Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

8 ай бұрын несиеге алған: Нұр-Сұлтанда ғимарат төбесінен қар үйіндісі құлап, бірнеше көлікті зақымдады

Нұр-Сұлтанда шатырдан мұз үйіндісі құлап, тұрақта тұрған бірнеше көлікті зақымдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқиғаның видеосы Instagram парақшасының бірінде жарияланды.

Видео авторының пікірлеріне қарағанда 5 көлік қар астында қалды. Көліктердің төбелері мен терезелері сынған.

Ғимаратта «Абайлаңыз, қар үйіндісі түсу қаупі бар» деген жазуды байқауға болады.

Қала тұрғыны Нұрболат Махамбетовтың да көлігі үйінді астында қалды. Оның банктен несие рәсімдегеніне 8 ай ғана болған. Енді көліктің құнын қалай өндіріп аларын білмей дал.

Бір өкінішітісі, оқыс оқиға болғалы екі тәулік өтсе де, ғимаратқа жауапты бірде-бір тұлға зардап шеккендерге хабарласпаған.

"Көлікті қарызданып алдық қой енді. Оның ақшасын кім төлейді? Несиеге алдық ақшасын. Не істерімізді білмей қалдық қой енді. Банктен 4,5 млн теңгедей алдым", - деді ол Еуразия бірінші арнасының тілшісіне берген жауабында.

Ал көлік қожайындары "автокөлік қоюға болмайды" деген жазбаны мүлде көрмегендерін айтады. Себебі, автобус жүргізушісі болып істейтін азаматтар, жұмысқа түнде келіп кетеді екен. Анық қар құлайтынын білген уақытта жауаптылар шара қолдануға болар еді деген пікірде.

"Осы жерге таңертең жұмысқа шығу үшін өзімнің автокөлігіммен келдім. Осы машиналардың қатарына қойғам мен де. Сонымен кешке таман келсем, қар басып қалған ғой машинамды. Машинам ремонтқа қайтадан келмейді", - деді зардап шегуші Есен Ырысбеков.

Бүгін мереке болғандықтан, ғимаратқа жауапты компания өкілдерін жұмыс орнынан таппадық. Енді, шаш етектен шығынға батқан көлік иелері мекеме атына ұжымдық шағым түсіріп, шығынды өндіріп алмақ ниетте. 

Талқылау