Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ер кісі ата-анасы алдында әйелін қорғау керек": Отандық психолог отбасына қатысты стереотиптер қазір неге қауқарсыз екені туралы

Отандық психолог Ержан Мырзабаев әйел мен еркек отбасында теңдей болу қажет екенін айтады. Теңдік дегеніміз жарысу емес, бірін-бірі толықтыру, дейді маман. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында психолог әйелдің отбасындағы, қоғамдағы функциясы жайлы айтып, "әйел ақымақ болуы керек", "әйелге қол көтерсе, өзінен де бар" деген стереотиптерге психология тұрғысынан жауап берді.

– Қазіргі әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынас қандай жағдайда? Сізге келетін, кеңес сұрайтын адамдарға қарап, осы жағдайды қалай бағалайсыз?

– Қазіргі уақытта әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынас деңгейі нашар. Біріншіден, ерлі-зайыптылар арасында теңдік жоқ. Қоғам бәрін әйелге жүктеп қойған, қазақтың мақал-мәтелдері де "Барған жеріңе тастай батып, судай сің" деп соған итермелейді.

Ер кісі мақал-мәтелдерде "үйдің иесі", "би", "бастық" деген сөздермен сипатталады, яғни дайынға ғана келеді деген мағынада. Осындай қалыптасқан ескі ұғымдардан отбасылық жауапкершілік, құқық тұрғысынан теңдік жоқ. Бұрын бұл өзекті болды, себебі ерлер аң аулауға кетеді, жауға шабады, үйде болмайды. Ондай ситуацияда барлығын әйел жасап, дайындап отыратын. Ал қазір заман өзгерді. Демек біздің ойымыз да, идеологиямыз өзгеру керек. Яғни ерлердің офиста істеп жүрген жұмысын әйел де істей алады, мұнда ешқандай ерекшелік жоқ.

Осындай менталитетіміздің әсерінен жұмыстан келген соң, бала қарау, үй шаруасын орындау мәселелері бойынша жауапкершілікте теңдік жоқ. Қазір маған келіп жатқан клиенттер, ток-шоу, эфирлердегі елді мазалайтын сауалдар осы. 

– Шын мәнінде қалай болуы керек?

– Ерлі-зайыптылар дос болуы қажет. Сіз досыңызбен өзіңізді теңдей ұстайсыз, еркін сезінесіз, проблемаңызды айтасыз, достар әрдайым түсіністікпен қарайды. Достық қарым-қатынаста болған отбасылар тұрақты болады. Мысалы, маған әйел адамдар хабарласып, күйеулері көңіл бөлмейтіндерін айтып кеңес сұрайды. Мен оларға бір ғана жауап айтамын: "Күйеуіңізбен сөйлесіңіз". Күніне жоқ дегенде 20 минут ерлі-зайыптылар сөйлесіп тұруы керек.

Солай десем, "Менен көңілі қалып қалмай ма, ашуланбай ма, ұрысып қалмаймыз ба?!" дейді. "Егер әншейін "Көңіл бөл" деген сөзіңізге ренжіп, көңілі қалып жатса, шынымен де сізге ойлану керек - бұл сіздің күйеуіңіз бе? Күйеу болу - бұл жәй ғана ЗАГС-ке барып қол қою, неке куәлігін алу емес. Күйеу болу - жауапкершілік, ол оны таныта алмаса, мұндай адаммен сізге ары қарай өмір сүру қажет пе, жоқ па - ойланыңыз.

Бізде әйелдің ролін түсіріп тастағаны соншалықты негізгі қажеттіліктеріне жету үшін ол "еңбек сіңіру", соған лайықты болуы қажет. Ұйықтау, тамақ ішу қандай қажеттілік саналса, әйелге көңіл бөлу де сондай қажеттілік. "Еркелетсе, басыма шығып кетеді, көп нәрсе сұрайтын болып қалады, "поведениеңе" қарап көреміз дейтіндер бар. Әйел - үй қызметшісі емес.

Гүлге су құймасаң, қалай солып қалатын болса, әйел де оған көңіл бөлмесең, тез солады, шаршап қалады, балаларға дұрыс көңіл бөле алмайды. Мұндай негізгі қажеттіліктерді сұрап, жалынуды қою керек. Әйелге көңіл бөлуді еркектерден талап ету керек. Күйеуіңізбен дос болсаңыз, ол негізгі қажеттіліктеріңізді біледі. Ал жалынып сұрайтын болсаңыз, қарым-қатынас ұзаққа бармайды. 

 Ал тұрмыстық зорлық-зомблықта әйел өзі кінәлі деген пікірден қалай арылуға болады? 

– Бұл біздің қате менталитемізден туындайды. Жалпы қазақтың менталитетін екіге бөлем. Совет одағына дейінгі және кейінгі. Нағыз қазақ болып, қазақтығымызды сақтап жүрген кезіміз және одан кейін бодандыққа кіріп, тәуелсіздігімізден, болмысымыздан айырылған кезең, ол уақытта біз қазақ болуды қойдық, құлдық сана бізді билеп кетті.

Кеңес алуға келгендер "Біздің менталитетте мұндай жоқ" деп сөйлегенде өздерінен "Қазақтың менталитеті дегенді қалай түсінесің?" деп сұраймын.

"Мен әкемнен көрген жоқпын, атамнан көрген жоқпын" дейді. Кешірерсіз, олар совет одағы кезінің менталитетіне жатады, қазақтың менталитеті емес, олардікі - коммунизм, атеизмдік менталитет. Бізді негізгі болмысымыздан арылуға бағытталған идеологиялық менталитет. 

Ал енді арғы кездегі "Қозы Көрпеш Баян сұлуды", басқа да дастан, кітаптарды қарасақ, қазақтар өте эмоцианалды, романтик болған. Совет кезіндегі тоталитарлық режим, соттау, ұрып-соғу біздің отбасылық қарым-қатынасқа сіңіп кетті деп ойлаймын. Біздің елімізде гендерлік саясат дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ: саясатта, экономикада еркек пен әйел тең болуы керек. Еркек әйелдің психологиясын, қажеттілігін толық түсіне алмайды. Сондықтан отбасылық зорлық-зомбылықты азайтудың жолы - әйелдердің белсенділігін арттыру, гендерлік саясатты дұрыс жүргізу, зорлық үшін жазаны қаталдандыру. 

–  “Әйел еркектен төмен”, “көп нәрсеге көз жұмуы керек”, “сәл ақымақ болуы тиіс” деген пікірлер психология тұрғысында қаншалықты дұрыс? 

– Ешбір психолог ғылыми тұрғыда дәлел келтіре алмайды. Психологияда адамның өзінің бақыты бірінші орында тұрады. "Бақытты адамдар ғана басқаларды бақытты қыла алады" деген позиция бар. Ал енді "Әйел - отбасы ұйытқысы" деген көзқарас қазақтарда ғана қалыптасқан. Өткен замандарда қалам, қағаз ұстағандардың көбі ер адамдар болғандықтан, олар өздеріне пайдалы сөз тіркестер, мақал-мәтелдер ойлап таба берген. Қазіргі уақытта бұл өзекті емес.

Егер адам іштей қорқынышпен өмір сүретін болса, потенциалын жүзеге асыра алмаса, жиі ауырады, мұны "психосоматика" дейді.

Қазір 50 жастағы әйел адамдардың біршамасы қант диабетіне шалдыққан, қан қысымы жоғары, бойында түрлі дерттер бар. Онымен қоса, негативті эмоцияларға толы, осы жағымсыз ойларын олар келіндеріне жеткізеді, күн көрсетпейтін кездер болады. Демек, мұның бәрі кезінде ашылмаған потенциал мен  орындалмаған мақсаттар, іштегі жиналған өкпенің салдары. Өздері бақытсыз болғандықтан, басқалардың бақытты болғанын қаламайды.

 Әйел кінәлі болып тұрса, оған қол көтеруге болады деген нәрсеге психологияда қандай уәж айтады? Жалпы түсініспеушіліктен қалай шығу керек?

– Жақында республикалық арналарлың бірінде осы тақырып көтерілді. Келген кейіпкер "Мені күйеуім ұрады, таяқ жей берем, ішеді" деп шағымын айтып отырған болатын. Сонда қонаққа шақырылған психолог әйел "Кінә біржақты болмайды ғой" дейді. 

Осылай айтатын психологтардың барлығының дипломдарын, лицензияларын алып, жұмыс істеткізбей қою керек. Кім қаншалықты кінәлі болып, қателік жасаса да, зорлық-зомбылықты ақтау жоқ.

Әйелдің кінәлі болуы, оны ұруға болады деген сөз емес. Мінсіз адам болмайды. Қателік жасады ма, сөйлесу керек, қатты қиналып бара жатсаң, ажырас. Бірақ ешкімді қор қылуға, ұруға, қол көтеруге болмайды, әйелді жекеменшік деп қараудан құтылуымыз керек. Әйел - сенің теңің, серіктесің. Серіктес деген - ортақ жобаларымыз бар деген сөз, бала, отбасы деген сияқты. Бөлек тұруға болады, ешкім ешкімге ештеңе міндетті емес.

Үйленер алдында еркектер мына нәрсені түсіну керек: әйелдің эмоциясы болады және оны қабылдау, көтеру керек. Жетістіктері мен кемшіліктерімен қабылдай алу керексіз.

Агрессияға бейім, әйелге қол көтеретін еркектерді емдеу керек. "Бала кезде көп таяқ жедің ба, ата-анаңнан көңіл бөлінбеді ме, ашуланшақсың ба? Емдел!" деу керек. Содан кейін барып отбасын құрсын.

 Біздің қоғам патриархалды ма? Жалпы қазіргі уақытта байқалып жатқан феминистік көзқарастарды ұстану керек пе әлде бұрыннан қалыптасқан ерді жоғары бағалау қажет дегенді ұстанамыз ба?

– Патриархалды дегеніміз билікте, шешім қабылдауда ерлердің басым болуы деген сөз. Бұл, әрине, дұрыс емес. Біздің санамыздағы ерді жоғары қою бұл олардың әрдайым өзін-өзі дамытып отыру керектігін көрсетеді. Феминизмді қолдап, гендерлік теңдікті ұстансақ, одан ер адам төмен болып қалмайды. Егер сіз жүріс-тұрысыңызбен, әңгімеңізбен сыйлауға лайықты болсаңыз, әйел де сізді әрдайым бағалайды, сыйлайды. Еркекпін деп ауызға келгенді сөйлеп, бала-шағасын ойламайтын, ақша таппайтын еркек болсаңыз, сізді ешкім жоғары сыйламайды. Сыйлау, жақсы көру, жоғары бағалау сөзбен айтылатын нәрсе емес. 

Біздің еркектер - проблемалық адамдар. Бала тәрбиесіне атсалыспайды, ішінде үлгі болатындары жоқтың қасы, "Өзімді ұстай алмай қалдым, ашуланып кеттім" деп айтып жатады. 

Феминизмді дамыту керек. Әйелдің құқықтарын қолдау, қоғамдық өмірдегі белсенділігін әлеуметтік рөлін арттыру қоғамға керек. Патриархалды билік форматын өзгерту керек, себебі қазір бұл актуальді емес. Әйелдің қоғамда белсенді болуынан еркектер де ұтады. 

Әйелге жағдай жасалса, ол өзін дамытады, жетілдіреді. Бірақ оған қалай жағдай жасау керек екенін білмей жатады. Сондықтан әйелдің қоғамдағы рөлін арттыру үшін жағдай жасау қажет, бұл қазір тек феминизм арқылы ғана мүмкін болып отыр. 

– Отбасында әйел де еркек те теңдей дәрежеде болса, орындайтын міндеттерін келісіп бөліп алуы керек дегенмен келісесіз ба?

– Келісіп алуға болады, бірақ әрдайым кез-келген нәрсені орындай алу маңызды. Егер ерлі-зайыптылардың бірі ауырып, не белгілі бір жағдайлармен міндеттерін орындай алмаса, түсініспеушілік туындауы мүмкін.

Әйел "Тамақ істеймін, көмектесіп жіберші" десе, еркек келісіп көмектесу керек. 

Отбасылық міндеттерді бірігіп істеу - нағыз романтика. Тамақ істеп жатып, үй жинып отырып сөйлесесің. Медиа, кино бізге романтика жайлы қате ұғым береді. Әрбір бірге жасалған шара - романтика. 

–  Ал егер ер адам көшеде келе жатып, біреу-міреу тиіссе: "Тең екенбіз, өзің қорған" десе ше?

Біз құқық жағынан теңбіз. Ер кісі физикалық тұрғыдан күштірек екені белгілі. Мәселен, жылқыны алайық, ол еркектен физикалық тұрғыда күштірек. Бірақ біз оны еркектен жоғары бағаламаймыз ғой. Жұптар бір-бірін толықтырып отырады. Ауыр жүк көтеру керек болса, еркек көтереді, ал ер адамға нәзіктік, талғам жетпесе әйел көмекке келеді. Сыпайылық, эстетика жағынан әйел демеуші болады. Теңдік дегеніміз жарысу емес, бір-бірімізді толықтыру.

– Ажырасуға қалай қарайсыз?

– Ажырасуға еркін қараймын. Түсінесе алмай жатса, ажырасқан дұрыс. Балалардың психикасына зақым келтірмей, әркім өзін сыйлайтын, жақсы көретін адам таба алады. Адам жалғыз да бақытты бола алады. Бізді стереотип тұрғысынан қорқытып, ертең 80-ге келгенде қасыңда шалың болмаса, жалғыз басты өзің не істейсің?" деп жиі айтады. 

80-ге келгенде жалғыз қалмайын деп, 40 жыл бойы қиналып жүруім керек пе?

– Мұндайда жұбайына материалдық тұрғыда тәуелді болып жүрген әйелдер не істеуі керек?

– Мүмкіндік болмаса да, ақша табуға деген талпыныстан бас тартпау керек. Менің ойымша, материалдық мәселелер психологиялық проблемаларға қарағанда әлдеқайда оңай шешіледі. Ақша табудың жолдары көп. Ал психологиялық травмалардың емдеу, түзету қиын. Себебі олар физикалық жара сияқты көрінбейді, байқалмайды. 

Ондай әйелдерге былай айтамын: "Сізді ұрып, қинап, сізді сыйламайтын адаммен бірге тұру сізге психологиялық тұрғыдан зиян. Сол ортадан шықпайынша, альтернативті жолдар, таңдаулар адамға көрінбейді. Күйеуіңіз айына 5-10 мың теңге берсе, соған үйреніп қалғансыз. "Күйеуім кетіп қалса, сол 5-10 мыңды кім береді?" деп бас қатырасыз. Күйеуіңізден құтылыңыз, одан кейін ойыңыз өрлей түседі, қаржы табудың басқа да тетіктері табылады. Сізді ашуландыратын, мазалайтын, сыйламайтын адам қасыңызда болмаған кезде керісінше потенциалыңыз ашылады. Материалдық проблемадан қорықпау керек.

– Қазіргі уақытта қазақстандық отбасылар арасында қандай проблема өзекті болып отыр?

– Ене мен келін арасындағы проблема өзекті болып. Жап-жақсы жұптар осының кесірінен зардап шегуде. Мұнда еркекке көп жауапкершілік артады. Ер кісі ата-анасы алдында әйелін қорғау керек. "Жақсы көріңіздер, сыйлаңыздар. Егер әйелім жаман десеңіздер, бұл әйелді танымаған мен жаманмын. Демек, мені тәрбиелеген сіздер жамансыздар" деген нәрсе бар.

Қазіргі кездегі әке-шеше оларға айтарлықтай көңіл бөліп, қарауды, қасында  бірге тұруды қажет етпейді. Заман талабына сай өмір сүрсе, бәрі бақытты болады. Белгілі бір уақытқа дейін шал-кемпір бөлек тұрсын, жастар бөлек тұрсын, көп проблема сонымен шешіледі.

– Өзіңіз жайлы айта отырсаңыз, психолог ретінде қызмет етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– 17 жасымнан 13 жыл бойы мектепте жұмыс істедім. Бакалаврды ағылшын тілінің маманы ретінде бітірдім, соңғы төрт жылда Қостанайда мектеп директоры болдым. Мектепте жұмыс істеп жүргенде оқушылардың жүріс-тұрыс, сабақ үлгерімін бақылай келе, ата-аналарымен танысып мынандай қорытындыға келдім: үйде балада қандай атмосфера болса, мектепте де солай жүреді. Балаға мұғалім, мектептің деңгейі емес, отбасындағы қарым-қатынасы әсер ететінін түсіндім.

2012 жылы магистратураны бітірген соң, мектепте ата-аналарға тоқсанына бір рет семинар өткізетінбіз. 2015 жылы Алматыда "Отбасы - Жанұя жарасымы" орталығына жұмысқа тұрдым.

Бір жылдан астам БҰҰ-ның даму бағдарламасында жұмыс істедім, Орта Азияның әлеуметтік жобасын іске асырдық. 2018 жылы Америкаға отбасылық қарым-қатынас мәселесін зерттеп келе жатқан The Gottman Institute-та бірінші, екінші деңгейлі курстарын оқып, сертификаттарын алдым, олардың отбасылық психотерапевтерге арналған ерекше методологиясы бар. Одан бөлек, Еуропада тағылымдамадан өттім. Жалпы отбасылық психология бағытында 5 жылдан аса жұмыс істеп келе жатырмын.

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр