Павлодарлық ірі кәсіпкердің экс-жұбайы өз үйіне өрт сатысы арқылы кіріп жүр
Павлодарлық ірі кәсіпкердің бұрынғы әйелі Анжелика Глинская үйіне өрт кезінде қолданылатын саты арқылы кіруге мәжбүр. Өйткені, ажырасу кезінде сот бірінші қабатты күйеуіне, екіншісін әйеліне бөліп берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Время
Айтуынша, бұрынғы күйеуімен кәсіпті бөлу кезінде Павлодар қалалық соты бірінші инстанцияда оның тарапына оңтайлы шешім шығарған.
“Судья сотталушының Павлодардағы табысты және танымал кәсіпкер екенін және біздің бір кездері ортақ бизнесіміздің дамуына қосқан үлесімді ескерді. Бір кездері мен өз пәтерім мен ата-анамның үйін сатып, ақшаны бизнесті дамытуға жұмсадым. Егер Павлодар облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешіміне шағымданған жауапкердің талаптарын сөзбе-сөз көшіріп алмағанда, оның қаншалықты орынды және негізді екенін тексеруге әуре болмай, сотқа нүкте қояр едік”, – дейді әйел.
Әйел шағын саяжай екіге бөлінгенімен, облыстық соттың шешімінен қисын таба алмай отыр. Глинскаяға екінші қабат берілген. Ал бұрынғы күйеуіне барлық жағдайы жасалған бірінші қабат бөлінген.
“Бұрынғы күйеуім екінші қабат едендерін жауып тастап, коммуникацияларға қол жеткізуіме тыйым салды. Тіпті жылу мен суды да кесіп тастады. Ең сорақысы, мен заңға бағынатын азамат ретінде екінші жыл қатарынан өз үйіме өрт сөндірушілер сатысымен кіріп жүрмін. Басқа жол жоқ”, – деді әйел.
Оның бұрынғы күйеуі – металл өндірумен айналысатын кәсіпкер.
Айта кетейік, бұған дейін Болат Назарбаевтың отбасының мүшелері мұрагерлік құқығына өтініш білдіргені туралы жазған едік.