Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысатын бадминтоншымыздың қарсыластары белгілі болды
Бадминтон спортынан Қазақстан құрамасының үздігі Дмитрий Панариннің Париж олимпиадасындағы қарсыластары белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/qaz_olympics
Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысатын Дмитрий Панарин Париж олимпиадасының іріктеуінде D тобына түсіп, кімдерге қарсы ойнайтыны анықталды. Ол әлемдік рейтингте жоғары орында тұрған 13 ойыншының қатарына кірген жапониялық Кента Нисимотомен ойнайды. Кездесу 28 шілде күні өтеді. Панарин содан соң канадалық бадминтоншы Брайан Янгке қарсы кездесу өткізеді.
Бадминтон жарыстары 27 шілде мен 5 тамыз аралығында Париждегі Порт-де-ла-Шапель аренасында өтеді. 36 мемлекеттен келген 41 спортшы олимпиада жүлдесіне таласады. Олар 3-4 атлеттен 13 топқа бөлінген. Плей-офф кезеңіне тек 1-орын алған спортшы шығады. D тобының үздігі 1/16 айналымда С тобының мықтысымен кездеседі. Ал бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда А тобының мықтысымен сынға түседі.
Айта кетейік, Дмитрий бұған дейін 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер олимпиадасында өнер көрсеткен. Отандасымыз сәуірде Париждегі дүрмекке лицензия жеңіп алып, жазғы олимпиадада бадминтоннан Қазақстан намысын қорғайтын алғашқы спортшы атанған еді.