Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дженнифер Лопестен Real Madrid-ке дейін: Әлемдік жұлдыздардың келуі Қазақстанға қандай пайда әкелді

Әлем жұлдыздары Қазақстанға келуі

Фото: Stan.kz 

Биыл Қазақстанға келген әлемдік жұлдыздардың легі көпті таңдандыруда. Дженнифер Лопес, Backstreet Boys, Джеки Чан, Burak Özçivit, тіпті әйгілі Real Madrid футбол клубының өзі қазақ жеріне табан тіреп, елді елең еткізді. Желіде көпшілік әлемдік шоу-бизнес пен спорт өкілдерінің бірінен соң бірі Қазақстанға келіп жатқанын мақтанышпен талқылауда. Расында бұл еліміздің әлемдік ареналарда танылуы мен экономикасына әсер ете ме? Stan.kz тілшісі осы тақырыпты саралап көрді.

Желі қолданушылары биыл еліміздегі болып жатқан оқиғаларды үлкен жетістікке балады. 

“Реалды шығарып салдық. Енді Бурак Озчивит келе жатыр. Қазақстанда ашық есік күні ме?”, “Сонда Джеки Чанның Қазақстанға келіп, бізбен кино түсіріп жатқаны жаңалық болмай қалды ма?”, “Мә, не болып жатыр Қазақстанға? Дженнифер Лопес, Backstreet Boys, Джеки Чан, Burak Özçivit, Real Madrid. Тағы кім келеді, күтеміз әлемдік жұлдыздарды. Тез келіп үлгеріп қалыңдар. Кейін менсінбей кетуіміз мүмкін”, – деп жазды көпшілік. 

Әлем жұлдыздары Қазақстанға келуі

Фото: Желі кадрларынан

“Ел бюджетіне 45 миллион АҚШ долларына дейін табыс әкелді”

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Дженнифер Лопестің концертінен қалаға түскен табыс 10 миллиард теңгеден асқан. Яғни бюджетке салық түрінде шамамен 600 миллион теңге түседі. Жиынға 27 мың көрермен жиналса, оның 7 мыңға жуығы 35 елден келген.

Ал "Астана концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасенов бұған дейін әншінің Астанадағы концерті 6,5 миллиард теңге табыспен, бюджетке 400 миллион теңге салық түсіретінін айтқан еді. Сарапшылар екі қаладағы концертке де шамамен 15 мыңнан астам турист келгенін алға тартты. Билет бағасы 45 мың теңгеден басталған еді. Одан бөлек, туристердің елге келгенде тұрақтайтын орны мен жүру шығындары да бар. Сарапшылардың пікірінше, мұндай концерттер шағын және орта бизнеске 1 миллион доллардан астам қосымша табыс әкеледі.

Ал Backstreet Boys-тың концертіне келсек, Астана әкімдігінің мәліметінше, стадионға 25 мыңнан астам көрермен жиналған. Оның ішінде туристер де бар. Mastercard деректеріне сүйенсек, қала қонақтары Астанада орта есеппен үш күн болып, күніне 230 доллар (шамамен 110 мың теңге) жұмсайды. Осыны ескергенде, Backstreet Boys концерті елордаға шамамен 7,8 миллиард теңге экономикалық пайда әкелген. Бұл есепке билет, ұшақ және пойыз шығындары кірмейді. Ал концерт билеттері 40 мың теңгеден басталды.

Жақында елімізге “Қайрат” футбол командасымен ойнауға Real Madrid футбол клубы келген еді. Бұл да ел экономикасы үшін атаулы оқиға болды. Команданың өзі спортшылар тыныштықта тынығуы үшін бесжұлдызды InterContinental Almaty қонақүйін түгелдей жалға алған. SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, "Реал Мадрид" клубы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында қонақүйді толықтай жалға алуға 278 миллион теңгеден астам (шамамен 507 мың доллар) қаржы жұмсаған. 

Бұдан бөлек матчқа Қытай, Үндістан, Ресей, Қазақстанның басқа өңірлері, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД елдері мен Еуропаның басқа мемлекеттерінен туристер келді. Mastercard компаниясының мәліметінше, Алматыға келген шетелдік турист орта есеппен 1 500 доллар (шамамен 700 мың теңге) жұмсайды. Бұл сома қонақүй, тамақ, көлік, ойын-сауық пен шопинг шығындарын қамтиды. Ал Туризм басқармасы ойыннан түскен экономикалық пайданы айтарлықтай жоғары деп бағалады.

Ал атақты актер Джеки Чан Алматыға Salem Entertainment компаниясымен ірі бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін келген. Тіпті дайындыққа кірісіп кеткен. Мұның өзі еліміздің киноиндустриясына жаңа серпіліс бермек.

"Kazakh Tourism" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы туристерді әсіресе осындай Event жобаларды тартатынын алға тартты. 

“Мәселен, Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттеріне жалпы саны 25 мыңнан астам мейман келді. Ал "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы матчқа 5,2 мың шетелдік турист қатысты. Бұл іс-шаралар ел экономикасына орташа алғанда 45 миллион АҚШ долларына дейін табыс әкелді. Әлбетте, мұндай Event жобалар жүздеген миллион көрерменді қамтитын ауқымды медиа-әсерімен ерекшеленеді. 
Event-туризм бағытындағы ауқымды іс-шаралар елдің әлеуетін ілгерілетуде маңызды рөл атқарады және Қазақстанның шетелдегі ақпарат алаңына қатысу деңгейін кеңейтеді. Бірақ мұндай шаралардың тұрақты және жүйелі түрде өткізілуіне баса назар аудару керек. Бұл еліміздің осы бағыттағы тартымдылығын арттырып, жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізе алатын әлеуетін айқындайды. Бұл жаһандық туристік нарықта елімізді ілгерілету және халықаралық серіктестікті нығайту бойынша жүргізілетін жүйелі жұмысқа септігін тигізеді”, – деді Даниел Сержанұлы. 

Маманның айтуынша, осы тұста мұндай шаралардың көлемі емес, қаншалықты жиі өткізілетіні маңызды.

“Мұндай шаралар өткізілсе: қонақүйлер, тамақтанатын орындар, көлік қызметі және басқа да сервистер көбірек жұмыс істейді. Фильм, жарнама түсіретіндер жергілікті жерлерге қызығады. Қазақстанды ірі халықаралық іс-шаралар өткізуге қолайлы ел ретінде таниды. Бірақ ең бастысы – мұндай шаралардың көлемі емес, қаншалықты жиі өткізілетіні маңызды. Ірі халықаралық іс-шаралар еліміздің туризм мен басқа салаларына пайдалы. Бірақ олар жиі өткізіліп тұрса, пайдасы одан да көп болады”, – деді ол.

“Мұндай шаралар көп өткен сайын елдің иммиджі де жоғары бағаланады”

Экономист Айбар Олжаев әлемдік жұлдыздардың келуі экономикаға кәдімгідей әсер ететінін алға тартты. Айтуынша бұл дамып келе жатқан қалалардың ішкі жалпы өніміне пайдалы.

“Туризмнен келетін орташа чек өседі. Одан бөлек, билет сататын промоутерлік компаниялар да билеттен түскен қаражаттан салық төлейді. Жергілікті сервис, шағын және орта бизнес, кафе ресторандар, көңіл көтеру орындарының табысы артады. Сондықтан былтырдан бастап келіп жүрген барлық әлемдік жұлдыздардың, үлкен футбол мачтарының экономикаға әсері зор әрі әсері ұзақ мерзімді болады. Себебі бір үлкен жақсы концерт өтіп, адамдарға керемет әсер қалдырса, онда келесіде туристер өзге себептерсіз де Алматыға келе бастайды. Сондықтан мұндай шаралар туристер санының жыл сайын 10-15% көбеюіне әсер етеді. Алматының экономикасы өзі сервистік модельмен жақсы дамып келе жатыр. Мұндай модельде туристердің сырттан әкелетін ақшасы өте маңызды”, – деді маман. 

Айбар Олжаев дегенмен әзірге еліміздегі тұрғындардың барлығының қалтасы әлемдік деңгейде ұйымдастырылып жатқан шараларды көтермейтінін айтты. 

“Жалпы ел халықының 10%-ының төлем қабілеті билет алуға жетсе, әлем жұлдыздарының келуіне бұл сан жеткілікті. Мұндай билеттерді көбінің қалтасы көтермеуі мүмкін. Бірақ қымбат билетті сатып ала алатындар да аз емес. Негізгі концепция соларға және туристерге арналған. Әлем жұлдыздары келсе концертке қазақстандықтар ғана бармайды. Сырттан да келеді. Сол арқылы билеттердің біразы өтеді.
Мұндай шаралар көп өткен елдің иммиджі де жоғары бағаланады. Туристерден түсім мөлшері көп болады. Мұндай жобаға мемлекет шығын шығармайды, керісінше пайда табады. Шығын шығаратындар – жеке компаниялар. Дегенмен олар да алдын ала мүмкін болатын табысты есептейді. Табысы шығыннан үлкен болатын концерттерді ұйымдастырады. Ал соңғы концерттерге қарап, шынымен түсетін табыстың шығыннан артық екенін көріп отырмыз”, – деп қорытты маман.
STAN.KZ
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 13:44
Талқылау