Құрылысына 1 миллиард теңге жұмсалған: Шымкентте 128 миллион теңгеге сатылған Мұз сарайы мемлекетке қайтарылды
Белгілі кәсіпкерге болжанған құнынан сегіз есе төмен бағаға сатылған Шымкент мұз сарайы мемлекет меншігіне қайтарылады. Дегенмен ЖШС-ның үштен бір бөлігі әлі күнге дейін Kazakhstan Forbes тізіміне енген кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының серіктесі Серікжан Сейітжановқа тиесілі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Sxodim.com
Жеті жыл бұрын кәсіпкер сарайды толық өз меншігіне алу үшін небәрі 128 миллион теңге төлеген. Сосын әкімдік қысқы спорт түрлері бойынша мемлекеттік спорт мектебіне сарайды жалға беріп, оған қарыз болған. Шымкент билігі өздері ұстай алмаған нысаннан осылайша еппен құтылған көрінеді.
Айта кетейік, сарай бүкіл елдегі ондаған спорт нысандары сияқты, классикалық схема бойынша жекешелендірілді: мемлекеттік нысан рентабельді емес деп танылды, сатылымы сәтсіз аяқталып, іс жүзінде тегін берілді.
Мұз сарайының құрылысы 2001 жылы басталып, 2003 жылы пайдалануға берілді. Құрылысқа бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бастапқыда жоба үшінші мегаполис үшін маңызды жүзу бассейні болды. Кейін жеңіл атлетика кешеніне айналды. Содан кейін Шымкенттің сол кездегі әкімі Анарбек Орман мемлекеттік кәсіпорынды жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырып, нысанды аукционға қойды. Серікжан Сейітжанов 51 пайыз акциясын сатып алып, әкімдікпен бірге сарайдың тең иесі атанды.
Сосын салынып, пайдалануға берілген ғимаратты қайта қалпына келтіруге тағы 400 миллион теңге (көп бөлігі мемлекеттен) бөлінді. Аталған ғимарат мұз сарайына айналды. 2009 жылы сарай тағы да салтанатты түрде ашылды. Ол кезде Сейтжановтың "Саутс Ойл" ЖШС-і сарайдың 33 пайыз акциясын иеленді. Қалғаны мемлекетке тиесілі болды.
Сегіз жылдан кейін әкімдік сарайды жарамсыз деп танып, 40 миллион теңге шығынын есептеді. Сол кездегі әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың шешімімен нысан аукционға шығарылды. Жарияланған сметалық құны 996 миллион 944 мың теңге. Бұл бар болғаны 67 пайыздық үлес.
Нәтижесінде 2017 жылдың тамыз айында тағы бір "Сейтжанов" ЖШС – "МұнайҚұрылысСервис" құрылыс компаниясы мемлекет меншігін 128 миллион 119 мың теңгеге сатып алды.
Осылайша, қала орталығында бюджет ақшасына салынған ауданы 6000 шаршы метрден асатын алып мұз сарайы жеке меншікке айналды. Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Шымкент қаласының прокуратурасы сыртқы талдау жүргізіп, аукционда өрескел бұзушылықтарды анықтап, сатып алу-сату шартын бұзуды талап етіп сотқа жүгінді.
Прокурорлардың пікірінше, мүлік мемлекет мүддесіне нұқсан келтіріп, арзан бағаға сатылып қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірген. Өйткені "жарияланған үлесті сатудың экономикалық мүмкіндігі болмаған".
"МұнайҚұрылысСервис" ЖШС-ға аукционға қатысуға рұқсат етілмеді, өйткені оның негізгі қызметі жанар-жағармай материалдарын салу және сату. Мұның спорт саласындағы қызметті ұйымдастырумен ешқандай байланысы жоқ", - деп хабарлады прокуратура.
Шымкент қалалық қаржы басқармасы прокуратураның қорытындысымен келіспей, мемлекеттік үлесті сату бойынша аукцион сол кезде заңды болғанын хабарлады. Айтуларынша, кім көп ұсыныс жасаса, сол сатып ала алады. Ал "МұнайҚұрылысСервис" өкілдері әкімдік сарайды сатқан кезде арнайы қызмет түрін мүлде талап етпейтінін алға тартқан.
Прокурорлар заң бұзушылықтарды осы жылдың қаңтар айында ғана анықтаған. Сосын Бас прокуратураның заңсыз иеленген мүлiктi мемлекет меншiгiне қайтару туралы өкiмiн орындаған. Соған қарамастан сот шешімімен мерзім қалпына келтіріліп, қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылды.
Сот шешімімен сатып алу-сату шарты бұзылып, Серікжан Сейітжановтың компаниясынан 2 миллион теңгеге жуық мемлекеттік баж өндірілді.
Мұз сарайы ақыры қала меншігіне айнала ма, ол жақын арада белгілі болады. Бірақ балалар мен жасөспірімдер хоккей командалары, мәнерлеп сырғанаушылар және басқа да спортшылар мұнда жаттыға ма, жоқ па әлі белгісіз. Мұз айдыны қазір еріген және келушілер үшін концерттік орын ретінде қызмет етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте белгілі олигархтың иелігінде болған "Мұз сарайы" мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік.