Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әулиенің басына түнеп, тілеп алған балаларым": Желіде танылған маңғыстаулық екі егіз туралы анасы айтып берді

Әлеуметтік желіде тараған ағайынды егіздердің бірге түскен бейнежазбасы көпшілікті сүйсінтті. Бір үйде екі егіздің болуы желі қолданушыларын таңғалдырған болу керек. Айбек, Нұрбек, Ақниет, Мөлдір, Махаббат есімді ұл-қыздардың анасы Гүлайым Жұмаханқызы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында егіздердің дүниеге келуі туралы және отбасы жайлы кеңінен тарқата баяндады. 

Фото отбасылық жеке архивтен

“Әулиенің басына түнедім”

Егіз Айбек пен Нұрбек үйдің үлкені, ортаншысы – Ақниет, кенжесі – егіз Мөлдір мен Махаббат. Гүлайым Жұмаханқызы екі бірдей егіздің дүниеге келуін Алланың күйеуі екеуіне берілген сыйы деп біледі. Бір қызығы, үйдің отанасы әр перзентін көтергенде аян көрген екен. Бұл да бір тарих дейді ол.

“Жақсы сөз жарым ырыс. Менің күйеуім бойдақ кезінде жұмыстастарына екі балам бар дейтін көрінеді. Күйеуім ол кезде тіпті бойдақ жігіт, бала түгілі әйелі жоқ. Сөйтіп араға уақыт салып, екеуіміз шаңырақ көтердік. Алайда алғашында жатырыма біткен бала көп тұрмады, түсік көп болды. Сонда атам қыстың күні Еспембет әулиеге апарып ақ мешітке түнетті. Бірінші Алланың құдыреті, ертесі күні көтергенімді сездім. Менің токсикозым қатты болатын, жүрегім айныды. Сонда жатырыма бала біткенін бірден білдім. Сөйтіп түс көрдім. Түсімде анам балалардың қол арбасына белі алтын шынжырмен оралған егіз баланы салып алып келе жатыр екен. Алайда ол кезде егіз болады деп ойлмағанмын, күйеуім егіз туады деп айта беретін. Жүрегімнің астында тағы екі жүрек соғып тұрғанын 4 айлығында УЗИ-ге барғанда білдім. Аллаға шүкір, қуанышымда шек болмады. Сонда Алладан “Алла, берсең, бердім деп, денін сау қылып берші” деп сұрағанмын. Шүкір жеті айлығында Айбек, Нұрбек деген екі ұлым дүниеге келді. Ұлдарымның есімдерін қайын інім Ақылбек ағалары қойды”, – дейді Гүлайым. 

“Қызыма жүкті болғанда әдемі киіз үйге кірдім”

Егіздердің анасы ортаншы қызына жүкті екенін де түс көріп белген. Гүлайым бұл аянды кеше көргендей анық әрі әдемі деп сипаттады. Түсіндегі қызыл түсті қыз болады деп жорыса керек.

“Ақниет – дара қыз. Пендешілікпен, ұлдан соң қыз келсе екен деп ойладым. Бала көтергім келіп жүргенімде түсімде ерекше әдемі тігіліп тұрған киізүй көрдім. Есігін ашып кірдім. Ішінде қыздың қызыл жасауы, сандық, көрпе тұр екен. Сандықтың қасында кішкентай сандық ерекшеленіп жасалған. Үстіңгі тартпасын ашсам, ішінде қызыл түсті оюланған мәсі жатыр. Астыңғы тартпасында оюы бар сүйретпесі де тұр екен. Ұйқымнан ояна сала қыз деп ойладым. Сол кезде өзіме қызымның жасауына сол түсімдегі сандықты жасатып, қосамын деп айттым. Сөйтіп Ақниет деген қызым дүниеге келді. Қызымның есімін нағашы ағам қойды”, – дейді үйдің отанасы.

Фото отбасылық жеке архивтен

“Түсімде камзолдарға тағатын әдемі, сәнді түйреуіш ұсынды”

Ағайындылардың әкесі Нұркен Закарияұлы – атбегі, ағылшын жылқыларын ұстайды. Қол тумамен айналысып, ат жарыстарға жылқы қосады. Үйдің отағасының жасы 47-де, ал отанасы Гүлайым 42 жаста. Бұл да көпті толғандырған сауалдардың бірі еді. Гүлайым үшінші жүктілігінде де егіз болатынын білмеген. Бірақ “Мөлдір мен Махаббатты дүниеге әкелетінімді білгендей айтыппын” деп еске алады.

“Жалғыз қайын сіңлімнің “Жеңеше, енді екі қыз тусаң, анама жетесің” дегені бар еді. Екінші егізімді көтергенімде де түс көрдім. Жарыс болып жатыр екен деймін. Бәрі қазақтың әдемі ұлттық киімдерін киген. Мен ескілеу шапанмен шетте тұр екенмін. Бірде “бірінші орынды иелген Нұржігітова Гүлайым” деп мені сахнаға шақырды. Бір жағынан қуанып тұрмын, киімімнен қысылып тұрғаным тағы бар. Сөйтіп маған кәжекей, камзолдарға тағатын әдемі, сәнді түйреуіш ұсынды. Астында салпыншақтары бар екен. Ұйқымнан тұра сала егіз қыз ба екен деп ойладым. Өйткені Ақниетті перзентханадан шығарып алып келгенде Айбек пен Нұрбек “біреуі қайда, маған қайда” деп ренжіген. Сонда “келесіде екеуін алып келемін” деп айтыппын. Жақсы сөйлеу керек дегенім де сол. Сөйтіп екі жылдан кейін Мөлдір, Махаббат есімді егіз қызды дүниеге алып келдім. Мөлдір мен Махаббатты есімін нағашы апам қойды. Егіз қыздарды көтергенімді ешкімге айтпай жүр едім. Бірде анама қонаққа барсам апам да сол үйде екен. Ішімді көре сала “Ішің үлкен екен, егіз емес пе?” деп сұрады. Сонда есімдерін Мөлдір Махаббат деп қойшы деп өтінді. Сол кезде жаңа фильм шығып жатқан болса керек. Сөйтіп аман-есен қол-аяғымды бауырыма алған соң қыздарымның есімдерін Мөлдір, Махаббат деп қойдым”, – дейді егіздердің анасы.

@zakar1na_

Анамшым-әкешім❤️

♬ оригинальный звук - Zakar1na_Мөлдір

“Нұрбек салмақты, Айбек пысық”

Қазір Айбек пен Нұрбек 4-курс студенттері, келесі жылы университет бітіреді. Айта кетері, бір үйдің бес баласы да спортқа бейім. Мысалы, Айбек пен Нұрбек 5-сыныптан бері жылқы үстінде отырады. Екеуінің де спортта жеткен жетістіктері аз емес.

“Нұрбек Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында оқиды. Ол жауынгерлік самбодан, қоян-қолтық ұрыстан және джиу-джитсудан спорт шеберлігіне үміткер, панкратионнан және кикбокстингтан чемпион. Айбек ұлым Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Университетінде білім алып жатыр. Спортты қатар алып жүрген ол да республикалық ересектер арасынан 2 дүркін чемпион, Азия Чемпионатының жүлдегері. Ұлдарым егіз болғанымен мінездерінде ерекшелік бар. Нұрбек салмақты, сәл қаталдау көрінеді. Ал Айбек басқаның көңіліне қарап тұрады, пысық. Ақниет қазір 17 жаста. Ағаларынан қалмай спортты бірге алып жүр. 11-сынып оқушысы Ақниет – Азия чемпионы, жылқы үстінде де отырады. Егіз қыздарым Мөлдір мен Махаббат қарашаның 14 күні 15 жасқа толады. Биыл екеуі 9-сынып оқиды. Олар да спортқа жақын. Айбек пен Нұрбек оқуларын аяқтай сала қызметке тұрып, жұмыс істесек дейді. Үйлену жайлы да айтып қоямыз. Қазіргі жастар жағдайын жасап, жұмысқа тұрып, қызмет істесем дейді. Алайда жағдай жасау үшін екі бас болмаса қиындау”, – дейді Гүлайым Жұмаханқызы. 

Фото: tiktok.com/@zakar1na_

Егіздердің анасы Гүлайым әлеуметтік желіде ұл-қыздарының бірге түскен бейнежазбасы тарағанын біледі. Алайда бауырларды ерлі-зайыптылар деп ойлағандарды көріп көңілі түскенін жасырмады.

“Ағасы қарындасын бұлай құшақтамайды” деп пікір жазғандар бар екен. Маған ауыр тиді. Желіде ерсі дүниелерді жиі көріп қалып жатамыз ғой. Бірақ бұл жерден ондай ештеңе көріп тұрған жоқпын. Егіздер егіздерге үйленген екен деп ойлағандар да көп екен. Алайда меніңше, мұнда туған бауырлар екені анық көрініп тұр”, – дейді егіздердің анасы.

@zakar1na_

❤️🫶🏻

♬ оригинальный звук - ba1se1t

 

Талқылау