Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда бұрынғы және қазіргі шенеуніктер соттасуда

Қостанайда шенеуніктер соттасып жатыр. Аймақтағы атқамінердің бірі әлеуметтік желі арқылы атышулы мәлімдеме жасаған экс-басшыны сотқа берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Рустам Садықов қара басының емес, халықтың қамын ойлаймын деп басын дауға қалғанын айтады. Экс-шенеунік Заречный елді-мекенінің аумағынан құм қазуға рұқсат бермегені үшін істі болған. Карьердің жұмысына ауыл тұрғындары да наразылық білдірген. Өйткені ол маңда оба індетінің қорымы бар.

Алайда алматылық компания үш рет өтінім жазып, ақыры аумаққа рұқсат алған. Ал Рустам Садықовқа кәсіпкерлікке кедергі келтірді деген айып тағылып отыр.

"Жоба экспертизадан өткен кездеғ сонда жергілікті қауыммен келісу керек дегені бар. Соны өтпеген ол компания. Сондықтан егерде уақытында бәрі істелінсе, халықпен келіссе осы жағдай болмас еді", - деді экс-шенеунік Рустам Садықов.

Қостанай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары құм карьеріне лицензия берген мемлекеттік мекеменің "бармақ басты, көз қысты"жасағанын айтады. Бірақ табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы рұқсат құжаты заң шеңберінде берілгенін мәлімдеп отыр. Ал ведомство басшысы экс-шенеунік Садықовты әлеуметтік желі қолданушыларын адастырып, мемлекеттік қызметкердің ар-ожданына нұқсан келтіргені үшін сотқа бергенін айтты.

"Оның айтқанының барлығы мемлекеттік қызметкер ретінде менің ар-ожданыма, қызметтік беделіме нұқсан келтіреді. Біз барлық құжаттарды заң шеңберінде бердік. Нақты сол құм карьеріне қатысты. Экпертиза өткізілген. Ешқандай сұрақ туындауы тиіс емес. Заңдылықты негізге ала отырып тікелей өзім сотқа талап –арыз түсірдім", - деді Қостанай облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Мұрат Шайымов.

Талқылау