Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорғауға міндетті және қорғайды": Адвокаттар алқасы Бишімбаевтың қорғаушыларына қысым көрсетуді тоқтатуды талап етті

Республикалық адвокаттар алқасының президиумы экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі аясында мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы сот

Адвокаттар алқасының президиумы кез келген адам қорғалуға лайық екенін баса айтты.

"Демократиялық құқықтық мемлекетте кез келген адамға білікті заң көмегін алу құқығына кепілдік берілген. Ол қандай ауыр қылмыс жасады деп айыпталса да, адвокаттар оны бұл айыптаудан заңмен тыйым салынбаған барлық әдістермен қорғауға міндетті.

Қылмыстық процеске қатысушы тұлғаларға көмек көрсету – адвокаттың кәсіби міндеті. Ол қоғам мен мемлекеттің өз қорғауындағы адамға деген көзқарасына қарамастан орындауға міндетті", –  делінген хабарламада.

Мәлімдеуінше, қорғаушының дауысы айыптаушы тараптың даусымен бірдей естілетін жерде ғана әділдік болады. Олар тең болған кезде ғана сот бұрмаланбайды дейді.

"Адвокаттар бұл қызметті атқара отырып, еркіндік пен тәуелсіздікке ие болуы керек. Сондықтан заң оларға тиісті құқықтар мен міндеттер береді және олардың мәртебесін қорғайды.

Жоғарыда аталған себептерге байланысты адвокаттар Бишімбаевты заңға және кәсіби этика нормаларына сәйкес қорғауға міндетті және қорғайды", – делінген хабарламада.

Президиум жәбірленушілердің немесе қоғамның сотталушыға деген өшпенділігін оның қорғаушысына көрсетуі дұрыс емес деп санайды.

"Біз адвокаттарға кәсіби міндеттерін орындауға байланысты қысым көрсетуді тоқтатуға шақырамыз", – делінген хабарламада.

Талқылау