Мәселені шұғыл шешу қажет - Мәжілісмен қант бағасының өсіміне қатысты
Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, оның ішінде қант бағасының өсуіне қатысты наразылық білдірді. Ол бұл мәселені шұғыл шешу керектігін айтып, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
7 маусымдағы жағдай бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері 19,9%-ға қымбаттаған. Оның ішінде қанттың бағасы жыл басынан бері 61%-ға көтерілген. Баға әр аймақта келісіне 600-900 тг айналасында құбылып тұр. Одан бұрын, қантты барлық дүкендерден таба алмайсыз.
"Төрт ай бұрын басталған қант мәселесі халық арасында әлі дүрбелең тудырып отыр. Өйткені қант бағасы шарықтап, 1 келісі 600-900 теңге аралығында сатылуда. Оның үстіне қант тапшы, кез келген дүкеннен таба алмайсыз, тек белгілі бір сауда орындарында ғана сатылып жатыр.
Осының салдарынан қант тұтынатын отандық өнім өндіретін кондитерлік шағын кәсіпкерлерді айтпағанда, ірі кәсіпкерлердің өзі жабылуда. Мұндай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бұдан әрі өсе берсе, ел арасында үлкен дау-дамайға айналуы мүмкін. Мәселені шұғыл шешу қажет", - деді Қаратаев Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Экономикалық түрлі санкцияларға байланысты барлық логистика бойынша порттар және тағы басқа көліктер бос емес. Оның үстіне еліміздегі банктердің шет елмен жұмыс істеу үшін қаржы операциялары ұзаққа созылуда. Осы ретте депутаттар отандық тасымалдаушы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қант тасымалдау мерзімін 6 айға дейін ұзартуды ұсынды.
Сонымен қатар, қанттың жылдық қажеттілігін ескеріп, тарифтік жеңілдікті 550-600 мың тоннаға дейін арттыруды орынды деп санайтынын жеткізді.