"Ұрланған несие карталарының нөмірлерін сатып, басқаларды алаяқтыққа үйреткен": АҚШ-та қазақстандық қамауға алынды
АҚШ-та ұзақ жылдар хаккерлік жолмен заң бұзып келген қазақстандық пен ресейлік қамауға алынды. Олар ұрланған несие карталарымен сауда жасауды, деректерді бұзу мен АҚШ-та ұсталып қалмай қалай жүруге болатынына басқаларды үйрететін курс жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Коммерсанть” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay
Ресейлік Павел Кубицкий мен қазақстандық Александр Ходырев 7 тамызда Флорида қаласында ұсталды.
Олар қылмыстық әрекетті бірнеше жылдар бойы жасап келген. Атап айтқанда ұрланған банктік карта деректері, SMS ағыны арқылы телефондарды бұғаттау немесе жәбірленушінің нөміріне DDoS шабуыл ұйымдастырып, шексіз қоңыраулар шалу, заңсыз тауарлар мен қызметтерді сатып алуға немесе сату бойынша қызметтер ұсынған. Олар қызмет құнын 10 мыңнан 60 мың рубльге (шамамен 50 мыңнан 300 мың теңгеге) дейін белгілеген.
Сонымен қатар олардың сайтында "жаңа мамандықты, ақша табудың жаңа әдісін және мүлдем жаңа өмір салтын" үйрететіндерін көрсеткен. Олар сонымен қатар “АҚШ-тың іздеуде жүрген қылмыскерлер тізімінен аман қалу" сияқты түрлі бағытқа көмектесетіндерін айтқан. Мұндай курстың құны 60 мың рубль екен. Тағы 200 доллар оқу материалдарына сұралған.
2023 жылдың қаңтарында осындай сабаққа АҚШ-тың құқық қорғау қызметкері жасырын түрде қатысқан. Қауіпсіздік бюросы бұл екі азаматтың қылмыс әрекеттерін 2020 жылы білген. Алайда барлық із орыс тілінде жазылғандықтан, барлау агенттіктері мамандандырылған бағдарламалық жасақтаманың – Google аудармашының көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Осылайша құқық қорғаушылар төрт жыл бойы оларды бақылап келген.
Курс өткізілетін портал жүйесі 2020 жылы ашылған. Ол кезде мұнда 170 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген. Ал 2023 жылдың көктемінде олардың саны 350 мыңға дейін өскен.
Екі азамат та осыдан екі жыл бұрын АҚШ-қа бас сауғалап ұшып келген. Олар Флоридада ресми түрде жұмыссыз болған. Алайда кейін осындай әрекеттерімен өте қомақты ақша тапқан. Мысалы, Павел Коблицкий "Кішкентай Мәскеу" деп аталатын Майами жағажайының маңындағы Санни-Айлс-Бичтен сәнді кондоминиум сатып алған. Ал Александр Ходырев 2023 жылы шығарылған Corvette спорттық көлігін 110 мың долларға иеленген.
Сот үкімі шыққан жағдайда, екеуі де алдағы жылдарды түрмеде өткізетінін жеткізді. Олардың баптары бойынша екі азаматқа 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.