Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қордайдағы қақтығыс: Үш күдіктіге қатысты сот үкім шығарды

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай ауданындағы болған қақтығысқа қатысқан үш адамға үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сот 2020 жылғы 7-8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарының аумағында болған қақтығыстар кезінде зорлық-зомбылық, өртеу, қирату, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қарулы қарсылық көрсету жағдайлары орын алғанын еске салды. 

Сотталушылардың біреуі тәртіпсіздіктерге қатысқаны және ұрлық жасағаны үшін сотталды. Екіншісі тәртіпсіздіктерге қатысқаны, тонау, қарақшылық шабуыл, мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін жазасын өтейді. Үшіншісі жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін, екі және одан да көп адамды өлтіргені үшін бас бостандығынан айырылды. 

"Сотталғандар кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: жәбірленушілер мен куәгерлердің, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдана отырып жауап алынғандардың айғақтарымен; сот-медициналық және басқа сараптамалардың қорытындыларымен; оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, олардың айғақтарын тексеру және нақтылау, беттестіру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", – делінген хабарламада. 

Сотталушылардың бірі 6 жылға, екіншісі 11 жылға, үшіншісі 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Талқылау