Марат Омаровтың бірінші әйелі: Енем мені жақтырмағандықтан бізді ажырастырған еді, өмірден озарда кешірім сұрады
Шаттық Назарова Марат Омаровпен не себепті ажырасып кеткенін бұған дейін де бірнеше рет айтты. Зарина Омарованың анасы отбасының бұзылуына енесін кінәлайды. Алайда ене мен келін кейіннен татуласып, кешірім сұрасқан.
Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасында айтылды.
Шаттық Назарова Марат Омаровтың бірінші әйелі. Зарина Омарованың анасы. Қызын бала күнінен өнерге баулып, ауыр күндерде де, қуанышта да қасынан табылған жан.
"Мен Мараттың анасына ұнамадым ба, әлде мінезіміз сәйкес келмеді ме, әйтеуір Маратпен ажырасып кеттік. Енем ұлына Шымкенттің қызын алып бергісі келді. Солай ажырастық. Бірақ балаларын әкесіне жақын қылып өсірдім. Олардан айырмадым. Керісінше мәжбүрлеп әкесіне жіберуші едім. Балалары әкесін сағынатын, іздейтін, кейде қызғанатын, өкпелейтін. Мен бір отбасында жалғыз қыз болғандықтан, балаларымның жалғыз өскенін қаламадым. Әйтеуір қызықты да, қиындықты да көріп осы күнге жеттік. Енем өмірден озарының алдында кешірім сұрады. Көрісіп, сөйлестік. Сенен асқан келін жоқ екен деп ағынан жарылды. Сол кездегі әрекеттері үшін кешірім сұрады", - деді Шаттық Назарова.
- "Аса қатты сыйласамыз деп айта алмаймын": Марат Омаровтың үш отбасының қарым-қатынасы қалай?
- Марат Омаровтың құпиясы: Сазгердің тағы бір қызы бар болып шықты (фото)
Ата-анасының екі жаққа кеткені бала Зарина үшін де оңай тиген жоқ.
"Әкем іс-сапарға көп кетуші еді. Ол кезде танымал әнші. Біз анам, әжем бәріміз үйде қаламыз. Бір күні үйде үлкен ұрыс болып, әкем мен әжем үйден кетіп қалды. Ол әлі есімде. Анама ауыр болды. Бізге көмектескен бір Алла. Анам аяққа тұрғызды. Жұмыс істеді. Ақша тапты. Кейін мен де әншіліктің көмегімен ақша таба бастадым. Анама мың қарыздармын. Ал әжемнің сүйікті немересі едім. Еркелетіп өсірді. Әжем жақында өмірден өтті", - деді әнші.
Зарина Омарова ең алғаш 12 жасында концерт беріп, оқушы шағында 10 мың долларға дейін ақша тапқан. Тіпті бала күнінен киноға түсті. Алғашқы махаббаты сонау мектеп жылдарында қалған. Сезімі үшін төбелеске дейін барыпты. Әнші ыстық естеліктерін еске алып, қызықты оқиғаларын бөлісті.
"Мектепте 8-сынып оқып жүргенде 11-сынып оқушысына ғашық болдым. Бақыт деген жігіт еді. Гитарамен ән айтатын. Маған көңілін білдіріп, қол ұстасып жүрдік. Оның маған дейін сөйлесіп жүрген сыныптас қызы бар екен. Ол маған тиісе бастады. Бір күні кездесетін жерді белгілеп, төбелесуге бардық. Бақыт үшін төбелестік. Бірақ Бақыт келіп мені алып кетті. Кейін мектеп бітіргенде мен әнші болып кеттім. Шетелге кеттім. Солай ұмытылып кетті. Бірақ алғашқы маххаббат деген ерекше сезім ғой", - деді әнші.
Зарина Омарованың Бақыт есімді ғашығы бүгінде дін жолында. Сондықтан эфирге шығудан бас тартып, алғашқы махаббатына сәлем жолдаған екен. Балалы-шағалы, бақытты ғұмыр кешуде.