Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне он өлік шығарады": Тұрғындар ауруханада науқастарға дәрігерлер қарап жатқан жоқ деп ашулы

Коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен тараздықтардың туыстары наразылық білдірді. Олардың айтуынша, науқастарға дұрыс қарамай жатқан көрінеді. Құр әкеліп, қамауға қолдан беріп, өлтіріп аламыз ба деп абыржулы.

Расымен де дәрігерлер ағзасынан "КОВИД-19" анықталғандарды қарамай жатыр ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Елдің бәрі қабыладу бөлімінде жатыр. Ешкім қарамайды! Ешкім укол салып жатқан жоқ. Ешкім жәрдем беріп жатқан жоқ!», - деді қала тұрғыны Ляйсан Жақыпова. 

«Өліп баратырмын мама! Мені түрмеге неғып әкеп тастадың деп жылап жатыр балам менің», - деді тұрғын Жанар Әбдікерімова.

«Бес күн болды осы жерде жүрмін суббота күнінен бері, охранниктер біледі. Осы жерде қонып жүрмін машинаның ішінде. Күніне он өлік шығарады мынаның ішінен. Реанимациядан», - деді тұрғын Ескендір Насыров. 

70-тегі анасын екіжақты пневмониямен осында жатқызған Ляйсан апай енді өкініп жүр. Не тест жоқ, не дәрі жоқ, кеше түннен бері ем түгілі ешкім келіп халін сұрамапты.

«Звондап сұрадық, мама азанға дейін бірдеңке салынды ма деп. Ештеңе салынып жатқан жоқ дейді. Қазір міне онда ма келдік. Оннан бері әлі жүрміз. Қайтадан звондап сұрадым, мама бірдеңе салынды ма деп, уже жылап тұр: Пожалуйста, ақшаңды берсең де бірдеңе салдыртып берші дейді, уже жылап тұр!», - деді Ляйсан Жақыпова.

Ішке кіріп, анасының аузына су да тамыза алмайды. Алты сағат қабылдау бөлімінде отырып әрең жатқызған анасын үйіне әкетейін десе, темір тордан ешкім кіріп-шыға алмайды. Ем-дом жасамаса да, ақ халаттылар дәрі-дәрмек жоқ деп, бәрінің қолына бір-бір тізім ұстатыпты. Осыны әкелсеңдер туыстарың аман қалады дегенге ұқсайды. Бұны бәрі растады.

«Сенбіде әкелгем мен мамамды. Әлі анализ ала алмай жатырмын. Диагноз әлі қойған жоқ, емі әлі бастаған жоқ. Рентгенге апарғанмын, екіжақты пневмония деді. Сонымен мына жаққа әкелді. Түк укол салып жатқан жоқ дейді. Қазірдің өзінде звондап тұр, ақшасын берсең де не естесең де, маған демікпені уколын салғыз дейді. Өліп бара жатырмын дейді. Дем ала майды, сөйлей алмайды, телефонмен сөйлесе алмайды", - деді тұрғын Ескендір Насыров.

Бәрінің айтқаны осыған саяды. Дәрі де жоқ, бәрі де жоқ, әйтеуір қақпаны күзеткен жұрт. Артқы есіктен қашан және кімнің ақ мата жамылған туысы шығар екен деген қорқыныш.

«Кеше скорый шақырдық. Скорый кислород қойып, алып кетті баланы. Кешке дейін осы жерде бес сағат отырғызды. Әрең қабылдады. Қабылдағаннан кейін балам бірнәрсе істеді ме, мама ештеңе істеген жоқ! Мама ешкім қарамайды, ешкім қарамайды дейді. Өлсем үйде өлейін де дейді балам!", - деді қала тұрғыны Жанар Әбдікерімова. 

Араға адам салып, құзыретті пайдаланып, ақыры ақ жағалы біреуді алдырдық іштен. Түк болмағандай көздері төңкеріліп, түсінбесе де түсіндіруге тырысты. 200 науқастың жетеуі жансақтау бөлімінде деді.

«Осындағы қажетті емнің бәрі іште жатқан науқастардың барлығына жасалынып жатыр. Біздің даже ШУМ болып кетеді. Дәрігерлер өздерінің жұмыстарын жасап жатыр. Біз шақыртып жатырмыз, даже басқа ауруханалардың дәрігерлерін алып қойып жатырмыз. Соңғы уақытта науқастардың санының көбеюіне байланысты біз жан-жақтың поликлиникаларының дәрігерлерін, мынау қасымыздағы аурухананың дәрігерлерін өзімізге көмекке шақырып жатырмыз барлығын», - деді облыстық көп бейінді балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Сейдахмет Шыныбеков.

Бір ұққанымыз бұл мекеме емдейтін орын емес, науқастарды жағдайына қарай бөліп, басқа жерлерге жіберетін уақытша бокстар екен. Бірақ маман тапшылығын жасырмады. Басқасының бәрін жоққа шығарды. Әйтеуір дәрі-дәрмек әкел деген ақ халаттыларды анықтап, өзім сөйлесемін деген уәдесін алып қалдық.

Талқылау