Сая Оразғалиева: Он жасымда әкемнің анама қол көтергенін көріп, "ажырас" дедім
Сая Оразғалиева алғашқы некесі сәтсіз аяқталған соң, 13 жыл жалғыздың күйін кешкен. Қайта ер адамға сеніп, тұрмыс құруы үшін актриса өзімен көп жұмыс істегенін айтады. Түрлі психологиялық курстардан өтіп, ақырында қазіргі жұбайы Ілиясты кездестірген. Айтуынша, бала кезінде ата-анасының ажырасуы оған үлкен соққы болып тиіп, әрі қарайғы өмірінің қалыптасуына әсер еткен. Бұл туралы Сая Айнұр Ілиясованың "MOM'sкий әңгіме" подкастында ашық айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Instagram/saya_orazgaliyeva
"Маған мамандар: "Анаңның тағдырын қайталап жатсың", – деп айта бастады. Бейсаналы түрде миыңда анаңның үлгісі қалыптасып қалған, оны үзу керек деді", – дейді Сая.
Айтуынша, ол он жаста болған кезде ата-анасы ажырасқан. Әкесінің ерке қызы болған Саяға бұл жаңалық ауыр соққы болып тиген.
"Себебі мен әкемнің ерке қызы болдым, анаммен мүлдем байланысым жоқ еді.
Бір күні түнде шудан оянып кеттім. Сонда әкемнің анама қол көтеретінін білдім. Менің әлемім күйреді. Біз ауылда тұратын едік, ол сөздерді қайдан білетінімді білмеймін. 10 жаста болғанда анама: "Ажырас", – дедім. Ал анам мен үшін әкеме шыдап жүріпті", – дейді Сая Оразғалиева.
Анасымен ажырасқан соң, Саяның әкесімен арасы бірте-бірте алыстай бастаған. Бүгінде аман-саулық сұрасудан өзге байланыспаймыз, деп ағынан жарылды ол.
"Әкем ұзақ уақыттан бері бір әйелмен тұрады. Ол кісінің екі баласы бар. Олардан туған балаларды "немерелерім" дейді. Шын мәнінде, олар – бөтен адамдар.
Ал менің ұлдарымның атын да жаттай алмайды. Олардың туған күндерін білмейді. Мен оны талап ете алмаймын. Бір кездері айына бір рет хабарласып тұратынбыз. Кейін "әкесі мен қызын" ойнамай-ақ қояйық дедім. Әкемді жібердім", – дейді Оразғалиева.