Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқу жабдығына 400 мың теңге керек": Түркістан облысында ата-аналар тегін мектеп формасының берілмейтініне наразы

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары әл-ауқаты төмен отбасыларға жыл сайын тегін берілетін киім-кешектің биыл берілмейтініне шағымданды. Әкімдік алдына жиналған бір аналар шенеуніктер сөздерін елемейтінін мәлімдеді. Сөздерінше, киім-кешек алуға жағдайлары келмейтінін бірнеше айтқан. Алайда жауапсыз қайтарады екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

ата-аналар

Биыл көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға тегін мектеп формасының берілмейтіні туралы мұғалімдер хабарлаған. Бұған қарамастан әр балаға мектеп үлгісіне қатысты талап қойып, ата-аналарға оның бағасына дейін жазылған прейскурант жіберген.

“Мектепке бірыңғай форма кигізесің дейді. Біз береміз осы форманы, осы форманы аласың деп жатыр. Менің ондай алатын жағдайым жоқ, қайдан алам? Төрт балам мектепке барады. Киімді ала алмаймын. Әрқайсына есептесең, 50 мыңнан кетеді. Оқу жабдығына 400 мың ақша керек, мен оны қайдан аламын?” – деп ашынады аудан тұрғыны Ғазиза Қожабердиева. 

Ата-аналардың сөзінше, спорттық киімдердің түсін әр сыныпқа қарай бөліп қойған. Енді олар мектеп формасын бермесе, балаларын оқуға жібермейтіндерін алға тартты. Бұған қоса әр тоқсанда берілетін әлеуметтік көмекті де кешіктіреді екен. 

“4-сыныптан 8-ші сыныпқа дейін. Қызыл түс кисін, сосын 8-ші сыныптан жоғарыға қарай тағы басқа түс кисін дейді. Біз форма алып бере алмай жатқанда, қызыл спорттық киімді қайдан тауып береміз? Тамағын тауып бере алмай жатқан ата-аналар бар арамызда. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Ал әлеуметтік көмекті өздері шақырып, қораппен қолға береді. Көмек 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға беріледі. Ал соны барып алсаңыз, ішінде жарамды, бала жейтін нәрсесі жоқ. Мұның өзін тоқсан сайын бермейді. Ішіндегісін көгертіп алдық. Құрттап кеткен ботқалар, мерзімі өткен печеньелер береді”, – деп қосты аудан тұрғыны Ділнұр Кәрімбаева.

Аудан әкімі әйелдер айғайға басқан соң келуге мәжбүр болды. Айтуынша, биылға дейін мектеп формасымен қамтамасыз ету еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті болған. Ал енді бұл кімнің мойнына жүктелгені түсініксіз. Дегенмен ол мәселенің жоғарыдан шешіліп жатқанын айтып сендірді.

“Жаңа ғана мен мектеп формасы бойынша білім басқармасының басшысымен сөйлестім. Бүгінде бізде мектеп формасы жетім балалар, сосын қамқоршысыз қалған балаларға қарастырылған екен. Ол беріледі деп отыр. Сосын атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға қарастырылатын формаға байланысты тиісті ұсынысты біз мемлекетке жіберіп қойғанын айтты”, – деп мәлімдеді Мұхит Отаршиев.

Талқылау