Германиялықтар Олимпиада ойындарының өткізілуіне қарсы дауыс берді

Гамбург тұрғындары референдумда Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы шықты. Дауыс берушілердің басым бөлігі бұл ірі спорттық шараны қалада ұйымдастыру идеясын қолдамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Десе де, Германияның Мюнхен, Берлин және Рейн-Рур өңірі Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер қалалар қатарында тұр. Ал Гамбург бұл бәсекеден шығып қалды.
Дауыс беру толық саналып бітпей тұрып-ақ қала мэрі Петер Ченчер референдум нәтижесінің айқын екенін мәлімдеді.
“Дауыс беруге қатысқандардың 54,9 пайызы Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы болды”, – деді ол.
Саясаткер референдум қорытындысы туралы спорт ұйымдарының өкілдеріне хабарлаған. Осылайша, Гамбург Олимпиада ойындарын өткізуге берген өтінімін кері қайтарып жатыр.
Чечнер дауыс беру нәтижесінің осылай болғанына қатты өкінетінін жеткізді.
Басылымның мәліметінше, референдумда Гамбургтің 16 жастан асқан 1 315 800 тұрғыны дауыс беру құқығына ие. Сайлау комиссиясының дерегіне сәйкес, олардың шамамен 650 мыңы немесе 49,5 пайызы дауыс берген.
Хабарланғандай, Гамбургтің 2036, 2040 немесе 2044 жылғы Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге берген өтінімі қабылданбағаннан кейін Германия атынан үміткер болу үшін Мюнхен, Берлин және Рейн-Рур өңірі өзара бәсекеге түседі. Тиісті шешім биылғы 26 қыркүйекте қабылданады.