"Көбі жер сілкінісіне төзімсіз деп танылған": Алматы әкімдігі қаланың көркі үшін 7 жарым мың адамның үйін сүрмек
Алматы билігі қаланың әдемілігі үшін 7 жарым мың адамды көшіріп, олардың үйін сүретін болды. Бастаманы мәслихат депутаттары толық қолдаған. Енді 2030 жылға дейін кемінде 676 ескі баспананы бұзу жоспарланып отыр. Әкімдік мәліметінше, ол жерден көшірілген тұрғындарға жаңа пәтерлерден орын беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматының сәулетіне қатысты бағдарлама 1930-1980 жылдар аралығында бой көтерген екі қабатты баспаналарға қатысты. Өткен ғасырда салынып, бұзуды қажет ететін ғимараттар қатарында жеке тұрғын үйлер, өнеркәсіптік және коммерциялық нысандар бар. Әкімдіктің хабарлауынша, жер сілкінісіне төзімсіз деп танылған үйлерді де сүру жоспарланып отыр.
“Бұзуға жіберсін, бірақ қолайлы үй берсінші. Осы жердегі адамдар риза болатындай. Жергілікті тұрғындарға сол маңызды. Ал анау берген ұсыныстары, жағдайлары ұнамайды. Ұсынып жатқан үйлері дұрыс салынбаған дейді”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Дәурен Қуанышов.
“Айырбастауға берген үйлер қаланың сыртында, ал сатып алуға бергісі келіп отырған сомасы нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен. Сондықтан әзірге келісімге келе алмай отырмыз”, – деді тұрғын Светлана Образцова.
Әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, қазір ұсыныстың бірін қабылдап ескі баспананы босатып жатқандар бар. Ал қарсылық танытқан мүлік иелері жобаға тартылған инвесторлардың өзімен келісіп, шешімге келсе болады дейді.
“Бағдарламаның бұған дейінгі 2021-2025 жылға арналған жоспары аясында жұмыс істеліп жатыр. Жаңа өзгерістер енді біздің өкілетімізді арттырып отыр. Жоба ескі үйлерге ғана емес, жекеменшік секторларға да қатысты. Негізі жалпы 1300-ден астам үйді жаңарту көзделген”, – деді "Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны" ЖШС реновация департаментінің директоры Жасұлан Шәйкенов.
Қала билігінің хабарлауынша, қазір Алматыда тозығы жеткен 1366 сейсмикалық қауіпті үй бар. Онда жалпы 43 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Ескі баспананың көбі Түрксіб ауданында орналасқан. Жалпы саны 580-нен асады. Сол себепті бағдарламаны іске асыруда басымдық дәл осы аймаққа берілмек.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы мәслихаты жаңа тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасын бекітті. Ол шамамен 700 ғимаратты сүруді көздейтіні туралы жазылған еді.