Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 5-сынып оқушысы соққыдан көз жұмды: Мектеп директоры қызметінен шеттетілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Түркістанда мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін 5-сынып оқушысының көз жұмғаны туралы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Аталған оқиға туралы ести сала Балалар құқығын қорғау комитетінің басшысы мен менің кеңесшім Түркістан облысына аттанды. Жағдаймен танысып, талдау жасалды. Қазір уақытта аталған факт бойынша сот-медициналық сараптама жасалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу қорытындысы әзір болған соң тиісті шара қабылданады. Әрине, өте ауыр қайғы. Жалпы аталған өңірде осы секілді фактілер барын жасырмау керек. Тергеу ісі аяқталмай жатып болжам жасауға ерте әрі дұрыс емес. Өйткені болған істі тергеу құқық қорғау органдарына тиесілі. Біз аталған мектептің тек тәрбие және білім беру процесін ғана тексердік және онда кемшіліктің барын байқадық", – деді Асхат Аймағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министр мектепте нақты қандай тәртіпбұзушылықтардың анықталғанын да айтты.

"Ол жерде балаларды тамақтандыру жұмысынан бастап тәрбие жоспары, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар жұмысы, тәрбие және тағы басқа жұмысқа жауапты меңгерушілердің қызметіне қатысты үлкен қателіктер анықталды. Тергеудің нәтижесіне қарамастан, осы тәртіпбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қолданылады", – деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Қазіргі кезде мектеп директоры жұмысынан уақытша шеттетілді. Министрдің айтуынша, Түркістан облысындағы бірқатар білім беру мекемеде дәл сондай тәртіпбұзушылықтар анықталған.

Cондай-ақ білім министрі Түркістан облысында емтихананнан кейін өз-өзіне қол жұмсаған оқушы қыз туралы пікір білдірді. 

“Мектеп директоры қызметінен шеттетілді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деді ол. 

Еске салсақ, бұған дейін БАҚ-та Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясындағы 10 жасар оқушының өлімі туралы айтылған болатынҚатты соққыға жығылған балаға аурухана дәрігерлері еш көмек көрсете алмады.

Туыстары баланың мектеп дәретханасында жәбір көргеніне сенімді. Соққы салдарынан жәбірленушінің бас сүйегі сынған, бауыры езілген. Баланың отбасы жағдайды мектептегі ақша үшін бопсалау мен әлімжеттік көрсетудің дәлелі деп біледі. 

Өз кезегінде мектеп директоры бұның қауесет екенін айтып, білім ордасындағы қысым жасаудың кез келген мүмкіндігін жоққа шығарды.

Талқылау