Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нәресте өлімі, балабақшаға кезек пен мектептердің саны: Еліміздегі балаларға қатысты статистика

балалар туралы статистика
Фото: ЖИ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мереке аясында елімізде балалардың қаншалықты қорғалғаны және оларға жағдай қалай жасалғанын анықтап көрдік. Қазақстандағы туу көрсеткіші мен нәресте өлімі, балабақшаға кезек және білім алуға қолжетімділік деңгейі туралы мәліметтерді ұсынамыз.

Биыл қанша сәби дүниеге келді?

2025 жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келді, оның 51,5% ұлдар, 48,5%-ы қыздар екен.

Биыл туғандардың 61,2%-ы немесе 205 мың сәби қалада, 38,8% не 130 мың бала ауылдық жерлерде туған.

Бала туу көрсеткіші бойынша 3 өңір көш бастады:

  • Түркістан облысы – 48 мың сәби немесе 1000 тұрғынға 22,22 бала;
  • Шымкент – 1000 тұрғынға 21,76 бала;
  • Маңғыстау облысы – 17 160 нәресте немесе 1000-ға шаққанда 21,40.

Бір қызығы 2022 жылдан бері елде бала туу саны азайып жатыр. 2024-те елде 365 900 нәресте, 2023 жылы 388 428, ал 2022 жылы 403 893 сәби дүние есігін ашты. Әрі жоғарыда аталған үш өңір бала туу көрсеткіші бойынша алдыңғы шепті бермей келген. 

туу көрсеткіші
Фото: Stan.kz

Нәресте өлімі деңгейі

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда нәресте өлімінің деңгейі – 1000 тірі туғандарға шаққанда 5,85 жағдай. Яғни бір жылда 1969 нәресте шетінеп кетті.

1 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітімнің басым бөлігі халық саны көп өңірлерде байқалды. Мәселен Түркістан облысында – 325, Алматы облысында – 176, Алматыда – 155, ал Шымкент пен Жамбыл облыстарында 150 нәрестеден шетінеді.

Ұлытау облысында 24 нәресте өлімі, Солтүстік Қазақстанда – 29, Ақмола облысында 36 сәби өлімі тіркелді. 

Дегенмен 1000 балаға шаққанда нәресте өлімі Қызылорда, Жетісу және Ұлытау облыстарында өте жоғары:

  • Қызылорда облысы – 7,34 (130 нәресте шетінеген)
  • Жетісу облысы – 7,13 (77 шетінеген)
  • Ұлытау облысы – 7,11 (24 шетінеген).

1000 балаға шаққанда сәби өлімі ең төмен көрсеткіштер Ақмола облысында (4,04 – 36 сәби өлімі), Астанада (4,13 – 110 сәби өлімі) және Алматыда (4,84 – 150 өлім) тіркелді.

48,1% (912 сәби) жағдайда олар перинаталдық кезеңде шетінеп кеткен. Яғни шала туу немесе босану кезіндегі асқынулардан болды. 

  • Туа біткен даму ақауларының үлесі – 19,9% (379);
  • Тыныс алу ағзаларының аурулары – 7% (115);
  • Инфекциялық аурулар – 6% (114);
  • Жазатайым жағдайлар – 4,6% (84).
өлім себептері
Фото: Stan.kz

Соңғы бес жылдағы динамика тұрақты түрде төмендеп жатыр. 2025 жылы 1960 нәресте шетінесе, 2024 жылы – 2524, 2023 жылы – 2998, 2022 – 3154, 2021 – 3732 сәби қаза болды.

өлім динамикасы
Фото: Stan.kz

2024 жылы 1000 сәбиге шаққанда өлім деңгейі – 6,80. Бір жыл бұрын ең жоғары көрсеткіштер Қызылорда (1000 туғанға шаққанда 8,7), Батыс Қазақстан (7,5), Солтүстік Қазақстан (7,1) және Абай (7,1) облыстарында тіркелді.

Ал әдеттегідей Алматы мен Астана мегаполистерінде өлім аз, 1000 туғанға шаққанда 4,5 болған. 

Балабақшаға кезек

Республика бойынша 12 мыңға жуық балабақша бар, оған 1 миллион бала барады. 

Кезекте тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқытумен қамту үлесі 96%-ға жетті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл "Ақша балаға беріледі" қағидаты негізінде ваучерлік қаржыландыру механизмін өңірлерде масштабтау арқылы балабақшаларға кезек 2 есеге дейін азайды.

Ал былтыр қамту үлесі 86,3% болды. 2024 жылы 8,7 мың балабақша болған, ал 214 мың бала кезекте тұрды. Қазір елімізде 84 мың бала балабақшаға кезекте тұр. Демек, балабақша кезегіндегі балалар саны шамамен 60,7% азайған.

Соның ішінде биыл кезекте тұрған бала саны бойынша Алматы (40,7 мың бала), Астана (23 мың бала) және Қызылорда облысы көш бастады. Алайда оқу-ағарту министрлігі әр аймақтағы кезек саны туралы ақпарат әлі дайын емес екенін мәлімдеді. 

Ал мектепалды даярлық сыныптарында 167 мыңнан астам бала оқиды.

Мектепке кезек

Қазақстанда 2025 жылғы есеп бойынша 3,9 миллион оқушыны қамтитын 8 мыңнан астам мектеп бар. Оның ішінде 3000 мектеп – бір ауысымда, 5000-нан астам мектеп – екі ауысымда, 49 мектеп – үш ауысымда білім береді.

Ал 2024 жылы 6,9 мың мектеп болған. Оның 4,6 мыңы екі ауысымда істеді. 

Үш ауысымды мектептер үлесі – 1%. Олардың басым бөлігі Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1200-ден астам мектеп салынды. 2023–2024 жылдары 510 мың орынға арналған 422 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 

Үйірмелерге қатысу үлесі

Республика бойынша 380 бағытта 132 128 үйірме мен секция жұмыс істейді. Оған 3,5 миллион бала қатысады. Яғни оқушылардың 90%-ы қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде 2,2 миллионы үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатысады.

1,8 миллион бала спортпен тұрақты айналысады. Елімізде 922 дене шынықтыру клубы жұмыс істейді.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 7 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Оларға 220 мыңнан астам бала тегін қатысады. 

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 01 Маусым, 2026 10:00