"Ресей өз мүддесі үшін соңына дейін күреседі": Путиннің америкалық журналиске берген сұхбаты жарияланды
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин америкалық журналист Такер Карлсонға сұхбат берді. BBC сайтының мәліметінше, Карлсонның өзі америкалықтарға шындықты көрсетіп, көзін ашуға уәде бергенімен, Путин шын мәнінде жаңа ешнәрсе айтпаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан жасалған скрин
Дереккөз мәліметінше, Путин екі сағаттық сұхбаттың 23 минутында Ресей мен Украинаның тарихына тоқталған. Өзінің ұзақ сөзінде Путин поляктар туралы айтып, содан кейін Карлсонға Богдан Хмельницкийдің хаттарының көшірмелері бар бірнеше мұрағат құжаттарын көрсеткен. Ол бұл әрекетін “мен бірнәрсені ойдан шығарып жатырмын деп ойлап қалмауыңыз үшін” деп түсіндірген.
BBC сондай-ақ Владимир Путин өзі бастаған Украинадағы соғыс туралы қозғай бастаса, тарихқа, атап айтқанда Петр I кезеңіне сілтеме жасағанды ұнататынын атап өтеді. “Батыс саясаткерлері Путиннің Ресей-Украина соғысы жағдайында шекараны күшпен қайта сызуға дайын бұрынғы саясаткердей әрекет еткісі келетінін бірнеше рет аңғарған – Петр дәуірінде сыртқы саяси қақтығыстар дәл осылай шешілген” – деп жазды басылым.
Украина: Мақсат әлі толық орындалған жоқ
Дереккөздің жазуынша, бұл мәселеге тоқталған Путин бұрын айтылған сөздерін тағы қайталаған. Ең бастысы, Ресей Украинадағы соғысты бастаған жоқ, Ресей өзі бастамаған соғысты тек аяқтауға тырысады. Дәстүр бойынша, Путиннің сөзінше, барлығы Майданнан бастау алған.
“Неліктен төңкеріс? Неге адамдар құрбан болып жатыр? Қырымға неге қауіп төніп тұр? Неліктен Донбасста операция басталды? Мен мұны түсінбеймін”, – дейді Ресей басшысы бұл оқиғаларға ЦРУ-дың қатысы бар екенін қайталап.
Осыдан кейін ол қайтадан НАТО туралы мәселеге оралған.
“Біз ешқашан НАТО-ның кеңеюіне немесе Украинаның НАТО-ға қосылуына келіспедік. Біз бізбен талқыламай тұрып ол жерде НАТО әскерлерінің болуына келіспедік. Біз ондаған жылдар бойы олай істеме, бұлай істеме деп айтып келеміз”, – дейді Путин.
Оның пікірінше, жағдайдың ушығуына Украинаның Минск келісімдерін орындаудан бас тартуы себеп болған.
Сонымен Владимир Путиннің айтуынша, тарих екі елді 2022 жылдың 24 ақпанындағы жағдайға әкеліп тіреген.
“Сіз өз мақсатыңызға жеттіңіз бе”, – деп сұрайды Карлсон президенттен.
“Жоқ, біз әлі мақсатымызға жеткен жоқпыз, өйткені басты мақсаттарымыздың бірі – денацификация. Бұл неонацистік қозғалыстардың барлық түріне тыйым салу дегенді білдіреді. Сіздер Гитлердің өлгенінен бері 80 жыл өтті дейсіздер, алайда оның қалдырған үлгісі өмір сүріп жатыр. Еврейлерді, орыстарды, поляктарды жойған адамдар тірі. Ал президент, қазіргі Украинаның президенті, оған Канада парламентінде қол соғады, түрегеп тұрып қол соғады”, – деп жауап береді Путин.
BBC Путиннің нені меңзеп отырғанын айтады. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік бөлімшеде қызмет еткен украинды Зелинскийдің сапары кезінде қателесіп Канада парламентіне шақырған оқиға жайлы айтып отыр. Канаданың Қауымдар палатасының спикері 98 жастағы қарияны батыр деп атаған.
Алайда кейін спикер болған оқиға үшін кешірім сұрағаны, бірақ Ресей үкіметінің өкілдері халықаралық платформаларда өз ұстанымын қолдау үшін жанжалды бірнеше рет аргумент ретінде пайдаланғаны айтылады.
- Дос Көшім қазақтарды "мәңгүрт" деп атаған ресейлік журналист Тина Канделакиге рақмет айтты
- Соғыстар өршіп, бірнеше елде сайлау өтеді: 2024 жылы әлемді қандай жағымсыз жаңалықтар күтіп тұр
Дереккөз Такер Карлсон Путиннің денацификация туралы уәждерін мұқият тыңдағанын, бірақ Ресей президентінен Мариупольдегі аурухана мен театрдың бомбалануы, Кременчугтағы сауда орталығына жасалған шабуыл, Буча көшелеріндегі бейбіт тұрғындардың мәйіттері сондай-ақ оккупацияланған аумақтардан балаларды шығару және бейбіт тұрғындарды қамауға алу туралы сұрамағанын атап өтті.
“Мәселе басшыда емес”: Путин Буш пен Трамппен қарым-қатынасы туралы
АҚШ президенті Джо Байденнің есімі Карлсон мен Путин арасындағы әңгімеде бірнеше рет қана аталған.
Ресей президенті Байденмен кейінгі рет қашан сөйлескені тіпті есінде жоқ екенін жасырмаған. Бұл соғыс басталғанға дейін болған. Егжей-тегжейге тоқталмаған Путин: “Мен оған айтқанмын: Сіз Украинада болып жатқанның бәрін қолдап, Ресейді сыртқа итеріп, тарихи өлшемде қателесіп жатқаныңызға сенімдімін” – дейді.
Дональд Трампты қолдайтынын ешқашан жасырмаған Карлсон Путиннен “Ақ үй” басшысы ауысса, АҚШ-пен диалогты қайта бастауға дайын ба деп сұраған.
“Нақты адамға байланысты емес” деп жауап берген Путин өзімен жақсы қарым-қатынаста болған америкалық президенттерді, мысалы, Джордж Буш пен Дональд Трампты еске түсіре бастаған. Сайып келгенде, бәрі әлемнің сөзсіз өзгеретінін әлі түсінбейтін элитаның көңіл-күйіне байланысты деп түйіндеген Путин.
Ол Американы "күрделі ел" деп санайтынын мойындайды, “егер әр штаттың өз заңнамасы болса және мемлекет кандидатты сайлаудан шеттетуге әсер ете алса, кімнің шешім қабылдайтыны мүлдем белгісіз” деген Ресей басшысы.
“Дұрысы – бір келісімге келу”
“Неліктен қақтығысты тоқтататын бейбіт келіссөздер жоқ” деп сұрайды Такер Карлсон.
Путин бәріне Ресеймен келіссөздерге тыйым салу туралы жарлық шығарған Владимир Зеленский кінәлі деп санайтынын жеткізген. Расын айтқанда, Зеленский қол қойған жарлықта ешқандай тыйымдар жоқ, тек Ресеймен емес, оның президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізудің мүмкін еместігі туралы мәлімдеме айтылған.
Путин Зеленскийге бұл жарлықтың күшін жоюға кеңес береді, “бары – осы”.
“Біз келіссөздерден ешқашан бас тартқан емеспіз. Біз үнемі “Ресей дайын ба?” деген сөзді естиміз. Иә, біз бас тартпадық! Олар [Украина] жария түрде бас тартты. Жарайды, жарлығының күшін жойып, келіссөзге кіріссін. Біз ешқашан бас тартпаймыз”, – деп қайталайды ол.
Содан кейін Путин америкалықтарға қарай қайырылады: “Бұл қақтығыс АҚШ-қа керек пе? Не үшін? Бұл сіздердің ұлттық территорияңыздан мыңдаған миль қашықтықта. Сіздерде басқа мәселелер де толып жатыр ғой: шекарадағы мәселелер, көші-қон проблемалары, мемлекеттік қарыз мәселесі – 33 триллион доллардан астам. Басқа шұғылданатын істеріңіз жоқ па? Ең дұрысы Ресеймен келісімге келу емес пе? Келісімге келіп, осы күні қалыптасып жатқан жағдайды түсініп, Ресей өз мүддесі үшін соңына дейін күресетінін ұғынып – біздің елімізге және оның мүдделеріне құрметпен қарап, шешімін іздеңіз. Менің ойымша, бұл әлдеқайда ақылды және ұтымдырақ”.