ҚР бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановтің қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады
Нұр-сұлтан қаласында ҚР ҚІЖК 128-бабы тәртібінде бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ел ішіндегі тәртіпсіздік кезінде өз міндетін атқармағаны үшін ұсталып, қамауға алынғаны туралы мәліметтер тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Нехабар” телеграм арнасына сілтеме жасап.
ҚР аумағындағы қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздік және терроризм актілері бойынша қылмыстық істерді тергеу кезінде ҚР бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қиын сәтте өзінің қызметтік міндеттерін орындамағаны анықталды.
19.02.2022 ж.аталған факті бойынша ҚР Бас прокуратурасымен ҚК-нің 452-бабы биліктің әрекетсіздігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мұрат Бектанов қаңтар айында қорғаныс министрі қызметінен босатылған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев министрлік басшысының командирлік қасиеттерін көрсетпегенін мәлімдеді.
"Министр Бектанов қиын сәтте командирлік қасиетін көрсеткен жоқ. Командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығулар барысында жақсы нәтиже көрсеткен армияға ие бола отырып, біз қиын жағдайда оның әлеуетін пайдалана алмадық және сырттан көмекке жүгінуге мәжбүр болдық", – деді президент.