Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне тас тиеген 200 жүк көлігі өтеді": Түркістан облысының тұрғындары Араб шейхтарына наразылығын білдірді

Түркістан облысы, Отырар ауданы Балтакөл ауылының тұрғындары ауыл іргесінде Біріккен Араб Әмірлігінің азаматтары құрылыс жұмыстарын бастағалы орталық көшеден күніне 200 жүк көлігі өтетінін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан алынған кадр

Тас, цемент тасыған көліктер дәл мектеп алдынан дамылсыз жүріп жатқанына халық наразы. 

"Біріншіден, сондай ауыр заттардың кесірінен жолдан айырылайын деп тұрмыз. Екіншіден, олар тоқтаусыз маршрутсыз жүріп жатыр. Қайтар кезде бәрі жас балалар бір-бірімен жарысады. Қара халықтың ертең жолы кетеді. Жол кеткен соң такси бағасы қымбаттайды. Такси бағасы бұған дейін 600 теңге еді, қазір жолдың нашарлығына байланысты тағы 200 теңгеге көтерілді", - деді ауыл тұрғыны Ғазиз Жұманбалаев. 

Табысхан Шаймерденов есімді тұрғынның үйінің қақпасын бір-бірімен жарыса жүйткіген жүк көліктердің бірі қағып, майыстырып кеткен. Ол кісі жағдайды әкімдікке жеткізіпті. Бірақ шенеуніктер шетелдік инвесторларға тісіміз батпайды деп шығарып салыпты.

"Регламент деген жоқ. Демалыс деген жоқ бұларда. Күнімен-түнімен жүреді. Арабтар әуежай салып жатыр дейді. Оған пәленбай тонна тас кетеді", - деді ауыл тұрғыны Табысхан Шаймерденов. 

Шағымын білдірген халықпен кездесуге ауыл әкімі келді. Ол елдімекен іргесінде Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар ұшып-қону алаңын салып жатқанын растады. Сейітхан Ателов айналма жол салу жоспарда бар екенін жеткізді.

"Бұл мекеме мемлекет аралық келіп жатқан инвестор. Кеше мердігер басшылары 4 ай көлемінде тас тасимыз деп отыр. Тасты жинап аламыз. Одан кейін аэропортқа тасимыз деп отыр. Енді біз талап бойынша ауылды айналып өтетін қара жол салып алыңдар деп айтамыз. Ұсынысымыз осы", - деді Балтакөл ауылының әкімі Сейітхан Ателов. 

Дамылсыз жүрген жүк көліктерінен мезі болған жұрт ақыры дегеніне жетті. Өйткені, халық наразылығынан соң көліктердің қозғалысы тыйылып, айналма жол құрылысы басталған екен. Алайда, ауыл әкімінің сөзін аудан әкімдігі жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, Отырардан шетелдіктерге ешқандай жер жалға берілмеген. Шенеуніктер бұл маңда жол құрылысы жүргізілетінін мәлімдеді. Бірақ, оның қай бағытқа апаратынын сол күйі айта алмады. 

Талқылау