Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 7-20-25 бағарламасымен жаңа пәтер алған тұрғындар құрылысқа пайдаланылатын су ішіп жүр

Шымкенттегі "Тұран-2" шағынауданындағы көпқабатты баспаналардан 7-20-25 бағарламасымен жаңа пәтер алған тұрғындар құрылысқа пайдаланылатын сумен күнелтіп отыр. Себебі, бұл тұрғын үйлер  осыдан 3 ай бұрын қолданысқа берілгенімен әлі күнге дейін су, газ жүйелеріне қосылмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Осыған дейін әкімдік өкілдерінің құр уәдесіне сеніп келген отбасыларға құрылыс компанияларының жұмысшылары өздері жөндеу жұмыстарына жұмсайтын суды тасып беруде. Сол суды көпшілік бөшкелерге толтырып алып, кір-қоңға да жуынуға да пайдаланады. Кейде қайнатып ішуге де мәжбүр болады. 

"Шенеуніктер мамыр айында тұрғын үйлер толық коммуникацияға қосылады деп уәде берді. Маусым айының ортасына жақындады, әлі жоқ. Мердігерлер біз тиісті жұмыстарды атқардық, ендігісін әкімдік шешеді деп жауаптан жалтарады. Ай сайын 2 бөлмеліге 100 мың теңге төлеймін. Бірақ игілігі осы. Тіпті жарықтың өзін компания көрші үйлерден уақытша тартып берді. Көгілдір газ болмағандықтан, ас-ауқатты электрлі пешке пісіреміз. Қайда, кімге шағым айтарымызды білмей далмыз", – дейді осында көшіп келгеніне 4 ай болған Ибрагим Есжанов. 

Айтуынша, мұндағы пәтерлердің көбісі пайдалануға беріліп қойған. Әзірге тұрып жатқандар - барар жері жоқ, пәтер жалдап тұруға шамалары жоқ отбасылар екен.  

Біз осы мәселеге қатысты Шымкент қаласы құрылыс басқармасы өкілдерінен сұқбат алдық.

"Қазір мұнда 25 көпқабатты тұрғын үйде инженерлік жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде осы тұрғындар тұрып жатқан  59-шы, 60-шы үйлер бар. Іске қосу үшін инженерлік техникалық құжаттамаларды тиісті пайдаланушы мекемеге тапсыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құжат өткеннен кейін таза су құбырларын шайып тексеру жұмыстарын жүргіземіз.Бұл бағыттағы шаралар 25 маусымына дейін аяқталып, тұрғындарға ауыз су беріледі. Баспаналардың коммуникациялық жүйелерге кеш қосылуының өз себебі бар. Қаражат наурыз айында ғана бөлінді, биылғы ауа райының жайсыздығы да қолбайлау болды" - деп сендірді басқарманың бас маманы Шамил Аманқұлов.

Ал тиісті талаптарға сай көгілдір газ тұрғындардың 80 пайызы көшіп келмей берілмейді екен.

Талқылау