"Президенттің экс-кеңесшісінің қатысы бар": "Болашақ" Ұлыбританияға оқуға түскен төрт баланың анасын неге әлекке салып отыр
Ұлыбританияға “Болашақ” бағдарламасымен оқуға түскен қазақстандық Мөлдір Қабылова шәкіртақыдан айырылып, бағдарламаның оқу ақысын төлеуден бас тартуына бұрынғы күйеуі, президенттің экс-кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың қатысы бар екенін айтты. Англияда оқуын ақылы түрде жалғастырып жатқан Мөлдір Қазақстанға оралса, бұрынғы күйеуі балаларын тартып алып, өзін жұмыссыз қалдырады деп қорқады. Тіпті түрмеге тоғытуы да ғажап емес дейді отандасымыз. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Instagram.com/moldir_qabyl/En.csi.kz
Президенттің экс-кеңесшісі Олжас Құдайбергеннің бұрының әйелі Мөлдір Қабылова “Болашақпен” Англияға оқуға түскен. Алайда жеке сот орындаушылары еш себепсіз “Болашаққа” Мөлдірдің шәкіртақысын тоқтатуды талап етіп, жүгінген. Мөлдірдің айтуынша, олардың басты шарты – оқу ортасында балаларды Қазақстанға қайтарып, әкесі Олжас Құдайбергеновке тапсыру. Бұл іс куратордан алынып, “Болашақтың” заңгерлер бөліміне жіберілген. “Болашақ” жеке сот орындаушыларының бұл талабын заңды деп тауып, шәкірақы беруді тоқтатты. Сондай-ақ Мөлдір 2-курстың аяғынан бастап оқу ақысын да өзі төлеп жатыр. Қазір Мөлдір Қабылова төрт баласымен Англияда тұрып жатыр. Отандасымыз шетелдегі оқуын әлі аяқтаған жоқ.
Қазір Мөлдір заңсыз әрекет еткен жеке сот орындаушыларының жазалануын қалайды. Ол қарапайым екі жеке сот орындаушыларының көпбалалы ананың соңынан не себепті түскенін түсінбей дал. Мөлдір мен оның адвокаты Айнара Айдарханова екі мәселе бойынша сотқа жүгінді. Біріншісі – “Болашақтың” шәкіртақыны қайта тағайындауы, екіншісі – заңсыз әрекет етіп, өз лауазымын асыра пайдаланған екі сот орындаушысын жауапқа тарту. Бірақ Олжас Құдайбергенов олардың арызына шағым түсірген. Жәбірленуші тарап президенттің экс-кеңесшісі жеке сот орындаушыларына қорғаншылық жасап отыр дейді. Байқоңыр прокуратурасы мен соты екі жеке сот орындаушысының өз лауазымын асыра пайдаланды деп тапты. Бірақ олар жауапқа тартылмаған.
“Біз соттың шығарған шешіміне қарамастан арызда атқарушылық өндірістен тексеру жүргізілуін талап еттік. Мұны қабылдамады. Сот орындаушыларының республикалық, аймақтық палатасы да, әділет министрлігі де сот орындаушыларын жазадан алып қалды. Еш нәтиже болмаған соң қалалық сотқа жүгіндік. Ол да шешімді өзгеріссіз қалдырды. Енді кассациялық сотқа жібереміз. Егер расымен жауапкершілікке тарту туралы талап-арыз қабылданбаса, бұл прокуратура тарапынан болған фактіні жоққа шығармайды. Менің ойымша, бұл іс қайтадан жолданады. Олардың түсінігінде бәрібір жазаланған болып есептеледі. Әдетте, сот орындаушыларына болмайтын қатесі үшін тәртіптік жаза қолданылады. Ал бізде сот шешімі бола тұра, олар жұмысын жалғастырып жатыр”, – дейді Айнара Айдарханова.
Мөлдір отбасылық мәселелер оқуына еш қатысы жоғын айтады.
Сондай-ақ жәбірленуші тарап бұл заңсыздыққа президенттің экс-кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың қатысы барын анықтаған. “Болашаққа” қатысты келесі сот отырысы 6 мамыр күні Астанада онлайн форматта өтеді. Сот орындаушыларына қатысты мәселе де әлі шешімін таппаған. Адвокат сот орындаушылары жауапқа тартылмаса, олар алдағы уақытта да осындай заңсыз әрекеттерін жалғастырады деп қорқады.
"Болашақ” бағдарламасының бұрынғы басшысы Әнуар Жанғозин менің атымдағы үйді кепілден шығару туралы құжатқа қол қойды. Бұл туралы маған ескертілмеді. Ал одан кейінші басшы Олжас Сәкенов менің шәкіртақымды тоқату туралы қаулыға қол қойды. Мен шәкіртақыны тоқтатудың себебін түсіндіруін сұрап, мұның заңсыз екенін айтып, өтініш жаздым. Бірақ Олжас Сәкенов “Сіздің хатыңыз күн тәртібінен алынды” деп жауап берді. Яғни ешбір себебі аталған жоқ. Кейін маған “Болашақта” жұмыс істейтін бір әйел хабарласып, соңына дейін күресу керек екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайды ондағы барлық қызметкер біледі. Бірақ жоғарыдан тапсырма келген соң ешкім ештеңе істей алмай отыр. Балалардың мәселесі – отбасылық мәселе. Менің оқуыма еш қатысы жоқ”, – дейді Мөлдір ашынып.
Онымен қоймай, жеке сот орындаушылар Мөлдірдің балаларға берілетін жәрдемақысы түсетін банк шотын бұғаттап тастаған. Ал оның бұрынғы күйеуі Олжас Құдайбергенов бірнеше ай бойы төрт балаға берілетін 53 мың теңгеге жуық жәрдемақыны өзі алып отырған.
“Адвокатым Айнара Айдарханова әділет министрлігіне шағым түсірді. Бірақ министрлік кенеттен менде көпбалалы ана мәртебесі жоқ екенін айтты. Қорғаушым екеуіміз бірнеше рет арыз-шағым түсіріп, ақыры көпбалалы ана мәртебесін қайтарып алдым. Әкесі алған жәрдемақыны бізге қайтарған жоқ. Ол ақшаны мемлекетке қайтарыпты-мыс. Ол менің атымдағы үйдің тіркеуінен мені және балаларды шығарып тастап, оны әпкесіне сыйлады. Алименттен де, шәкіртақыдан да айырды”, – дейді Мөлдір Қабылова.
“НеМолчи.kz" қорының басшысы Дина Таңсәрінің жәбірленуші Мөлдір Қабыловамен және оның адвокаты Айнара Айдархановамен өткізген жиынында “Болашақ” бағдарламасының бұрынғы өкілінің заңсыз әрекеттері туралы айтылды.
Оқу ортасында ешқайда кетіп қала алмайтынын айтқан Мөлдір бір кездері "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрайымы болған Әлия Оспанованың өзіне жазып, көндіріп, манипуляция жасағанын айтты.
“Мұны заңсыз деп есептеймін. Олар мені қудалап жүр. Әлия Оспанова Англияға, мен тұратын қалаға келіп, стипендиаттармен жұмыс уақытынан тыс дәмханада бірінде кездескен. Жарайды, кездескеніне қарсы емеспін, бірақ ол сол стипендиаттармен менің жағдайымды талқылаған. Бұл кәсібилікке жатпайды.Сонымен қатар ол маған Қазақстанға қайтып келсем, алмаған шәкіртақымды қолма-қол беруге уәде берді. Өз таныстары арқылы жұмысқа орналастырып беремін деді. Мұның бәрі оқу ортасында болды. Ол маған: "Қазақстанға қайтып келсең де болады, осы жерде оқуыңды жалғастырып, аяқтасаң да болады" деді. Мұнда айына бір рет белгіленбесең менің визамды жойып жіберуі мүмкін. Осылайша оқуымды аяқтай алмай қаламын. Бірақ Алия Оспанова үшін мүмкін емес нәрсе жоқ еді”, – деді Мөлдір.
Мөлдірдің әкесі қазіргі уақытта колонияда отыр, ал ағасы да сотталған. Болған жағдайлардың бір-бірімен байланысын түсінбеген Мөлдірдің тарапы мән-жайды білмек болып Әлия Оспановадан Олжас Құдайбергенов жайлы сұраған. Алайда ол Мөлдірдің бұрынғы күйеуі Олжас Құдайбергеновпен ешқандай байланысым жоқ деп ақталған.
“Қазір әкем екі жыл болды колонияда, ағам сотталды. Мені куәгер ретінде шақырды. Үйімді кепілден шығарып, өз әпкесінің атына жазып берді. Ағылшын сайтында адамдардан қайырымдылыққа ақша жинадым. Осылайша оқудың ақшасын өзім төледім. Көпбалалы ана ретінде мені өз мемлекетім қорғай алмай отыр. Олжас Құдайбергеннің туысы Олжас Бектеновтің жақындары Менчестерде оқыды. Олар Болашақты аяқтаған соң Қазақстанға бармады, осында жұмыс істеп қалды. Бірақ олардың соңынан ешкім түскен жоқ”, – дейді Мөлдір өзінің не себепті қудаланып жүргенін түсінбей.
Ол Қазақстанға барсам, қорғаншылық органы мен полиция балаларын өзінен тартып алатынын айтты. Елдегі ары қарайғы тағдырын тіпті елестете алмайды. Оның сөзінше, не еш жерге жұмысқа тұра алмай қалады, не әкесінің жанына барады. Тіпті біреулер “абай бол, саған белгісіз адамдар келуі мүмкін” деп қорқытқан көрінеді.
Алия Оспанбаева Мөлдірмен кездесу үшін оның оқып жатқан қаласына барды. Егер келісімшарт бұзылған жағдайда заң бойынша Болашақ өз талап-арызын жіберіп, ақшаны қайтарып ала алады. Осылайша келісімшартты бұза алады. Бірақ олар Мөлдірге өз талаптарын жіберуден бас тартқан.
Адвокат Айнара Айдарханованың айтуынша, 2023 жылдан бастап сот орындаушының барлық әрекеттеріне шағым түсіп келген. Оның әрекеттері заңсыз деп танылып, іс Жоғарғы сотқа дейін жетті. Сот пен прокуратура сот орындаушының қаулысының заңсыз екенін мойындап, прокуратура оның күшін жойды. Сот та осы шешімді қолдаған.
“2024 жылдың шілдесінде бұл шешім заңды күшіне енді. Прокуратура қаулысы бойынша Болашақ стипендия төлемдерін қайта бастауға міндетті. Мөлдірмен келісімшарт бұзылмаған, ол оқуын жалғастырып жатыр. Қосымша келісімдер де жасалмаған. Алайда, екінші жыл қатарынан Мөлдір стипендия алмай отыр. Білім беру мекемесінің тарапынан ешқандай наразылық жоқ. Мөлдір өз міндеттемелерін орындап отыр, ал Болашақ өз міндеттемелерін орындамай отыр. Сондықтан біз Болашақты сотқа бердік”, – деді Айнара Айдарханова.
Қазіргі уақытта іс азаматтық тәртіппен ауданаралық азаматтық істер сотында қаралып жатыр. Алғашқы алдын ала сот отырысында тараптарға бітімгершілік ұсынылды, бірақ Болашақ бұдан бас тартқан.
Қорғаушының айтуынша, Мөлдірдің жылжымайтын мүлкі оның келісімінсіз кепілден шығарылып, ол басқа адамның атына жазылған. Бұл әрекеттер Мөлдірдің қатысуынсыз, ешқандай құжат ресімделмей жүзеге асырылған.
Айнара Айдарханова "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма экс-төрайымы Әлия Оспановамен болған бейресми кездесуі жайлы айтты.
“Бұл оқиға 2024 жылы болды. Ол кезде сот орындаушысының қаулысын әртүрлі инстанциялар даулаған болатын. Сол кезеңде бізде бейресми кездесу өтті. Ол кездері "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрайымы Әлия Оспанова еді. Ол Мөлдірден Қазақстанға оралуын талап етіп, өзі мен балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді. Мөлдір елге оралса, бүкіл стипендияның ақшасын бірден, қолма-қол түрде беретінін айтты. Сондай-ақ пәтер жалдап беріп, оны күзетпен қамтамасыз ететінін айтып, уәде етті. Мөлдірді "Стипендияны өтеп жатқан адам ретінде тіркейміз" деді. Біз бұған қарсылық таныттық”, – деді адвокат.
Мемлекеттік бағдарламаға ақша мемлекеттік бюджеттен бөлінетінін еске салған қорғаушы ел бюджетінің ақшасын ол адам қалай беретін, оған қатысты қалай бір өзі шешім қабылдайтынын түсіне алмады.
“Олжас Құдайбергенов Мөлдір Қыблова 2023 жылы қараша айында ажырасқан. Мөлдірдің әкесі Олжас Құдайбергенге күйеубаласы ретінде хабарласып, отбасын қажыландыруды талап еткен. Алайда тергеудегілер оларды жақын адамдар, отбасы деп қабылдамады. Бұл неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс бойынша қаралады”, – дейді “НеМолчи.kz" қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмат Мұхамеджанов.
Оның айтуынша, әкесінің күйеу баласына хабарласып, отбасына қарайлас деп айтуы заңды дүние.
Осыдан бір жыл бұрын Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты белгілі экономист, президенттің бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтің әйелінің әкесі Төлепқали Қабыловқа қатысты үкім шығарған еді. Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың наурыз айында Ұлыбританияда Құдайбергеновтің әйелі полицияға күйеуі балаларын ұрлап кеткені туралы арыз берген. Келесі күні Олжас Құдайбергенов Лондон әуежайында ұсталып, абақтыға қамалған.
Бірнеше күннен кейін қайын атасы Құдайбергеновке хабарласып, қызының Ұлыбританияда немерелерімен екі жыл тұруы үшін қажет 30 мың фунт стерлинг талап еткен. Ақшаны берген жағдайда қызының арызын қайтарып алатынына уәде берген.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады