Нұр-Сұлтан ең лас бес қаланың қатарына кірді
Елорданың ауасы зиянды заттарға толы. Әсіресе, бас қаланың аспанында күкірт, көміртек, азот мөлшері көбейген. Бұл туралы америкалық «World Air Quality» сайты мәлімдеді. Химиялық элементтер несімен қауіпті? Бұған қатысты жауапты министр мен экологтер не дейді?
Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Нұр-Сұлтан ең лас қалалар қатарына енді. Мұны әлемдегі ауаның тазалығын онлайн бақылайтын «World Air Quality» сайты жариялады. Олардың пайымынша, кеше таңерте ел астанасында зиянды заттар мөлшері тиісті деңгейден 7 есе артқан.
Сайттағылар Нұр-Сұлтан ауасында күкірт, көміртек, азот мөлшерінің тым асқанын байқаған. Дереккөз бір шаршы метрге 185 микрограмм химиялық қоспалардың тарағанын анықтапты. Ал негізі ірі қалаларда бұл көрсеткіш 25 микрограммнан аспауы тиіс. Эколог Төлейбай Әділов бұл ойланатын дүние дейді.
"Мен де мұны жаңалықтан көрдім. Онда адамға аса зияны бар заттар келтірілген. Көбіне химиялық элементтер жер бетіне сіңіп, сосын адамның ағзасына өтеді. Экологтар тілінде ол заттарды "PM- 2.5", "PМ-10" деп атайды", - деді эколог Төлеубай Әділов.
Әдетте «PM- 2,5», «PМ-10» деген сөз, ауаға қорғасын, цинк, кадмий сынды металлдар да тарады дегенмен пара-пар. Олар адамға асу қауіпті. Әсіресе, химиялық элдементтер аллергияның көбеюіне, азғаның тітіркенуі мен обыр, демікпе сынды дерттерге де апаруы мүмкін. Сондықтан эколог бұл жерде шұғыл өзгерістер керектігін айтады.
«Көгалдандыру дейміз, ағаштар отырғызамыз, бірақ оның қыста пайдасы аз. Жасыл желек тек жазда ғана көмек береді. Сондықтан қаладағы жылу жүйесін толықтай орталықтандыру керек. Сонда адамдар отын жақпайды. Қысқасы, газ тарту керек. Әсіресе, жеке секторға», - деді эколог.
Қала тұрғындары да жел соқпаса қою түтіннің астында қаламыз дейді.
Дегенмен, экология министрі Мағзұм Мырзағалиев көк түтінді «жеңеміз» деп сендірді. Яғни одан толықтай құтылуға болатынына сенімді. Тек адамдар көмірден бас тарту керек екен.
«Тұрғындардың көбі көмір сатып алған, сондықтан әлі де газға көшуге дайын емес. Олар сатып алған көмірін пайдалануға мүмкіндік беруді сұрайды. Осылайша, келесі жылыту маусымына қарай қала ауасы тазарады дегенге үміттенгім келеді», - деді ол.
Ведомство басшысы елордаға енді жеткен «Сарыарқа» газ құбырына үміт артады. Оның сөзінше, бүгінде 300 үй көк отынға қосылған. Тағы мыңға жуық отбасы газ қостыруға ниет білдірген.