Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көп партиялы парламент және әкімдер сайлауы: Сарапшылар алдағы саяси өзгерістер туралы айтты

ҚР президенті күзде халыққа кезекті жолдауы аясында үлкен саяси реформалар жариялайтынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге бұл өзгерістердің азаматтық қоғам мүшелері мен сарапшылармен жүргізілген диалог барысында дайындалатынына сендірді. Өз кезегінде Stan.kz тілшісі күзде қандай саяси реформалар қабылданатыны туралы сарапшылардан сұрап білді.

токаев реформа

Жүйені өзгертуден бастау

Саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, "Болашақ" Ғылыми-зерттеу институтының директоры Мұрат Насимовтың пікірінше, саяси реформалардың алғышарттары жүйені өзгертуден басталады.

"Саяси жүйені өзгерту оңай емес екендігін ескеруіміз қажет. Сол себепті қабылданатын реформалар ең алдымен жүйені өзгертумен басталады. Мемлекет басшысы айтқандай, Парламент пен партия жүйесі реформаланады. Қазір қоғамда талқыланып жатқандай, парламент қоспалаталы жүйеден айырылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау да болуы ықтимал. Өйткені өткен жылдың 10 қаңтарында өткен саяси дода еліміздің сайлау тарихындағы 16 жыл ішіндегі мерзімінен бұрын емес, кезекті сайлау болды. Мерзімінен бұрын өткізілген сайлаулар бойынша елімізде мол тәжірибе болғандықтан, осы қадамға да баруы мүмкін. Парламент сайлауы кезінде аралас сайлау жүйесі қайта орнына келуі мүмкін деген де болжам бар. Демек, "Сайлау туралы" Заңда өзгерістер болады", - дейді Насимов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік телеарналардың бірінде берген сұхбатында саясатта кәсіби кадрлардың тапшылығы бар екенін мойындаған еді. Сарапшы бұл туралы да тоқталып өтті.

"Кадрлар тапшылығының туындауы мемлекеттік қызметте жүктелген жұмыстардың көптігігінен туындайтын бірқатар қиындықтар болуы мүмкін. Бұл жұмыстың да сапасына әсер етеді. Дегенмен, еліміздің барлық салаларында білікті және жұмысын сапалы орындайтын кадрлар тапшылығы барын мойындауымыз қажет. Халықта толығымен саяси сауаттылық пен саяси мәдениет қалыптасты деп айту әлі ерте сияқты. Бірақ, халық жаңа тағайындалған шенеуніктердің өткен өміріне, қызметіне қарайды. Міне, осы өткен өмір олардың имиджі, бейнесі болып табылады", - деп түсіндірді "Болашақ" Ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Мұрат Насимов реформалар барысында "Саяси партиялар туралы" заң қайта қарастырылады деп сенеді. Сөзінше, саяси партиялар халық билігін білдіруші ретінде халық игілігіне, әлеуметтік мүдделерге қызмет етуі тиіс.

"Партия жүйесіндегі реформалар кезінде де "Саяси партиялар туралы" Заң қайта қарастырылады деп ойлаймын. Саяси партиялар халық билігі пайда болатын негізгі институттардың бірі болып табылады. Оның азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті дамытудағы рөлі өте жоғары. Саяси партиялар халық билігін білдіруші ретінде халық игілігіне, әлеуметтік мүдделерге қызмет етуі тиіс. Әрине, бұл пікірлер теория жүзінде айтылып жатыр. Тәжірибе жүзінде еліміздегі саяси партиялардың белсенділігі мен жағдайын "Қасіретті қаңтар" оқиғасы кезінде көрдік. Партия жүйесін реформалау барысында саяси партиялардың демократияны нығайту процесін қолдаудағы және демократиялық қайта құру процесін тежейтін мәселелер мен қиындықтарды шешудегі рөлін қайта қарау керек сияқты", - деп қосты ол.

Президенттің сұхбатынан кейін кейбір қоғам белсенділері арасында саяси реформаны күзде қабылдау тым ұзақ деген пікірлер болған еді. Мұрат Нәсимовтің ойынша, саяси реформа күзде қабылданғанымен, бұл сөз тек шартты түрде айтылған және қыркүйекке дейін талқылаулар мен ұсыныстар қызу жүргізіледі.



"Саяси реформаларды күзде қабылдау шартты түрде айтылған деп ойлаймын. Парламентте сөйлеген пікірге сәйкес қыркүйекке дейін саяси реформалар бойынша тыныштық орнайды деп ойламаймын. Қазіргі таңда ұсынылып отырған реформаларды талдау жүріп жатыр, қалай болғанда да сараптама жүруі керек. Жүзеге асырылатын реформалардың жетістіктері мен тәуекелдерін айқындау қажет. Саяси реформалардың тұжырымдамалары қыркүйекте бекітілуі де мүмкін. Президент айтқандай, ең алдымен Қауіпсіздік Кеңесі аясында ұлттық қауіпсіздік жүйесі реформаланады. Сонымен қатар, Президент Қазақстан халқына арналған Жолдауын қыркүйектің басында айтқанын ескеруіміз қажет. Сондықтан саяси-экономикалық реформалар топтамасы осы Жолдауда да айтылады деп ойлаймын", - деп түйіндеді ол.

Тың идеяларға ие жаңа тұлғалар

Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Ләзат Нұрқатова Қазақстанның саяси жүйесі қайта құруды қажет ететінін жасырмайды. 

"Менің көзқарасым бойынша саяси реформалардан мынадай өзгерістер күтуге болады:

- Жаңа партияларды тіркеуді жеңілдету арқылы қазақстандық ішкі партияның өрісін кеңейту. Ал мемлекеттік саясатты жандандыру билікке тың идеялары мен көзқарастары бар жаңа тұлғаларды әкеледі. 

- Биліктің жергілікті өкілді органдарына, аудандық және облыстық мәслихаттарға нақты бәсекеге қабілеттілік қағидаттары бойынша сайлауды енгізу. Осылайша халықтың сеніміне ие болған депутаттар арқылы жергілікті атқарушы билік жүйесін тиімді бақылауға алуға болады. 

- Бастапқыда аудан деңгейінде сонымен бірге бірқатар ірі қалаларда атқарушы билік басшыларын сайлауды енгізу. Бұл халықтың жергілікті атқарушы билікке деген сенімін арттыруға септігін тигізеді", - деп түсіндірді профессор.

Нұрқатова өз кезегінде президент қабылдайтын саяси реформалардан оң нәтиже күтетінін алға тартады. 

"Қазіргі уақытта көмірсутегі шикізатына бағаның әлемдік конъюнктурасы Қазақстан экономикасы үшін болып тұр. Дегенмен, бірінші басымдық – қосымша құн қосылған өндірісті дамытуға белсенді түрде көшуге берілу қажет. Және бұл біз көп жылдар бойына айтып келе жатқан мәселе. Қоғамда прагматизм мен прогрессивті даму идеяларын ілгерілету аса керек. Еліміз үшін болашақта дамудың даңғыл жолдары салынып жатыр деп айтуға толық негіз бар", - дейді Ләзат Нұрқатова.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов күзде қабылданатын саяси реформа президенттің "әуелі саясат, содан кейін экономика" қағидаты негізінде 2019 жылдан бері қабылданып келе жатқан саяси модернизациялау аясындағы кезекті қадам екенін айтады.

"Президент өз сұхбатында күзде саяси реформалар қабылданатыны туралы айтты. Бұл жерде біз мына нәрсені түсінуіміз қажет, бұл президенттің "әуелі саясат, содан кейін экономика" қағидаты негізінде 2019 жылдан бері қабылданып келе жатқан саяси модернизациялау аясындағы кезекті қадам. Мемлекет басшысы 2021 жылы мәжілістің XVII шақырылуында өзінің III реформалар пакетін ұсынды. Бұл жердегі басты назар жергілікті өзін-өзі дамытуға жағдай жасауға бағытталды. Осының негізінде ауыл әкімдерін, ауыл деңгейіндегі аудан әкімдерін сайлау өтті. Алдағы уақытта да бұл жобалар барысында 2024-2025 жылдары аудан әкімдері мен қала әкімдерін сайлау өтетін болады", - деді Майгелдинов.

Саясаттанушының сөзінен ұққанымыздай күзде қабылданатын саяси реформалар көп партиялық жүйені қалыптастыруға бағытталады.

"Биылғы күзде қабылданатын реформаны IV саяси реформалар пакеті деп түсіну қажет. Бұл жерде екі мәселеге назар аударғым келеді. Біріншісі, қазіргі таңда президент жанындағы ұлттық қоғамдық кеңесі кадрлық ротациядан өтіп жатыр. Осының негізінде кеңестің құрамына азаматтық қоғам белсенділері мен саясаттанушылар енгізіліп жатыр. Соның ішінде әсіресе жастардың болғаны қуантады. Осы ретте менің ойымша, күзгі саяси реформалар көп партиялық жүйені қалыптастыруға әсіресе соны жандандыруға бағытталатын секілді. Оның бірнеше алғышарттары да жасалып жатыр. Мысалы үшін, жақында президент "Нұр Отан" партиясының басшысы болып сайланды. Жалпы Тоқаев өз сөзінде партияның жарғысын, құрылымын, жұмысын толықтай қайта құру қажеттігін айтты. Оған арнайы мерзім де берді, ол партия нақты күзге дейін толық жаңаруы қажет екенін жеткізді", - деді ол.



Майгелдинов саяси реформаның екінші бөлігі партиялар мен сайлау туралы заңдарға өзгеріс енгізуге бағытталатынын айтты.

"Екіншіден, жоғарыда айтқандарымызға байланысты қазіргі таңның өзінде саяси партиялар мен сайлау туралы заңдарға қосымша өзгерістер енгізу көзделген. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарына орай, олардың партия сайлауындағы мандаттарына байланысты өзгерістер енгізілуде. Күзгі реформада менің ойымша, президенттің өзінің айтқанындай, парламенттік жүйеге соның ішінде парламенттік жүйені жандандыруға және дамытуға бағытталған шешімдер қабылдануы мүмкін. Ендігі кезекте парламентте бір ғана партияның емес, бірнеше партиялардың белсенділігін арттыруға да баса назар аударылады деп ойлаймын. Мұны президенттің өзі де айтқан болатын", - деп түйіндеді саясаттанушы.

Үлкен үміт арқалаған реформа

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қазақстан халықтар ассамблеясы және әлеуметтік – саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, саяси ғылымдар кандидаты Асхат Кеңесов саяси реформаның қажеттілігі көптен бері айтылып келе жатқан мәселе екенін айтады. Ол сондай-ақ президенттің бастамасы бірнеше себептерге негізделгенін атап өтті.

"Біріншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізгелі отырған саяси реформалары біздің саяси жүйедегі жаңа ойыншылар мен жаңа ойын үлгісін орнату қажеттілігінен туындап отыр. Екіншіден, қоғамда билік пен халық арасындағы алшақтық бар екендігі рас. Билік халықтан алыстағаны соншалықты көптеген мәселелерге немқұрайлы қарай бастады. Нәтижесі қаңтарда болған қанды оқиғаға алып келді. Үшіншіден, демократияның басты қағидаларының бірі азаматтық инститтуттардың болуы және шынайы қызмет етуі. Өкінішке орай біздің саяси жүйеде азаматтық қоғам инститтутар әлсіз. Осы мәселені шешуде саяси реформалар керек", - деді Кеңесов.

Асхат Кеңесов күзде болатын реформалар бүгінгі саяси жүйедегі мәселелер төңірегінде болатынын айтады. Спикер қабылданатын реформалар легін өзінше мынадай қатарда түсіндірді.

"Күзде қабылданатын саяси реформалар мынадай шешімдерді назарға алады деп ойлаймын. Алдымен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын күшейту мәселесі. Себебі, қаңтар оқиғасы көрсеткендей жергілікті жердегі азаматтар белсенділік танытып аймақтарда митингке шыққан болатын. Әкімшілік басқару жүйесіне жаңалықтар керек. Әсіресе облыс орталықтары мен аудандарда. Сонымен қатар азаматтық институттардың жұмысын күшейту. Бұл болмаса ешқандай саяси реформа жүзеге аспайды. Себебі, кез келген демократияның қозғаушы күші - ол азаматтық қоғам инститтуттары болып табылады", - деп түйіндеді саяси ғылымдар кандидаты.

Спикерлердің сөздерінен түйгеніміздей, президент саяси салада жаңа бастамаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Сонымен бірге олар бұл кезекті саяси реформалардың бірі ғана болып қалмай, азаматтардың саяси құндылықтарын қайта жүктеу арқылы жаңа Қазақстандағы жаңа саяси мәдениет пен жаңа саяси құндылықтарды қалыптастыру керек деп  есептейтіндерін жеткізді.

Талқылау