Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кісі өлтірген азамат қоғамдық жұмысқа тарту жазасымен құтылып кеткен": Марқұмның туыстары сот шешіміне наразылығын білдірді

Алматы облысы, Есік қаласындағы мейрамхана алдында қаза тапқан азаматтың жақындары марқұмның өліміне кінәлі адам бостандықта жүр деп қапалы. Себебі кісі өліміне айыпты адамға қоғамдық жұмысқа тарту жазасы ғана тағайындалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынған скрин

2024 жылы 22 ақпанда Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Октябрь Сатыпалдының қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Алдымен Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі бұл істі "адам өлімі" дерегімен тіркеген. Алайда 13 қазанда қылмыстық кодекстің 106 бабы “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бойынша қайта дәрежелеген.

Бұл қылмыстық іс кейін бірнеше айға тоқтатылады, қысқармайды. Қайта тергеуге алынып, 104-бапқа ауыстырылады. Бұл – қылмыстық кодекстің абайсызда болған адам өлімі. Сотқа қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша жеткізіледі. Бірақ сот алдымен күдікті, кейін айыпталушы болған азаматқа "қоғамдық жұмысқа тартылсын" деп үкім шығарыпты.

Арда азаматынан айырылған қаралы отбасы мүшелері "төрт бала әкесінен, әйелі отағасынан айырылды. Ал оның өліміне себепші адам тек қоғамдық жұмысқа тартыла ма деп ашынып отыр.

Марқұмның ағасы Төлеухан Сатыпалдыұлы Астанада тұратын інісінің Есік қаласына жездесінің қазасына келіп, сол күйі оралмай адам қолынан қаза тапқанын айтады. Айтуынша 2022 жылдың қазан айының сегізі күні достарымен бірге Колибр мейрамханасына барады. Алайда ауыр соққы алған жеті баланың әкесі ауруханада көз жұмады. 

“Күдікті бұрын мұндай іспен шақырылмаған, бір жыл жеңілдік береміз. Арғы жағында бір жылын қоғамдық жұмыс атқарып өтейді дейді. Бұл не сұмдық. Адам өліп жатыр, әділдік жоқ”, – деді марқұмның балдызы Жандос Мағзұмов. 

Ал сот үкімін шығарған судьяның хатшысы сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, әзірге пікір білдіре алмаймыз деді. Оқиға болған “Колибр” мейрамханасының қызметкерлері болса ол уақытта жұмыс істемегендерін айтты. Ал мекеме басшылығы жұмыста жоқ екенін айтып, бұл жағдайға пікір білдіруден бас тартты. 

Ал заңгер Ғабит Өмірбектің айтуынша, қылмыстық кодекстің 104 бабында қоғамдық жұмысқа тарту деген жаза жоқ.

“Егер де кінәлі адамның іс-әрекеті қылмыстық кодекстің 104 бабымен дәрежеленген болса және ол қылмыстық істі жүргізу барысында дәлелденсе соттың үкіміне сәйкес үш жылға дейін бас бостандығынан шектеледі немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ол 104 бапта нақты бекітілген. Ол жерде қоғамдық жұмысқа тарту немесе айыппұл салу деген жоқ. Егер 104 бап немесе 293 баппен тіркелсе, 293 баптың бірінші тармағында екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру, не 2000 АЕК айыппұл салады немесе түзету жұмыстарына салады” , – деді заңгер Ғабит Өмірбек. 

Сондай-ақ заңгердің айтуынша, марқұмның қазасы абайсызда қаза табуға мүлдем келмейді. 

“Өйткені бұл жерде төбелес болып отыр. Абайсызда деген итеріп жібергенде құлап өлу. Ал қасақана жұдырықпен ұру қасақана зиян келтіру ойы болған ол адамда. Демек қылмыс тіркеген күннен бастап дұрыс баппен дәрежеленбеген. Сол үшін мұны тергеу барысында дәлелдеу қажет еді. Бұлар 104 бапты айыптау актісіне жазбаған. Судья тек 293 баппен шешім шығарған деп ойлаймын. Бұл кісілер әділдік орнату үшін апеляциялық сотқа шағым түсіру керек. Апеляциялық сот бірінші сатыдағысоттың шешімін күшінде қалдырса, жоғарғы сотқа шағым жазу керек. Жоғарғы сот апеляциялық соттың шешімін заңды деп таныса, Бас прокуратураға протест енгізу туралы өтініш хат жазуы керек. Бас прокурордың істің күшін жойып, протест жазып, қайта тергеуге жолдауға құзыреттілігі бар”, – деді заңгер. 

Талқылау