Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында сынықшыға барғаннан кейін қолынан айырылған баланың анасы: "Құдайға шүкір, айыппұлмен құтылдық"

6 маусымда Ақпан Абдуллах велосипедтен құлап, қолын жарақаттады. Дәрігерлерге барудың орнына, ата-анасы баланы емшіге апаруды жөн көрді. 10 күннен кейін қолы асқынып, дәрігерлер баланың қолын ампутациялауға мәжбүр болды. Ойланбай жасаған әрекеті үшін ата-анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қолынан айырылып қалған баланың оқиғасы ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына түсті. Іс Жаңаөзен қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиясына тапсырылды. Отырыс қорытындысы бойынша баланың ата-анасы айыппұлмен құтылды.

"Барлық тараптар тыңдалды. Отбасы ауылдағы ең үлгілі отбасы екенін, ал балалар оқуда және спортта өзін табысты көрсететінін ескере отырып, біз ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес баланың ата-анасына айыппұл салуға шешім қабылдадық. Айыппұл мөлшерін сот анықтайды", – делінген Маңғыстау облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Комиссия шешімімен баланың анасы да қуанады. Ол өзінің эмоциясын әлеуметтік желілерде білдірді.

"Құдайға шүкір, біз айыппұлмен құтылдық. Ең бастысы, бізді ата-ана құқығынан айырмады. Отырыстан кейін өзімді нашар сезіндім. Мүмкін, қатты толқудың салдарынан. Бірақ бәрі біз үшін сәтті аяқталды", – деді баланың анасы.

Еске салсақ, Маңғыстау облысында 8 жасар бала сынықшының салғырттығынан бір қолынан айырылды. Кейіннен баланың анасы желіде үндеу жасап, емшіге ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Оны жауапкершілікке тартпайтынын жеткізіп еді. 

Талқылау