Қарағанды облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен әкімнің баласы айыппұлмен құтылып кетті
Қарағанды облысында 15 жастағы қызды қағып кеткен әкімнің баласы сот шешімін аппеляцияға берді. Нәтижесінде аппеляциялық сот үкімді өзгертіп, құқықбұзушыға жүргізуші куәлігі қайтарылып, тек айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Патриот” Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Жоғарғы сот
Жәбірленуші тарап айыпталушының айыппұлмен құтылғанын қаламайды. Олар сот шешіміне наразылық білдірді.
“Қызымды былтыр 25 қыркүйекте Дюсембеков көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдан өтіп бара жатқанда қағып кетті. Ол сабақтан үйге қайтып келе жатқан еді. Көлікті Қарқаралы ауданына қарасты бір ауылдың әкімнің баласы басқарған. Ол қызымды өткізбей қойған. Болған жағдайдан кейін оның Instagram парақшасында жол ережесін бұзған видео жарияланды. Ол Қарағандыдағы 45-кварталдағы жолда бұрылатынын ескертпестен бір жолақтан екінші жолаққа қайта-қайта шығып,жол ережесін бұзған. Сол сәтте оның достары Ал достарының бірі оның бұл әрекетін видеоға түсірген. Бұл әрекеттердің барлығы жол жүру ережесіне қайшы”, – дейді 15 жастағы Кристинаның анасы.
Әйелдің айтуынша, жол апатынан кейін қызы Кристина ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған іш жарақаты, полижарақат, ми шайқалуы, жабық бассүйек жарақаты, кеуденің және беттің жұмсақ тіндерінің жарақаты деген диагноз қойды. Келіншек қызының орташа ауырлықтағы жарақат алып, денсаулығына зақым келгенін айтады.
“Ауруханада 24 күн жатты. Одан кейін 2 аптадай үйде емделді. Қызым әлі күнге дейін травматолог пен невропотолог маманға барып көрінеді. Енді қайта оңалтуден өту керек”, – дейді Кристина Игоревна.
Бірақ сарапшылар ауруханадан алынған медициналық құжаттарға қарап, жәбірленушінің жарақаты жеңіл деген қорытындыға келді.
Қарағандының әкімшілік сотының судьясы Любовь Рыбалкина әкімнің ұлын 9 айға жүргізуші куәлігінен айырды. Бірақ ол жүргізуші куәлігін қайтарып беруді сұрап, аппеляциялық шағым түсірген. Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы жүргізушінің жазасын жеңілдетіп, оған жүргізуші куәлігін қайтарып берді.
“Құқық бұзушының тұрғылықты жерінен екі мінездеме берілді. Онда ол жақсы адам ретінде сипатталады. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, істеген әрекетіне өкінді. Алқа бірінші сатыдағы соттың шешімі көлік құралын басқару құқығынан айыруды 40 АЕК мөлшерінде айыппұлмен алмастыру түрінде өзгертілуі мүмкін деп санайды. Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, көлік жүргізу құқығынан айыру жазасының орнына, оған 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салды”, – деді сот алқасының мүшесі Ерлан Ермеков.
Зардап шеккен 15 жастағы қыздың анасы аппеляциялық соттың болатынынан бейхабар болған. Соттың өткенін әйел бәрі аяқталған соң білген. Хатшы оған қаулы жіберген.
“Адам өз әрекетіне өкінгенде істі түзетуге тырысады, тым болмағанда кешірім сұрайды, емделуге қаражат беріп, ақшалай өтемақы береді. Бірақ ол осының ешбірін жасаған жоқ. Адам емес, мысық қаққандай болып отыр. Мысық қақса да жүрегі бар адам істің бәрін бұлай қоя салмайды”, – дейді қыздың анасы.
Айыпталушының әкесі жәбірленуші тарапқа өтемақы беру туралы сұраққа жауап берді.
“Ол – жеке тұлға, ересек адам. Көлікті мас күйде басқарған жоқ. Істеген ісінен жалтармады. Мұнда ешқандай сыбайлас жемқорлық жоқ. Облыстық сот Заң талаптарына сәйкес шешім шығарды”, – деді Қарқаралы ауылының әкімі.
Жәбірленуші тарап жоғарыдағы сотқа шағым түсірмек.