Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада санитар Қызыл кітапқа енген үкіні құтқарды

Қызылордада санитар маман Қызыл кітапқа енген үкіні құтқарып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

санитар мен үкі

Бұл туралы Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз-хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook парақшасында жазды. 

Сәкен Ділдахметтің айтуынша, облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығының қызметкері Бақытгүл Қарғабаева қалада кетіп бара жатқанында әлсіреп қалған үкіні көрген. Сөйтіп санитар құсқа жаны ашып, мамандарды шақыртқан. 

"Біздің қызметкерлер айтылған жерге дереу келіп, құсты тексерді. Үкінің жағдай дұрыс, қанаттары сынбаған. Тоңып немесе шаршап қалған сыңайлы. Ондай болып тұрады. Үкінің бұл түрі Еуразияда мекендейді. Шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық Қазақстанда орналасқан дала мен тауларда таралған. Атап айтсақ, Арал маңында, Бетпақ-дала, Маңғышлақ, Үстіртте кездеседі", - деп жазыпты Сәкен Ділдахмет.

Мамандар құсты қауіпсіз жерге орналастырып, сауығып шыққан соң бостандыққа жіберіпті. Табылған үкі Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардың бірі екендігі анықталған. 

Құстар, әсіресе үкінің бұл түрлері көктемде шөпті өрттегендіктен жиі қырылады екен. Бұған қоса сирек кездесетін үкілер қатты аяздың құрбанына айналатын көрінеді. Кейбір кездері олар бір-бірінің етін де жейді дейді комитеттің хатшысы. 

"Құрметті достар, егер әлсіреп қалған жабайы аң көрсеңіздер жанынан өтіп кетпей, көмектесуге тырысыңыздар. Қазір суық аязда оларға сіздердің көмектеріңіз ауадай қажет. Бақытгүлден үлгі алыңыздар", - деп жазыпты Сәкен Ділдахмет. 


 

Талқылау