"Менен көп табыс таппауы керек": Желі жұлдызына айналған өнер иелері жұптарының мамандығы қандай, қазір немен айналысады
Төрт жыл оқыған мамандық бойынша жұмыс істемей, желі арқылы табыс тауып отырғандар жетерлік. Әсіресе шоу-бизнес өкілдерінің әйелдері, қыздары мен қарындастары желіде гив ұйымдастырып, жарнама жасап жүр. Осыған қатысты Stan.kz тілшісі есімі елге белгілі өнер иелерінен жақындарының мамандықтары туралы сұрап көрді.
Фото: Өнер иелерінің жеке парақшасынан алынды
Танымал Айдарбековтер әулетінің қос келіні Айкерім Сәркенова мен Индира Мәуленова да блогер болып, түрлі контент түсіріп жүр. Алайда жұлдызды ата-енесі келіндеріне блогер деп қарамауды өтінді.
“Келіндерімді блогер деп санамаймын. Сіздер де блогер деп айтпағандарыңыз дұрыс. Өздері ешқандай жоспарсыз, түсіріп жүреді. Көріп жүргендеріңіз – күнделікті отбасылық өміріміз. Көп оқырман жинаған аудиториялары да жоқ. Анда-санда жарнама алып жүретіндерін ғана білемін. Бірақ ол блогерлік емес деп ойлаймын. Ештеңе мәңгілік емес. Блогерлік те, әлеуметтік желі де қалады. Оны да ұмытпауымыз керек. Диплом бойынша жұмыс істегендері де дұрыс шығар. Ол үшін Кеңес заманындағыдай елімізде зауыт, фабрикалар көптеп салынуы керек. Жас мамандар диплом алып алып, басқа салаға кетіп жатады. “Екі қолға бір күрек табылмады” деген осыдан шығады. Өзіңнің мамандығың бойынша жұмыс табылса, жалақы тәуір болса қанекей?! Еліміз осы мәселеге көбірек көңіл аудару керек”, – деп ойын ортаға салды Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков.
Ортаншы ұлы Аянның келіншегі Айкерімнің негізгі мамандығы – есеп және аудит. Бүгінде жарты миллионға жуық оқырманы бар блогердің бағыты – отбасылық өмір мен ақыл-кеңес айту.
Одан кейін, Айдарбековтер әулетіне келін болып түскеннен кейін танымалдылығы артқан Индира Мәуленнің де аудиториясы ауқымды. Ол қыз-келіншектерге сәнді киінуді көрсетіп, модель болып жүр.
“Чип-чип” әнімен көпшіліктің есінде қалған Асхат Тарғынның келіншегі де әлеуметтік желіде белсенді. Техникалық бағыттағы мамандықтың магистратурасын бітірген өнер иесінің әйелі оқырмандарын көбірек саяхаттауға шақырады.
“Менің келіншегім баламен үйде отырғасын блогерлікті қолға алып жатыр. Мен тек қолдаймын. Негізгі мамандығы – техникалық бағыт. Қ.Сәтбаев университетінің магистратурасын бітірген. Автоматтандыру және басқару. Қазір үйде болғасын, парақшасын дамытып түрлі контент жасап жүр. Әйелдің тапқанынан гөрі ер адамның тапқаны берекелі болады емес пе?! Менен көп табыс таппауы керек, бірақ тауып жатса, несібесі деп бағалаймын. Блогер болғасын күн сайын парақшасын дамытып, ізденіп отыруы керек. Бірақ мен оған идея бермеймін. Менде ондай әлеуметтік желіде белсенді болудың құпиясын айтатын қабілет жоқ. Өзінің таңдап жүрген бағыты. Қолынан келсе, қонышынан басқаны дұрыс. Бір ғана нәрсе айтып отырамын: ешкімге зияның тиіп кетпесін. Қазір 1000 адам қатыстырып 1 машина ойнатады. Сол дұрыс емес. Оңай келген ақша, оңай кетеді. Сондай дүниелерге араласпа деймін. Өзім де жарнама жасап, халықтың обалына қалғым келмейді”, – деді әнші Асхат Тарғын.
Отбасылық өмірлері жиі ел талқысына түсетін Абай Бегейдің жұбайы да белсенді қыз-келіншектердің көшін бастап тұр. Парақшасына бас сұққаннан-ақ жарнамаға көз сүрінеді. Бүгінде небәрі 100 теңгеге құны 30 миллион теңге тұратын пәтер ұтып алуға мүмкіндік барын жарыса айтып жүр.
“Анам 35 жыл медбике болып жұмыс істеді. 2014 жылы о дүниелік болды. Әкемнің бірде бір рет үйде отыр деген сөзін естімегенбіз. Дүниеден өткенше үкіметтік жұмысын істеп кетті. Мен де әйелімнің үйде отырғанын қаламайтын ер-азаматтардың қатарынанмын. Фариза – дипломы бар исламтанушы. Қазір үш баламен декреттік демалыста отыр. Балаларымыздың арасы бір жастан. Сондықтан отбасы жағдайына байланысты жұмысқа шыға алмайды. Бірақ Instagram арқылы блогерлікпен айналысады. Өзіне ұнайды. Мен де оған кедергі жасамаймын. Қазір өз табысы өзінде. Мен оның тапқанына ортақтаспаймын. Балаларым өскесін исламтанушы ретінде онлайн сабақ беріп жүр. Күн сайын 30 пара Құран аяттарын түсіреді. Әйел үйде ошақ басында отырып қалмауы керек. Қазіргі өмір сүріп жатқан заман басқа. Өзі табыс тауып, күйеуіне алақан жаймағаны да дұрыс”, – дейді Абай Бегей.
Отандық киноиндустрия саласының майталманына айналған, біраз киноларда бой көрсетіп жүрген Ерболат Әлқожа атақты адамның туысымын, әйелімен деп желіде белсенді болғанын қолдамайтынын ашық айтты.
“Әйелдердің жұмыс істегенін қолдаймын. Декреттік демалыста ғана бала өскенше үйде отырғаны дұрыс. Ол түсінікті жағдай. Бірақ қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Сол жақта түрлі видео түсіріп, блогерлікпен айналысуға қарсымын. TikTok-та қаншама қыз-келіншектердің видеосы жүр. Соларды көріп қарным ашады. Жарнама алып, ақша табады. Әйел адам өзінің дипломы бойынша жұмыс істегенін құп көремін. Әйелімнің бірінші мамандығы – әншілік. Бірақ екінші мамандық игеріп, білім саласын қолға алды. Сол бағыт бойынша кетті. Мектепке дейінгі тәрбие саласын меңгеріп, балабақшада тәрбиеші болып бастады. Қазір балабақша меңгерушісі. Өзінің араласатын ортасы бар, әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста. Балалы болғанда үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысты. Балалар өскесін өзі де жұмысқа шықты”, – дейді актер Ерболат Әлқожа.
“Төрт дипломы бар Толқын”
“Жаратқаным жар ғып берген жарқыным,
Баяғыдан оқымысты жан тұғын.
Бір күйеуі, екі ұлы, үш қызы,
Бұл менің төрт дипломы бар, Толқыным!”, – деп желіде өлең арнаған танымал хитмен Төреғали Төреәлінің де әйелі мен қарындастары – желі жұлдыздары. Көп көзіне түсе бермейтін эстрада жұлдызының әйелі соңғы кезде оқырмандарымен жиі сырласып жүр. 300 мыңға жуық оқырманымен жабық парақшада ой бөлісіп, түрлі лайфхак айтып отырады. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде бакалавр мен магистратурасын тәмамдаған. Одан кейін психология саласын меңгеріп, ҚР психология қоғамы бірлестігінің мүшесі атанған.
Алайда, Төреғали Төреәлі бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде әйелін жұмыс істетпейтінін айтқан еді.
“Қоғамға қыз балалардың жұмыс істегені керек шығар. Бірақ, әйел адамның өмірдегі ең басты мақсаты мен міндеті – үйде отырып нан жабу, бала табу. Оларға одан ауыр жүк жүктемеу керек", – деген еді ол.
Сонымен қатар Төреғали Төреәлінің әлемнің 13 университетінен шақырту алған қарындасы Фариза Төреәлі де блогер қыз-келіншектердің көшін бастап тұр. Мектеп бітірген бойда тұрмысқа шығып, АҚШ-қа аттанған блогер ару оқу білімнен гөрі бала тәрбиесімен айналысып жүргенін жасырмайды. 1 миллион 800 мыңға жуық жазылушысы бар белсендінің бағыты – отбасы және Ислам діні. 10 мыңға жуық қыз-келіншектің әйелдік энергиясын көтеруге көмектескенін мақтанышпен айтады. Коуч-тренер жеке парақшасының басты бетінде бестселлер курстарының авторы деп жазып қойған.
“Мархабат – мамандаған интерьер дизайнері ”
Осы күнге дейін жеке парақшасын жабық ұстап, жақындарым мен таныстарымды ғана қабылдаймын деп ескерткен Мейрамбек Беспаевтың әйелі Мархабат та оқырмандарына жақындай түскен. Ол құрылыс жұмыстарына қатысты видеолар жүктеп, жұмыстарын көрсетіп отырады.
“Бірінші сыныпта оқып жүріп екінші сыныптың бағдарламасын біледі деп үшінші сыныпқа жіберді. Жақсы оқығаным үшін үшінші сыныптан бесінші сыныпқа ауыстырды. 15 жасымда мектеп бітірдім. Қашан да әдемілікке, тазалыққа, өзіндік жеке стильді, өз қолтаңбамды қалыптастыруға жан-тәнім жақын болды. Міне, енді мен кәсіби интерьер-дизайнер атандым!”, – деген еді Мархабат.