Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құмар ойынға тіккен": Қазақстандық полицей ауылдастарын алдап 31 миллион теңгелерін иемденген

Қостанай облысы Денисовский аудандық сотында бірнеше рет алаяқтық әрекеттерін жасаған бұрынғы учаскелік полиция инспекторына қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Bonesearch.com

Облыстық сот мәліметінше, 2022 жылдың қазан айынан бастап 2023 жылдың маусым айына дейінгі аралықта Денисовский ауданы Перелески ауылы мен Крымское ауылында полиция капитаны өзінің ауылдастарын алдау және сеніміне қиянат жасау жолымен түрлі жалған сылтаулар айтып, екінші деңгейлі банктерден несие алуға көндірген. 

Осылайша айыпталушы ұрланған қаражатты букмекерлік кеңседегі және бес лотерея клубындағы ойындарға тіккен. Сондай-ақ басқа азаматтарға берешегін өтеген. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 31 миллион теңгеден астам.



Сотта сотталушы өз кінәсін мойындады. Ол істеген ісіне өкінетінін айтты.

“Іс бойынша жәбірленушілердің көбі соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және үш кішкентай баласының болуын ескерді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде антын бұзған адамның құқық бұзушылық жасауы ескерілді”, – делінген сот хабарламасында.

Соттың үкімімен учаскелік полиция қызметкері үш жыл бір ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтеу жазасына кесілді.

Сотталушы "полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бұрынғы үш полиция қызметкері 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде азаптауды қолданғаны үшін сотталғаны туралы жазған едік. 

Талқылау