"Күйеуім мүгедек, балам күйіп қалды": Алматылық көпбалалы ана қазақстандықтардан көмек сұрайды
Әйгерім Жұбаниязова – бес баланың анасы. О баста ел қатарлы өмір бастағанымен, кейін күйеуі мүгедек болып қалған. Ал баласы ыстық суға күйген. Қазір күйеуіне ота жасату үшін қомақты қаржы керек, алайда отбасы мұны қалтамыз көтермейді дейді. Тағдырдың ауыртпалығынан шаршаған ана жомарт жандардан көмек сұрауға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almаty арнасына сілтеме жасап.
Әйгерім мен Марғұлан 2008 жылы отбасын құрған. Тәтті шақтың дәмі тез кетіп, қызығы қиындыққа ауысатынын олар ол кезде, әрине, білген жоқ. Әуелі Әйгерімнің бір өкпесі жұмыс істемей қалады. Екінші өкпесінен екі тесік табылады.
Өз дертіне ем іздеп жүргенде күйеуі құлаған. Марғұланның диагнозы – ми-қан тамырларының аневризмасы. Ол 2016 жылдан бері 5 ота жасатып, мүгедектік статусын қиындықпен алды. Екеуі еміне дауа таппай жүргенде үйдегі бала қайнап тұрған суға күйіп қалған. Ота жасатуға тағы да қаражат тапшы.
"Баламды қарататын шынымды айтсам, қаражатым жетпейді. Аллаға шүкір, балаларыма ақша аламын, бірақ жалдап тұрып жатқан пәтерге 45 мың теңге төлеймін. Электр энергиясын қосқанда 50 мың болады", – деді көпбалалы ана Әйгерім Жұбаниязова.
Отбасының оңалмай тұрған хәлін көріп, көп адам үйін жалға беруден де қашатын көрінеді. Бұған қарамастан әйел қазіргі баспанасына көңілі толатынын айтады.
"Арманым жетеді. Үй алу, машина алу, жұмысқа тұру, бәрін армандаймын. Қызымды да ұяға қондырып, ұлымды да үйлендіріп, жақсылық көрсем деймін", – деді Әйгерімнің жұбайы Марғұлан Саурықов.
Отағасы әлі-ақ сауығып кететініне сенеді, жарын жақсы көреді, ертеңгі күнге үміт артады. Алды ес жиған 3 ұл, 2 қыздың қызығын көрсем деп армандайды. Ал күйеуін де, баланы да бағып отырған ананың өзі көптен көмек сұрауға мәжбүр.
Kaspi Bank
4400 4301 7013 7373
+7 700 724 96 50 – Айгерім Жұбаниязова.