Павлодарда 6-сынып оқушысы құрдастарына пышақ сұққан
Павлодарда 6-сынып оқушысы кәмелетке толмаған екі баланы жиналмалы пышақпен жаралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Rupr.pvlshakeneva Instagram-парақшасы
Оқиға 11 қыркүйекте Павлодарда Қамзин көшесіндегі Эрзи дүкенінің жанында болған. Балалар болған жайды ешкімге айтпай, үйіне қайтқан. Кейін екеуі ауруханаға түсті.
Олар №21 мектепте оқиды екен.
“Бір баланың сол жақ жамбасы кесілген, екіншісінің сол жақ жамбасында көгерген жарақат бар. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін оқушылар амбулаторлық емделуге жіберілді. Қазір олар сабаққа барып жүр”, – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Полиция алғашында шабуыл жасаған адамның жасына байланысты қылмыстық іс қозғамады. Себебі ол әлі 14-ке толмаған.
“Оқиға болған кезде кінәлі қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмаған. Осыған байланысты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы баланы тәрбиелеу, құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деп хабарлады полиция.
Енді бала үйден оқиды. Бірақ осыдан соң қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.