Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да үйде дайындалған тұшпарадан көз жұмды делінген екі балаға қатысты жаңа мәліметтер айтылды

Солтүстік Қазақстан облысында бір отбасы мүшелерінің уланып өлуіне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: time-to-travel.ru

Екі бала уланып қайтыс болған ауылда жергілікті дүкенде үйде дайындалған жартылай фабрикаттар сатылған. 14 маусымда Қызылжар ауданының Надежка ауылында бір отбасындағы анасы мен үш баласы уланып қалған еді. Салдарынан үш жасар бала мен жеті жасар қыз көз жұмды.

Содан кейін балалардың 28 жастағы анасы ауыр халде бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді. 2014 жылы туған бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Емдеуден кейін олар сауығып, үйіне шығарылды.

Балалардың ата-аналары отбасы мүшелерінің тамақ үшін шұжық пен дүкендегі тұшпара жеп, артынша тәтті газдалған сусын ішкенін айтты. 

Солтүстік Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың сөзінше, санитарлық дәрігерлер тексеру аясында ауыл дүкенінде дайындалған жартылай фабрикаттарды анықтады. 

"Егер бұл топтық улану болса, оның белгілі бір нысанға қатысы бар-жоғын анықтаймыз, тексеруді тіркейміз. Тамақтан улану фактісі болды, біз тергеуді бастадық. Нақтырақ айтсақ, ауылда, дүкеннен бұл отбасы жартылай фабрикаттар мен басқа да өнімдерді сатып алған. Біз анықтап жатырмыз. Дүкенде үйде өндірілген жартылай фабрикаттар сатылатыны анықталды. Тиісті рұқсатсыз үй жағдайында тамақ өнімдерін шығарған өндірушінің үстінен әкімшілік іс қозғадық және енді әкімшілік жауапкершілікке тартамыз", - деді Әсет Жұматаев.

Ол "Абайсызда адамдардың жаппай улануына және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын айтты.

"Басқа ештеңе айта алмаймыз, барлық материалдар тергеушіге берілді. Улануға тұшпара себеп болды деп айта алмаймын. Зертханалық зерттеулер мен сараптамаларды бізден басқа тергеу органдары жүргізеді. тергеу жалғасып жатыр. Біз анықталған бұзушылықтарды бұл іспен нақты байланыстыра алмаймыз", - деді Әсет Жұматаев.

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда бүтін бір отбасы тамақтан уланып, өрімдей екі бала көз жұмған еді. Ал балалардың анасы мен 10 жастағы үлкен ұлы жансақтау бөлімінде жатыр. Қайғы жамылған жанұяның туыстары жергілікті дүкеннен жартылай дайындалған өнімдерді сатып алып тұтынғандарын айтқан. 

Талқылау