Сенатор "Қазавтожолдың" бюджет қаражатын тиімді пайдаланатынына күмән келтірді
Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Амангелді Төлемісов Алматы және Жетісу облыстарындағы жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қазавтожол
"2022 жылы мемлекет басшысы Жетісу облысының Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық автожол учаскелерін жөндеуді нақты міндетке қойды. Содан бері 2 жыл өткенімен, ешқандай өзгеріс жоқ. Сонымен қатар бұл – сенаторлардың аймақ тұрғындарымен кездесуі кезінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі. Кеген және Райымбек аудандары арқылы өтетін республикалық маңызы бар трассалардың жай-күйін жүргізушілер де жиі сынайды. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда мердігер компаниялардың өз жұмысына қалай жауапсыз қарайтыны анық көрінеді. Жауапты тұлғалардың өз жұмысына деген немқұрайлығынан неге аймақ тұрғындары зардап шегуі керек?", – деді сенатор.
Сонымен қатар депутат "Қазавтожол" ұлттық компаниясы жұмысының сапасын да сынға алып, оның бюджет қаражатын тиімді пайдалануына күмән келтірді.
"Жолдарды салу мен жөндеудің сапасына байланысты да көптеген сұрақтар туындайды. Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері пайдаланылған қиыршық тас-құм қоспалары ұлттық стандартқа сәйкес келмейтінін анықтады. 17 сәуірде республикалық маңызы бар Кеген-Нарынқол автожолында диаметрі 1 метр бір нүктелі су өткізгіш құбыр орналасқан жерде еріген судың қарқынды өтуіне байланысты жолдың негізі мен жабыны жартылай шайылып, құбыр сақиналары істен шықты. 23 наурызда бұл учаске еріген және жаңбыр суы басып қалды. Нәтижесінде жол жиегіндегі топырақ құлады. Бұл жобалау ұйымының қатеcі емей кімнің қателігі?", – деп шүйлікті Амангелді Төлемісов.
Бұған дейін Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен бас көлік прокуратурасының жұмыс үйлестіруімен бір көзден алу жолымен бюджеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру күдігімен "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ-ның экс-басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы ұсталғанын хабарлаған едік.