Олимпиада жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан азаматтығынан бас тартпақ
Дзюдодан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Моңғолия азаматтығын алмақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: David Finch/Getty Images
Алайда оның Моңғолия азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініші қабылданбаған. Өйткені Моңғолия заңы қос азаматтыққа рұқсат бермейді. Бұл туралы спортшы Terminal подкастына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, Моңғолияның тиісті органдары Қазақстан азаматтығынан шыққаннан кейін ғана өтінішті қабылдай алатынын хабарлаған. Артынша Отгонцэцэг Моңғолия азаматтығын қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтінішпен Қазақстанның тиісті органдарына өтініш берген.
Спорт министрлігі азаматтық заңнамаға түсініктеме бере алмайтынын айтты.
"Ол өзінің мансабын аяқтады және ұлттық құраманың мүшесі емес, сондықтан біз азаматтық заңнамаға түсініктеме бере алмаймыз", – деді спорт министрлігі.
Федерация да мәселені түсіндіре алмады.
"Федерация бұл мәселеге қатысты түсініктеме бере алмайды, өйткені ол 2021 жылдан бері дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі емес", – деп хабарлады Қазақстан дзюдо федерациясы.
Отгонцэцэг – моңғолдық дзюдошы, ол 2015 жылы көгілдір төлқұжатты алып, бес жылдан астам уақыт бойы еліміздің атынан сынға түсті. 2016 жылы Риода өткен Олимпиадада қола жүлдегер атанды, 2016 жылғы Азия чемпионатында жеңіске жетті, екі рет әлем чемпионатының қола жүлдегері.