Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Педофилияның пайда болу себебі не? Психиатр жауап берді

2019 жылдың соңында шыққан деректерге сүйенсек, Қазақстанның құқық қорғау органдарында 1500-ге жуық педофил мен 2800 әйел зорлағандар тіркелген. Аталмыш қылмыспен сотталған қылмыскерлердің 84%-ы бостандыққа шыққан соң бұл қылмысқа қайтадан барады екен. Кәмелетке толмаған балаларға жыныстық әрекеттегі қылмыс көрсету неден туындайды? Педофилия деген не? Бұл сұраққа Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне 22 жылдық еңбек өтілі бар психиатр, психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары білікті дәрігер, психотерапия орталығының директоры Сергей Скляр жауап берді.

педофиль

- Педофилия деген не? Бұл ауру неден туындайды?

- "Педофилия" балаларға жыныстық қызығушылықты білдіреді. Алайда, бізде бұл терминді көбіне тек балаларға ғана емес, жалпы кәмелетке толмаған балаларға жыныстық әрекеттер жасаған адамдарға да қолданады. Педофилия - бұл 12-14 жасқа дейінгі балаларға жыныстық қызығушылық. Бұл құбылысты зерттей келе, педофилия ауру деп қорытынды жасауға болады. Алайда бұл аурудың нақты неден туындайтыны толықтай зерттелмеген. Кей жағдайда ол генетика арқылы берілуі мүмкін, кей жағдайда жүре келе пайда болады, бірақ көп жағдайда педофилдердің өздері балалық шақтарында зорлық-зомбылық көрген, сондықтан да дәл сондай әрекетке өздері де барып жатады. Негізінен педофилия 18 жасқа толғанда өзінен кіші балаларға құмартушылықтың артуымен пайда болуы мүмкін. Тіпті егде жасқа жеткенде де осындай ауытқулар байқалады. Педофилдердің көпшілігі ер адамдар, арасында әйелдер де болуы мүмкін. Олардың назарын ұлдар да, қыздар да аудара алады. Педофилдер бір жыныстағы балаларға қарағанда қарама-қарсы жыныстағы балаларға құмар болады. Көп жағдайларда жәбірленуші балалар педофилмен таныс болып шығады, ол отбасының мүшесі, өгей әкесі немесе танысы, туысы бола алады.

Дәрігердің айтуынша, педофилия әр елде әрқалай қарастырылуы мүмкін. Мәселен, Ежелгі Грекияда кішкентай ұлдарға деген қызығушылық қалыпты жағдай болып саналған, осылайша беделді адамдар өз қарауына кішкентай ер балаларды алатын болған. Ал, Таяу Шығыста 9-10 жасар қыздар ұзатылып жатқан, алайда ол жақтың дәстүріне сәйкес бұндай некелер қалыпты болып саналған және педофилия ретінде қарастырылмаған.

- Педофилді қалай анықтауға болады? Яғни оны белгілі бір іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы арқылы дегендей...

- Педофилдің нақты бір белгілері жоқ. Ол көрші, таныс, туыс, сирек жағдайларда бейтаныс адам болуы мүмкін... Олар қарапайым адамдарға ұқсайды және сіздің ортаңызда бола алады. Мінезі көбінесе тұйықтау келуі мүмкін, өздерінің қызығушылықтарын, ойларын барынша жасыруға тырысады. Мұндай адамдардың ішінде үлкен арпалыс болады, өйткені олар өз ойлары мен қалауларына қарсы шыға алмай, осы іске барайын ба, жоқ па деген ой мазалайды. Алайда тек қиялдары бар адамдар мен оны іске жүзеге асыратындардың айырмашылығы, әлбетте жер мен көктей, дегенмен қиялдан іске өтіп кету шегі кішкентай ғана. Сондай-ақ педофилдің балалармен қарым-қатынаста өте қамқор екенін, баламен физикалық байланыста болуға тырысатынын атап өткен жөн. Ол балаларды еркелету, үнемі мақтау арқылы, сенімге кіріп алады. Көбісі ғаламторда отыруы мүмкін, өйткені ешкім байқамайтын жерде баламен тілдесіп, оны құрбанына айналдыру оңай. 

- Ата-аналар баласын қалай қорғауы керек, қандай әрекет етуі керек?

- Ата-ана үшін басты мақсат педофилді анықтау емес, баласына бас-көз болу бірінші кезекте болуы керек. Өйткені, егер ата-ана өзінің баласымен тығыз қарым-қатынаста болса, бала өзінің ата-анасына толықтай сенім білдірсе, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Егер де балаға жүйелі түрде назар аудармай, оның не істеп, не қойғанын, қандай адаммен сөйлесіп жүргенінен бейхабар болсаңыз, соңы жақсылыққа апармайды. Балалар өзіне сенімсіз болғандықтан, бейтаныс адамға "жоқ" деп айта алмай, оның жетегінде кетіп жатады. Кей жағдайларда педофилдер баланы қорқыту арқылы жылдар бойы қорлауы да мүмкін. Сондықтан, баланы тыңдай білу керек, өйткені бала ата-анам жазалайды деген оймен бәрін жасырын ұстауы мүмкін.

- Педофилдерге химиялық кастрация жасау арқылы мәселені шешуге бола ма? Қылмыскер өз әдетіне қайта оралуы қаншалықты мүмкін?

- Барлығы өте күрделі және көптеген факторларға байланысты. Заңды тілде бұл біліктілік деп аталады. Мен мынаны атап өткім келеді. Он алты жасқа толмаған адаммен (жынысына қарамастан) жыныстық қатынасқа, тіпті өз еркімен де түсуге болмайды. Педофилдің жасы он сегізден асқан болуы керек. Барлық жағдайларды ескере отырып, сот билігі үкім шығара алады.

Әдетте педофилдерге ұзақ мерзімді жеке немесе топтық психотерапия талап етіледі. Дәрі-дәрмектерден тұратын мультимодальды емнің бөлігі тиімді болуы мүмкін.

Сот бұйрығымен педофилияны мәжбүрлеп емдеудің тиімділігі аз, дегенмен көптеген сотталған құқық бұзушылар үшін антиандрогендік препараттармен біріктірілген топтық психотерапия сияқты емдеу нәтижелі болып жатады.

Ал химиялық кастрацияға келсек, оны басқа да дәрілер ішумен өткізу керек, мәселен гормоналды жүйені төмендететін дәрілер болады, осы екеуін қатар жасап, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Егер ем дұрыс жасалмаса, педофил өз әдетіне қайта оралуы әбден мүмкін.

- Педофилдердің жазылып кетуі мүмкін нәрсе ме?

- Педофилдердің бәрі бірдей қылмыскер емес екеніне назар аудару керек. Олардың көпшілігі өз ойларын ішкі әлемінде сақтап, басқаларға қауіп төндірмейді. Бірақ егер олар балаларға деген бұл қызығушылықтың дұрыс емес екенін түсінбесе, оның салдары қайғылы болады. Көптеген уақыт бойы жиналған үрей мен уайым, сайып келгенде, қылмыс жасауға серпін тудырады. Сондықтан, мен тағы бір рет атап өткім келеді және бұл позиция менікі ғана емес: педофилге ол қылмыс жасамауы үшін оны емдеу керек. Педофилдер жан-жақты емдеуді қажет етеді, әйтпесе оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Педофилия ең бірінші кезекте шизофрения, ақыл есінен алжасу сияқты психикалық ауру, осыны түсіну маңызды. Балаларға деген қызығушылықтан мүлдем құтылу мүмкін емес, бірақ оны төмендетуге болады. Жоғарыда айтылғанның бәрі тек біздің елде ғана емес, әлемдік масштабта зерттеудің нәтижесі. 

Дәрігер қылмыскерлер мен педофилдердің айырмашылығы үлкен екенін және адамның дертке шалдыққанын арнайы сараптамадан кейін ғана анықтауға болатынан атап өтті. Ал қазіргі таңда еліміздің түзеу мекемелерінде кәмелеттік жасқа толмағандарға сексуалды жәбір көрсеткен 1600 адам жазаларын өтеуде.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті бірнеше жыл бұрын педофилдер туралы электронды деректер картасын ұсынған болатын. Деректер аумаққа және қылмыстың уақыты бойынша бөлінген, ақпаратқа ашық қолжетімділік бар. Аталмыш істерге байланысты ақпаратты, сонымен қатар қылмыскерлердің аты-жөні мен олардың бет-әлпетін infopublic.pravstat.kz сайтынан көруге болады. 

 

Сұхбаттасқан: Сабина НҰРҒАЛИ

Талқылау