақ конференция барысында "Ғалам аруы Қазақстан - 2022" атағын "Вице мисс Қазақстан -2022" атанған Томирис Заирге берілгені айтылды. Енді ол келесі жылы “Ғалам аруы” байқауына қатысады. 

Айта кетейік, 1 наурыздан бастап "Қазақстан аруы-2023" байқауына кастинг жарияланбақ. Биылғы жылы ұйымдастыру комитеті байқаудың кезеңдерін жеңілдету туралы шешім қабылдады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі Қазақстан азаматтығы болуы, жасы 17-25, бойы 165-180 см, келбеті сұлу және қазақ тілін білуі маңызды, алайда қатысушының ұлты маңызды емес. Байқауға қатысу үшін байқау сайтында өтінім беріп, сауалнаманы толтырғаннан кейін екінші кезең – тікелей кастинг басталады. Келесі кезеңдер лагерьдегі жартылай финал мен гранд-финал болады. Арулар бұл кезеңде өздерін ең жақсы тұсын көрсетіп, ел атынан шығуға лайықты екенін дәлелдеулері керек. 

Талаптарды ұйымдастыру комитеті ойлап тапқан жоқ, олар халықаралық стандарттармен бекітілген. 

 Ұйымдастыру комитеті наурыз айының ортасында аймақтық директорларды жаңартуға арналған бөлек баспасөз конференциясын өткізуге уәде берді, онда биылғы жылы Ұлттық сұлулық байқауын өткізу жоспары талқыланады. "Біз аймақтық директорларды мүмкіндігінше қолдаймыз және байқауды тек ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар өңірлерде дамытуға және танымал етуге көмектесеміз", - деп атап өтті байқау президенті Айдай Исаева. 

Байқауды ұйымдастыру комитеті қуанышты жаңалықпен де бөлісті. Қазіргі уақытта Miss Qazaqstan Ұлттық сұлулық байқауы әлемдік Miss International байқауымен келіссөздер жүргізіп, төртінші әлемдік лицензиясының иегері атанбақ. 

Қазір ұйымдастыру комитеті "Жер аруы", "Ғалам аруы" және "Әлем аруы" байқауына қызу дайындалып жатыр, ал "Miss International" мақұлданғаннан кейін халықаралық аренадағы байқауға төрт финалисті дайындау керек болады. 

Талқылау